• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 12 Желтоқсан, 2023

«Қазақ стилінің» жұлдызды сәті алда

145 рет
көрсетілді

Иә, «Жәнібек Әлім­ханұлының жұлдызды сәті алда» деп айту­ға барлық негіз бар. Се­бебі бұған дейін тек есімі қалың көрерменге беймәлім боксшылармен жұдырықтасқан 30 жастағы жерлесіміз орта салмақтағы WBO мен IBF нұсқаларының алтын белбеуін иеленгеннен кейін оның беделі күрт артты. Енді ол абсолютті әлем чемпионы атануды көздеп отыр. Ал ол үшін Жәнібекке тек мықтының мықтыларымен ғана күш сынасуға тура келеді.

БАҚ өкілеріне берген сұх­баттары немесе әлеуметтік же­лілер арқылы көпшілік алдына шыққанда «Qazaq Style» деген жанама есімді таңдаған Жәнібек үнемі қандай дүлей күш иесі болса да, жанын салып жұдырықтасуға әр кез даяр екенін айтудан жалықпайды. Ол даңқы дүркіреп тұрған дүлдүлдердің біразын жекпе-жекке шақырды. Шыны керек, қазақтың қайсар ұлымен бетпе-бет келуге қаймыға ма, әлде басқа да себептері де бар ма, әйтеуір белді боксшылар Әлімханұлының бұл ұсынысына құлақ асар емес. Десек те жуырда ғана АҚШ-тың гүрзі жұдырықты жігіті Джермалл Чарло орта салмаққа қайта оралып, әлем чемпионымен кездесуге «кет әрі» емес екенін мәлімдеді. Ал сол боксшы жайында біз не білеміз?

Джермалл Чарло 1990 жыл­дың 19 мамырында АҚШ-тың Техас штатындағы Ричмонд қаласында дүниеге келді. Жанама есімі – «Темір адам». Егізі Джермелламен бірге ол спорттық мансабын әуелде әуесқой бокс­тан бастады. Екеуі де АҚШ құ­рамасы сапында бірқатар халық­аралық жарыстарда табысты өнер көрсетіп, болашағынан зор үміт күттіретін былғары қолғап шеберлері ретінде танылды. Десек те, олардың аңсары кәсіп­қой рингке ауды. Бұл ретте де ағайындылар толымды та­быстарға қол жеткізді.

Жәнібекпен жекпе-жекке шығуға келісімін берген Джер­малл кәсіпқойлар арасындағы өзінің тұсаукесер кездесуін 2008 жылдың қыркүйек айында өткізді. Сол кезден бері 33 мәрте шаршы алаңға шығып, барлық қарсыласынан басым түсті. 22 бәсекелесін нокаутқа жіберді. 2015 жылы IBF нұсқасының бірінші орта салмақтағы және 2018 жылы WBC нұсқасының орта салмақтағы чемпиондық белбеуін иеленді. Өзіне тиесілі сол атақтарды ол бірнеше рет сәтті қорғады. Чарло кезінде Корнелиус Бандрейдж, Остин Траут, Джулиан Уильямс, Хорхе Хейланд, Матвей Коробов, Брэндон Адамс, Деннис Хоган, Сергей Деревянченко және Хуан Масиас Монтиель сынды саңлақтарды сабады.

Екі жылдан аса уақытқа со­зылған үзілістен кейін Джер­малл Чарло шаршы алаңға қайта оралып, үстіміздегі жылдың 25 қарашасында Лас-Вегаста өзінің отандасы Хосе Бенавидесті ұпай санымен ұтты. Барлық үш төреші «Темір адамның» мықтылығын бірауыздан мойындады. Бұл жағдай Джермаллдың әлі де бабында екенін аңғартса керек.

Қазіргі кезде Жәнібек Әлім­ханұлының орта салмақта WBO мен IBF нұсқалары бойын­ша әлем чемпионы екенін жо­ғарыда айттық. WBC-тың алтын белбеуі Джермалл Чар­лода. Егер осы жекпе-жек жуық арада өтетін болса, он­да жеңіске жеткен боксшы бір­ден үш бірдей чемпиондық атақты иеленеді. Осы орайда біз Жәнібекке зор сенім артып отырмыз. Қандасымыз қар­сыласын қапы қалдыруға тиіс. Онда оның жолында тек Эрисланди Лара ғана қалады. Қазіргі кезде Кубаның қабыланы WBA-ның теңдессізі деп танылып отыр. Бірақ оны да ұтуға болады. Кезінде бұл боксшының Бақыт Сәрсекбаевтан екі рет таяқ жегені жанкүйерлердің есінде. Яғни Лара қазақтардың жұдырығы жойқын екенін жақ­сы біледі. Олай болса, Жәнібек Әлімханұлына ақ жол тілейік. Алаштың бір азаматы бекзада өнер – бокстан әлемнің аб­солютті чемпионы атанып жат­са, біздер үшін бұл үлкен мәр­тебе болар еді.