• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 11 Желтоқсан, 2023

Аутизм орталығы ашылды

202 рет
көрсетілді

Таразда аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған орта­лық ашылды. Қазақстан бойынша бесінші болып есігін айқара ашқан орталық «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан хал­қына» қорларының демеушілігімен ел игілігіне беріліп отырға­нын айта кеткен жөн. Дерекке жүгінсек, ғимараттың жаңарты­луына «Қамқорлық» корпоративтік қоры да қолдау көрсеткен.

Аутизм дертіне душар болған балаларға бұған дейін де көмек көрсетіліп келген. Дерекке жү­гін­сек, жаңа орталықта 1,5-18 жас аралығындағы 125 бала өз ісінің шебері саналатын мамандар тарапынан тегін көмек алмақ. Сондай-ақ олардың ата-аналарына да түрлі деңгейде қолдау көрсету жағы қарастырылған.

Орталықтың ашылу салтанатына өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан хал­қына» қоғамдық қорының бас­қарма төрағасы Болат Жәмі­шев, «Самұрық-Қазына» қоры кор­поративтік басқару, әлеу­меттік-еңбек қатынастары жө­нін­­дегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова қатысты.

«Билік тарапынан балаларға, қарияларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдан кел­генше қолдау көрсетіліп жатыр. Оларға қоғамда тең жағдай қалыптастыру үшін жергілікті ат­қарушы билік те мүмкіндігінше жұмыс атқарып келді. Балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің де, азаматтардың да асыл борышы екені даусыз. Сондықтан біз бұл мәселеге басымдық бе­ріп отырмыз. Президент тапсыр­ма­сына сәйкес өңірде мүмкін­дігі шектеулі жандарға көмек көрс­ету мақсатында біраз тірлік тынды­рыл­ғанын айта кеткен ләзім. Жал­пы, облыста 45 мыңнан аса мүге­дектігі бар азамат тіркелген. Оларды қол­дау мақсатында 3,5 млрд қаржы қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уа­қытта да жал­ғасады», деді Е.Қара­шөкеев.

Іс-шара барысында сөз алған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Самұрық-Қазына» қоры корпоративтік басқару, әлеу­меттік-еңбек қатынастары жө­ніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов, «Қамқорлық» корпоративтік қорының директоры Арайлым Еркінова аутизм дертіне шалдыққан балалардың толық­қанды сауығуы үшін орта­лық мамандары және қоғамның қолдауы ауадай қажет екенін атап өтті. Өз кезегінде өңір басшысы Е.Қарашөкеев орталықтың ашылуына мұрындық болған барлық тарапқа алғысын білдірді.

Жаңа орталықта логопед, де­­фек­толог секілді өзге де ма­ман­дар жұмыс істейді. Олар ерек­­ше балаларға ава-терапия, му­зыкалық терапия, сенсорлық интеграция, эрготерапия, кинезиотерапия, бейімделген және ем­дік дене шынықтыру, еңбек терапиясы, арт-терапия, әлеуметтік-тұр­мыстық бағдарлау бойынша сабақтар өтеді екен. Мамандар әр баланың қабілеті мен қажет­тілі­гіне сәйкес әдіскерлер арнайы әзірлеген бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізеді.

Орталық директоры Рашида Каримова жаңа нысанның 125 балаға арналғанын айтып отыр. Оның сөзіне сенсек, орталықта аутизмі бар балаларды емдеуге қажетті барлық жабдық бар.

«Біздің орталықта 30-ға же­­те­­ғабыл түрлі кабинет бар. Мұн­­­дағы кабинеттің бар­лығы қажетті жабдықтармен жабдық­тал­ғанын айта кеткен жөн. Бір сөзбен айтқанда, балаларды са­уықтыруға қолдан келген­ше жағ­дай қарастырылғаны қуантады. Орталық қызметкерлері өз қыз­метін медициналық-әлеу­меттік сараптаманың қоры­тынд­ысы негізінде және оңал­ту­дың жеке бағдарламасына сәйкес атқарады. Жамбылдықтар ұзақ уақыт күткен орталықтағы мамандар ерекше балаларға қолдан келген көмегін көрсетуге әзір», дейді Р.Каримова.

 

Жамбыл облысы