Лирикалық әндерімен талай жүректі тербеген композитор Мэлс Өзбековтің шығармашылық мұрасы мәңгі өлмесі анық. Әйгілі «Гауһартас» фильмінде шырқалған «Келші, айым» әнін қазіргі кезде түрлі дауыстағы әншілер орындап жүр. Одан бөлек «Келші, Құланға» әні туған жері құландықтардың Гимніне айналып кеткен.
Біршама уақыт бұрын белгілі композитордың өшпес мұрасы тасқа басылып, «Мэлстің музасы» атты жаңа жинақ жарық көрген болатын. Өнер иесінің шығармашылығына арналған, замандастарының естеліктері жинақталған жаңа кітаптың таныстырылымы әдеби-сазды кешке ұласты. Іс-шараны Мэлс Өзбековтің рухани інісі, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев жүргізіп отырды.
Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен іс-шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қазақ өнерінің төрінен ойып тұрып орын алған Мэлс мұрасын жаңа буынның жадында жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Ақын Шырын Мамасерікова, «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Қасымхан Төлендиев естеліктерімен бөлісті.
Бұл күні Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншілері Мэлстің бірнеше әнін нақышына келтіре шырқаса, мәдениет саласының үздігі Оңал Азаматова Дүйсенәлі Бықыбаевтың әніне, Арғынбай Бекбосынның сөзіне жазылған «Мэлсті аңсау» әнін орындап, жиналған жұрттың жанарына жас үйірді.
Кейіннен Мэлстің жерлес інілері мен бауырлары іс-шараға арнайы қатысқан мәртебелі меймандардың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Олардың қатарында екі мыңыншы жылдары Тұрар Рысқұлов ауданының тізгінін ұстаған кезде идеология жөніндегі орынбасары Дүйсенәлі Бықыбаевтың ұсынысы негізінде аудандық мәдениет үйіне Мэлс Өзбековтің есімін беруге ықпал еткен Қасымхан Төлендиев те бар.
ТАРАЗ