Таиландтың астанасы Бангкокта Азия теннис федерациясының (ATF) бас сессиясы өтті. Осы жиында жерлесіміз Юрий Польский аталған ұйымның президенті болып сайланды.
36 жастағы Астана қаласының тумасы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, экономика ғылымдарының магистрі дәрежесін алды. 2014 жылдан бері Юрий Федорұлы Қазақстан теннис федерациясында түрлі басшылық қызметтер атқарды. 2019 жылы сол ұйым мен 2022 жылы құрлықтық федерацияның вице-президенті болып сайланып, осы спорт түрін дамытуға елеулі үлес қосты. Отандасымыздың ерең еңбегі мен іскерлік қабілетін бағалаған Азия құрлығының әр қиырынан келген делегаттар Польскийге осы аса жауапты қызметтің тізгінін ұстатты.
Бангкоктағы жиында Таиланд, Жапония және Шри-Ланка өз үміткерлерін ұсынған еді. Десек те солардың арасынан Юрий Польский лайықты деп танылды.