• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 13 Желтоқсан, 2023

Түрленген Алматы туризмі

223 рет
көрсетілді

Туризм берекелі сала болса да, жаһандық індет кезінде орасан шығынға ұшырады. Алайда әлемді шарлағанды, саяхатты сүйетін жұрт алыс жолға қайта қамданды. Егер туризм саласы қайтадан өрістей бастады десек, «мемлекетіміздің туристік биігіне ұмтылған Алматыда биыл қандай жұмыстар атқарылды?» деген сауал тумақ. Себебі Қазақстанға келген әрбір екінші турист осы мегаполисті айналып өтпейді.

Шеттен келетін туристер көп

Биыл Алматыға жолы түскен шетелдік туристердің 70%-ға жуығы Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдерден екенін айта кеткен жөн. Осы жылы қарашада Үрімжіде ШЫҰ аясында «Туризм жылы – 2023» форумы өткені белгілі. Оған қоса ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің биылғы отырысында 2023-2024 жыл­дарға арнал­ған төрағалық Үндіс­таннан Қазақстанға ауы­сып, Алматы қаласына мәдени және туристік астана мәртебесі беріл­ді. Мұның алғышарттары жет­кілікті, Алматы көрікті мекенге бай, тау кластеріне 20 ми­нутта жетіп баратын ерекше­лігімен қоса іскерлік, мәдени және спорттық туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Бүгінде Ал­ма­ты­ның 77 елмен 45 тікелей әуе қа­ты­насы мен визасыз режімі бар.

Қазіргі таңда Алматыда туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейге жақындады. 2023 жыл­дың 1 жартыжылдығында қалаға 261,6 мың шетелдік турист келсе, бұл 2018 жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстырғанда 62,8%-ға артық. Қазақстан мен Қытай арасы­на визасыз режімді енгізу, ШЫҰ-ның мә­дени және туристік астанасын Алматы деп жариялау, 2024 жылды Қытайдағы Қазақ­­станның туризм жылы деп жария­лау сынд­ы бірқатар халықаралық оқиға туризм­ді дамытуға серпін береді деген сенім бар.

Сонымен, 2023 жылдың тоғыз айында мегаполистегі туристер саны 17,5%-ға өсіп, 1,5 миллион­нан асты. Шетелдік туристер 51,5% болса, бұл шамамен – 410 мың адам. Сондай-ақ ішкі турис­тер саны 8,4%-ға ұлғайған. 2023 жылы қала билігінің туристер саны 2 миллионға дейін, шет­ел­дік ту­ристер саны 500 мың адам­ға дейін жетеді деген болжам болған.

«Туристер көптеп келетін мау­сымға орай, биыл 16 глэмпингке арналған эко-қонақүй мен 112 бөлмелі қонақүй ашылды. 847 орынға есептелінген 5 нысанның құрылысы, сондай-ақ 1 420 нө­мір­ден тұратын 10 нысанның жо­басы жүргізіліп жатыр», дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.

Алайда алдағы жылы өз мәр­тебесіне сай Алматыны мұнан да ауқымды жауапкершілік күтіп тұр. Мегаполис ішкі және сыртқы туризмді дамытумен қатар, тар­тымды, бәсекеге қабілетті турис­тік бағыт ретінде қаланың оң имиджін қалыптастыруды жал­ғас­­тыруға тиіс. Осы орайда 2024 жылы Алматыда шетелдік турист 520 мыңнан асады, 2030 жылға қарай миллионға жетеді деген жоспар бар.

ШЫҰ форумы аясында да тұрақты туризмді ілгерілетуге қа­тысты мәселелерді талқыға сал­ған екен. Бұл орнықты туризм, экологиялық тұрақты немесе жа­уапты туризм ретінде белгілі. Ту­ризмнің қоршаған ортаға кері әсе­рін азайту, биоәртүрлілік пен мәдени мұраларды сақтауда ша­ралар қабылдау, әлеуметтік қа­тынастар мен жергілікті ха­лық­тың әл-ауқатын дамыту қарас­ты­рылған.

Биыл туристерге жайлы болуы үшін Ақбұлақ, ҮАК және Мыңжылқыда 3 кемпинг аймағы құрылды. Шатырлар, төбесі жа­бық сәкілер, үстел-орындықтар қойылып, «Алтыбақан» стилін­дегі әткеншектер орнатыл­ды. Бұ­ған қоса Кіші, Үлкен Ал­ма­­ты, Проходное, Бутаковка шат­­­қал­дарын абаттандыру жұ­мыс­тары аяқталып, Қарғалы шат­қалы қолға алынды. Мар­шрут бойында навигациялық көр­­сет­кіштер, ақпараттық қа­быр­­ғалар, қалқандар, тіректер, түрлі түсті нұсқаушы белгілер, әй­­нектелген сәкілер, орындықтар, демалыс алаңдары, көпірлер мен қоршаулар орнатылып бітті.

«Жалпы, динамика туристер санының 25,5%-ға өскенін көр­сетеді. Келушілердің ең көбі, яғни 39,2%-ы – Ресейден, 9,2%-ы – Қытайдан, 7%-ы –Үндістаннан, 6,6%-ы – Түркиядан, 3,4%-ы – АҚШ-тан, 3,2%-ы – Оңтүстік Кореядан, 2,9%-ы – Өзбекстаннан, 2,8%-ы – Қырғызстаннан, 2,5%-ы Гер­маниядан келген», делінген қалалық туризм басқармасының хабарламасында.

 

Almaty PASS билеті мен туристік паспорт

Биыл «Recommended by Visit Almaty» өңірлік стандартын ен­гізу жоспарланған еді. «Almaty Tourism Bureau» басшысы Ка­мила Лұқпанова бұл бастама қыз­меттер сапасын жақсартып, сала субъектілерін біріктіруді көз­дей­тінін айтады.

Сонымен қатар PASS турисінің бірыңғай билеті іске қосылды. Бұл бағдарламаға енген көрікті жерлер мен экскурсияларға, мәдени және ойын-сауық нысан­дарына барған кезде уақыт пен қаражатты 50%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Суреттерде: «Медеу» мұз айдыны; «Visit Almaty» ақпа­рат­тық пункттерінде кез келген турист суретке түсе алатын сәнді шапандар пайда болды

Тағы бір бастама – туристің төлқұжаты. Оны «Visit Almaty» ақ­параттық орталықтарынан алу­ға болады. Паспорттың көме­гімен туристер оңай жүреді әрі қала­ның негізгі жерлеріне қалай бару керектігін біледі.

Сол сияқты Алматы мейрамханалары, дәмханалар, кофеханалар анықтамалығының баспа нұсқасы – гастрогид құру жолға қойылып келеді. Осы қараша айында «WHERETOEAT Kazakhstan» ат­ты алғашқы мейрамхана сый­лығы ұйымдастырылды.

Туристік көрмелер мен фести­вальдардың да туристер легін арт­тыруға өзіндік үлес қос­қа­ны­на тоқтала кеткен жөн. Мә­се­лен, биыл сәуір айында қалада Орталық Азиядағы ең ірі KITF-2023 «Туризм және саяхат» ту­ристік көрмесіне осы саланың 2 мыңға жуық өкілі, әлемнің 22 елінен 200 компания қатысты. Ал 29 қыркүйек 2 қазан аралығында «Mount-Fest» тау туризмі фес­тивалі өткізіліп, оған да 1 800-дей адам қатысып, екіжақты мә­­мілелер жүргізді. 10 қазанда халық­аралық сарапшылардың қатысуымен «Тұрақты қонақ­үйлер – туристік брендтің негізі» тақырыбында VI қонақүй форумы өтті. 4-5 қарашада халық­аралық деңгейдегі аспаздар, food-блогерлердің қатысуымен гас­трономиялық туристік фестиваль ұйымдастырылып, оған 15 мыңдай адам келді.

Алматының туристік компаниялары халықаралық бейін­ді көрмелер, роуд-шоу форма­тындағы іс-шаралардан қалмайды.

 

Туристер қателігі

Алайда туризм тақырыбын қозғаған кезде айналып өтпейтін мәселе бар. Оның үстіне Алматы – көбінесе белсенді демалғанды, тау-тас кезіп, шаңғы, коньки тебетіндерді тартатын қала. Бірақ ауа райының күрт суытуы абай болуды талап етіп отыр. Өйткені тек биылдың өзінде Алматы таулары мен облыс аумағында адасып кеткен 200-дей адам іздестірілсе, оның басым бөлігі туристер еді. Қыста қар көшкінінің жүруіне шаңғышылар мен сноубордшылар де себепкер болып жатады. Сондықтан кейінгі күндері тауда демалған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтау бұрынғыдан да өзекті болып тұр.

«Тауға шығуды жоспарламас бұрын алдымен жүру бағытын анықтап, адам санын есептеу керек. Алдағы сапардың ерек­шеліктерін толық ескерген жөн: шығатын, қайтатын уақыт, мар­шруттың күрделілігі және т.б. Бұл жерде жиі кездесетін қателік – жақындары мен таныстарға ескертпей, айтпай кетіп қалу. Төтенше оқиға орын алған жағ­дайда жоғалған адамды тезірек табу үшін маршрутты, тоқтаған орындарын анықтауға көп уақыт кетеді», дейді ҚР ТЖМ Рес­пуб­ликалық жедел-құтқару жаса­ғы­ның бас құтқарушысы Вадим Пак.

Одан кейінгі ең маңызды жайт – қажетті керек-жарақтардың әзір­лігі. Құтқарушылар әрбір ту­рис­тің қоржынында міндетті түрде тө­тенше жағдайларға арнал­ған алғашқы көмек қобдишасы, қосалқы батареялары бар шамдар, қуаттағыштар, су, жеңіл та­­ғамдар болуы керектігін ес­кер­теді. Таудағы ауа райы құ­был­малы болатындықтан, жылы киім-кешек артық болмайды. Тауда ауа температурасы қалаға қара­ғанда әлдеқайда төмен. Тә­­ж­ірибесіз туристердің көп жі­­бе­ретін қателігі – өздерімен бір­­ге жылы, ауыстыруға болатын киімдерді алып шықпайды. Биікке өрмелеген адам қатты терлейді, содан кейін жел, суық тиюі әбден мүмкін.

«Егер турист төтенше жағ­дайға тап болса, бірден 112 нө­міріне қоңырау шалу керек. Бай­ланыс болмаса, Алматы қала­сының әкімдігі мен ТЖД бірлесіп, қолайсыз ауа райында туристер уақытша паналайтын құтқару лашықтарын салған. Сол жерде көмек күтеді, яки түней алады. Күн шыққанда адаспайтын болса, сол маршрут­пен кері қайтқаны дұрыс. Құт­қарушыларды шақыру үшін лашықтарда көрсетілген телефон нө­мірлерін теруі керек», дейді мамандар.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Туризм кеңесі қала әуежайындағы такси қызметтерінің құнына талдау жүргізіп, араны ашылған такси жүргі­зушілерінің мәселесін реттеуге ұмтылып отыр. Сала­лық комитеттер тарифтерін ұсынып, әуежай аумағында такси ба­ға­лары көрсетілген тиісті стендтер ілінді.

 

АЛМАТЫ