• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 12 Желтоқсан, 2023

Мал шаруашылығындағы Аустралия тәжірибесі

314 рет
көрсетілді

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістерін зерттеу үшін отандық делегация аталған елге сапар шекті. Оның құрамына аграрлық бизнес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Түркістан, Қостанай, Алматы және Жетісу әкімдіктерінің басшылығы кірді. Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды.

Аустралия – жаһандық экспорттаушы: қой еті экспортының үлесі бойынша – бірінші орында, ал сиыр етінің экспорты бойынша – екінші орында. Оның 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мем­лекеттік қолдау көрсетілмейді. Отан­дық мамандар аустралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жет­кізгенін анықтады.

Бірінші кездесу «Оңтүстік Ауст­ра­лияның мал шаруашылығы» ірі салалық ұйымымен, MLA (Meat and Livestock Australia) тең құрылтайшысымен өт­ті, соңғысы Оңтүстік Аустралиядағы 3,5 мыңнан астам сиыр және қой етін өндіруші, сондай-ақ 6 мың қызыл ет пен жүн өндірушінің мүдделерін қорғайды. Ұйым ет және жүн өнеркәсібінің тұ­рақ­­тылығы мен өнімділігін арттыру мақ­сатында жұмыс істейді, өндіру­шілердің мүдделерін қорғайды, оларды оқытумен айналысады, арнайы қорды басқарады. Қауымдастық өкілдері ұлттық және өңір­лік деңгейдегі фермерлерді қолдау шара­лары мен міндеттелген алымдар, жұмыс істеу әдістері туралы айтып берді. Биоқауіпсіздік пен малды бақылау – бірінші орындағы мәселе.

Бізден барған мамандарды ауыл шаруа­шылығын жүргізудің озық әдістері­мен таныстыру халықаралық оқу орталығында, Аделаида университетінің Roseworthy кампусында жалғасын тапты. Университет құрғақ климатта ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған. Roseworthy кампусы – Оңтүстік Аустралиядағы жануарлар мен ветеринарияны зерттеудің негізгі орталығы. 1,6 мың га аумақты алып жатыр. Онда студенттерге бірден практикалық тәжірибе алауға мүмкіндік беретін арнайы ферма бар.

Отандық мамандарды мал өсіру және күтіп-бағу тәсілдері, жемшөп рационы және т.б. көптеген мәселе қызықтырды. Атап айтқанда, экспорты жақсы дамыған ел бола тұра, олар мал басын өсіруге асық­пайды, себебі климаттың нашарлауын ес­кере отырып, жерді құнарынан айыр­ғысы келмейді.

 

* * *

Сондай-ақ сапар барысында ел делегациясы Аустралиядағы ірі ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндірушілердің бірі – «Eders» компаниясының басшы­лығымен кездесті.

Компания аустралиялық фермерлерге қызмет көрсетудің кең спектрін ұсына­ды – агрономиялық консалтинг, мал шаруа­шы­лығы бойынша кеңес беру, көмір­тегі ша­руа­шылығы, ауыл шаруашы­лығы­н­дағы цифрлық технологиялар, геномика, мал, астық және жүн сатып алу және сату жөнін­дегі агент­тік қызметтер, сақтандыру, ауыл­дық жыл­жымайтын мүлік туралы қолдау көрсетеді.

Elders жыл сайын шамамен 1,3 – 1,7 миллион ірі қара мал сатады. Бұл сол елдегі сатылым жалпы айналымының шамамен 12%-ын құрайды. Сондай-ақ жылына 10 млн қой сатады, бұл нарықтың шамамен 20%-ын құрайды. 

Қызыл ет пен дәнді дақылдар – Аустра­лиядағы ауыл шаруашылығының ең тиімді бағыттары. Жыл сайын дәнді дақылдар сату шамамен 13 млрд долларға бағаланады. Аустралияда 22 мыңға жуық компания өсімдік шаруашылығымен айналысады, егіс алқабы – шамамен 20 млн гектар, негізінен бидай, арпа, рапс, сұлы, жасымық, бұршақ өсіріледі. Астық өнімдерінің 65%-ы экспортқа шығарылады. 2023 жылы бидай жинау – шамамен 25 млн тоннаны, арпа 10 млн тоннаны құрады.

Аустралияның экспорттық нарығы өте үлкен және ішкі нарықты жақсы қамта­масыз етеді, дейді Elders. Орташа алған­да, елдегі 1 адамға 1 тонна астық өсірі­леді. Қазақстан – аустралиялықтардың пікірін­ше, әлемдегі бидай өнімділігі жоғары елдердің бірі. Компанияның қазақстандық серіктестермен фермаларды нөлден бастап құру бойынша тәжірибесі бар.

«Қазақстанда қызыл ет индустриясын жаңарту бағдарламасы жүріп жатқан кезде біз «Солтүстік Агро» компаниясы­мен жұ­мыс істедік. Қарабалықта (Қостанай облысы) екі компания іске қосылды: «Солтүстік-Агро» және «Терра». Сол­түстік Агроға біз Канада, АҚШ және Ауст­ра­лиядан 4,5 мыңға жуық Ангус сиырларын әкелдік. Сондай-ақ 6 мың гектарға жуық шаруа қожалығына егіс алқаптарын ұйымдастырып, жазда мал өсіруге арналып қоршалды. Қыста мал шаруашылығын қамтамасыз ететін өн­дірістік бордақылау алаңы және бар­лық қажетті инфрақұрылым салынды. Барлығы нөлден бастап жасалды. Жақсы бордақылаудың арқасында қыста мал қатып қалмады. Біз малды дұрыс азықтандырамыз – бұл біздің әдісіміз. Аустралияда ыстық температурамен байланысты мәселе көп, ал Қазақстанда – температура күрт өзгереді. Менің ойым­­ша, сіздердің елдеріңізде бәрі сіздер қала­ғандай болуы мүмкін. Сіздерде жер, инвес­тициялау мүмкіндігі бар, сіздер орталықта орналасқансыздар, көптеген елді тамақтандыруға болады. Ең бастысы – сауданы жолға қою», деп атап өтті Elders кеңесшісі және агроменеджер Брюс Крик.

«Қостанай облысында бізде 20 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Біз 12 жыл бұрын Аустралияда болдық, тәжі­рибе жинадық, өйткені мұндай қар­қын Қазақстанда жоқ еді. Ал бүгінде біз­дің бордақылау алаңымыз еліміздегі ең ірі алаң болып отыр», деді «Терра» компаниялар тобының серіктесі Қайыржан Наурызғалиев.