ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев туризм мен спортты дамыту саласында қабылдаған шаралар, келесі жылға жүктелген міндеттер турасында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда спортпен жүйелі түрде қанша адам шұғылданады? Бұл сауалға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 7,6 миллион адам деп жауап қатты. Бұл халықтың 38,5 пайызы деген байлам екен.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасын іске асыруға сәйкес, 2029 жылға қарай ел тұрғындарының жартысын қамту жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өскелең ұрпақтың спорттық әлеуетін дамытуға басымдық беріледі. Осыған байланысты мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру бойынша жұмыстар белсенді жалғасып жатыр. Биыл 250 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдар 43,2 млрд теңге бөлді. Нәтижесінде 220 мың балаға арналған ваучерлер іске қосылды, бұл 6 мыңнан астам спорт секцияcына тегін қатысуға жол ашты.
Туризм және спорт министрі спортты одан әрі дамыту үшін жаңа стратегиялық реформалар енгізілгенін қоса айтты. Мәселен, қазіргі таңда бас жаттықтырушыларды конкурстық негізде тағайындау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы мемлекеттік жаттықтырушылардың мәртебесін арттыру мәселесі талқыланып жатыр. Сонымен қатар халықаралық спорт ұйымдарында Қазақстан мамандарының өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыс күшейтіледі. Кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған лимит және спортпен шұғылдану үшін ең төменгі жас бекітіледі.
«Орта мерзімді кезеңде спорттың неғұрлым басым түрлері айқындалады. Бүгінгі таңда елімізде спорттың 180 түрі дамып келеді, олардың тек 59-ы Халықаралық Олимпиада комитеті тарапынан мойындалған. Халықаралық тәжірибе негізінде «тірек» спорты түрлерінің тізімін қайта қарау қажеттігі туындады», деді Е.Маржықпаев.
Мемлекет қаржыландыратын 180 спорт түрінің ішінде 59-ы олимпиада санатына енеді. Тізім қайта түзілгенде ұлттық спорт түрлері де сызылып кете ме деген көптің сауалына қатысты жауабында министр ұлттық спортқа нұқсан келмейтінін айтты.