Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Соған сәйкес депутаттардың талқылауына трансферттік баға белгілеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасы трансферттік баға белгілеу саласындағы заңнаманы жетілдіру, әрі капиталдың елден шығарылуын бақылау шараларын күшейту мақсатымен әзірленген. Бұл халықаралық іскерлік операцияларда және олармен байланысты мәмілелерде мемлекеттік кірістің азаюын болдырмауға оң әсер етеді.
Депутаттар алдағы жалпы отырыста 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жобасын да қарайды.
Сонымен қатар Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алады. Олар «Акваөсіру туралы» заң жобасы, ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша түзетулер мен бірқатар халықаралық келісімді ратификациялау туралы.