• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Шымкент 13 Желтоқсан, 2023

Академияның филиалы ашылады

145 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен Шымкент қалалық әкім­дігінің ұйымдастыруымен мегаполисте «QazScience: жас ғалымдар слеті» өтті. Іс-шараның барысында оңтүстік өңірде академияның филиалын­ ашу жөнінде маңызды шешім қабылданды. Жас ғалымдар жиынында «Ғы­лым­ мен бизнестің интеграциясы: өңірлік индустриялардың өсу жолы», «Тех­но­ло­гия­­дағы инновация: жас ғалымдар үшін перспективалар мен міндеттер» және «Ғылыми революция майданындағы жас ғалымдар: ашылулар, қиындықтар, пер­спективалар» тақырыптары бойынша талқылаулар болды.

Слеттің салтанатты ашылу рәсімінде академияның президенті Күнсұлу Закарья ғылымның маңызы жөнінде сөз қозғады. Жастарды ғылым саласына бет бұруға шақырып, бұл бағытта мемлекет тарапынан қыруар жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Бүгінгі таңда академияда жас ға­лым­­дардың жұмыс топтары құрылған. Олар 10 бағыт бойынша ғылымды дамытуға жұмылдырылған. Жас ғалым­дардың саны шамамен 600-ден асады. Осыған дейін олардың қатысуымен 6 отырыс өтті. Сол жастардың белсенді тобын бүгінгі слетке шақырдық. Соны­мен қатар өңірлік ғылымды дамыту да – академияның маңызды жұмыстарының бірі. Әсіресе оңтүстік өңір үшін ерекше көңіл бөлмекпіз. Экономиканың басты қозғаушы күші, локомотиві ғылым болуы қажет. Ал ең бастысы ғылымды пайдаланып, жаңа өнімдер шығаруымыз керек. Сол себепті академия әр өңірдің экономикалық басым салаларын зерделеп, ғылыми бағыттарды айқындауға назар салып отыр. Бүгінгі таңда ғалымдар ойлап тапқан бірқатар жоба іске асуға дайын. Жобалар саны жүзге жуықтайды. Бұл бойынша әлі де ұсыныстар түсіп жатыр. Біз ол жобаларды облыстық және қалалық әкімдіктерге жолдаймыз.­ Осы ретте елдің өркендеуіне үлес қосатын бас­қа да маңызды дүниелер ойлап таба­тын жас ғалымдардың болашақ істе­ріне сенім артамыз. Ал слетте талқыланған мәселелер мен олардың шешімі, ұсыныстар тұжырым­далып, тиісті министрліктер мен Прези­дент әкімшілігіне жолданады. Ұлттық ғылым академиясының алдында тұрған үлкен міндет – ғылым арқылы адамдардың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық дамуды жаңа сатыға көтеру. Сол бо­йынша ауқымды жоспарлар қабылдап, халықаралық келісімшарттар түзіп, ілгері жылжу бағытында қадам басып келеміз. Ұлттық ғылым академиясы ұсыныс, пікірлерге әрдайым ашықтық қағидатын ұстанады. Жас ғалымдардың кез келген жобасы біз үшін маңызды», деді К.Закарья.

Ұлттық ғылым академиясы басшы­сы­ның сөзін қостаған қалалық ішкі саясат және жастар ісі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев «Жас ғалымдар мега­полисті «ақылды қалаға» айналдыру үшін келешекте бізге өте қажет болады. Ғылым­сыз прогресс жоқ. Шымқалада 8 жоғары оқу орны бар, онда 70 мың ұстаз сабақ береді, мегаполисті шынымен де оңтүстік өңірдің ғылыми көшбасшысы ету керек», деді.

Ұлттық ғылым академиясы басшы­сы­ның орынбасары, белгілі ғалым Асқар Жұмаділдаев академия мемлекет қарауына өткен соң көп нәрсе өзгергенін мақтанышпен баяндап берді. Сонымен бірге академия қоғамдық бірлестікке ауысқан 20 жыл ішінде көп нәрседен айырылғанын да қынжыла баяндады. Ғалым академияда ақылды жас азаматтардың көп екенін мәлімдеді. Бірақ ғылым саласында түпкі нәтижеге жету үшін бюрократиялық кедергілер жойылу керегін, сондықтан әділетті Қазақстанды құру маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ белгілі математик жас­тарды бос уақытын тиімді пайдаланып, ғылымды зерттеуге жұмсауға шақырды. Қосымша тіл үйреніңдер деп өсиет айтты. «Жастық шақтың бір міні – өтеді де шығады, сол үшін уақыттың бағасын әрдайым біліп жүріңдер», деп бар айтар ойын бір ауыз сөзбен түйіндеп берді.

«Біздің мақсатымыз – әділетті Қазақ­станмен бірге әділетті академия құру. Қоластымда шәкірт болып жүрген 250 студентім бар. Осыдан 20 жыл бұрын академия КСРО сарқыншағы деп қоғамдық ұйымға ауысқан еді. Отандық ғылымның кенжелеп қалуына сол шешім кері әсерін тигізді. 45 ғылыми институттың көбі сатылды, банкротқа ұшырады. Содан бүгінде 30-ы ғана аман қалды. Ендігі міндетіміз – соның бәрін қайта қалпына келтіру. Бөлісетін қуанышты жаңа­лы­ғымның бірі «Әл-Жәбірдің атасы» деген ғылыми журнал шығара бастадық. Алайда ғылыми мақала жаза алатын жас­тар жоқтың қасы. Осы жайт менің көңі­лімді түсіріп отыр. Әңгімемнің басын­да айт­қанымдай, академияда жастар көп. Маған қуаныш, үміт сәулесін сыйлайтыны да осы. Айналайын жастар, ғылымның қасиеттілігін ұмытпаңдар», деді ғалым.

Ал өңірге танымал кәсіпкер, «Саутс Ойл» компаниясының президенті, техника ғылымдарының докторы Серік­жан Сейітжанов Ұлттық ғылым акаде­мия­сының филиалы ашылса, оның жұмысын жүйелі жүргізуге уәде беріп, ғылыми базасы ретінде Оңтүстік Қазақстан меди­ци­налық академиясы кәдеге жарауға дайын тұрғанын жеткізді. Сонымен бірге кәсіп­кер медицина саласындағы жас ғалым­дардың тәжірибелік жұмыстарын іске асыруға жаңадан салынатын үлкен клиникалық аурухана көмегін бере­тінін айтты. Бұдан бөлек, бизнес өкілі Шым­кент қаласында, Түркістан облысында бірнеше маңызды жоба іске асып жат­қанын мәлімдеді. Соның ішінде мега­полистегі бұрынғы қорғасын зауы­ты­ның қалдықтарын қайта өңдеп, одан мыс, күміс, алтын концентратын алатын жобаның бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Түркістан облысында, елі­міз­дің шығыс өңірінде тау-кен қазба­­ла­рын өндіру мен одан химиялық өнім­дер­ шығару бойынша индустриялық-инно­­ва­циялық жобаларды да атап өтті. Осы­­ның бәріне жас мамандар қажет. Ма­­ман­дармен бірге келешекте отандық тех­­но­логиялар ойлап табатын білікті жас ға­лымдарға да сұраныс артпақ. Сондық­тан­ кәсіпкер қазақ ғылымының болашақ ірге­та­сын бүгіннен бастап қалау керек деді.

 

ШЫМКЕНТ