Жетісу жерінде ондаған елдің өнерпаздарының басын қосқан айтулы өнер додасы өтті. Ісмерлердің еңбегі Талдықорған төрінде көпке ұсынылып, білікті қазылардың таразысына салынды. Алғаш ұйымдастырылған халықаралық «Жетісу өнері» көрмесіне жүзге тарта туынды ұсынылған. Ең ғажабы, жас дарындармен қатар көпке танымал қолөнер шеберлері де бақ сынады.
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, шеберлігімен талайды тамсандырған өнерпаздар жер-жерде бар. Олардың бұйымдарын көпке ұсынып, еңбектерін бағалау бүгінде кенжелеп қалды. Көркемөнер – сұлулықтың символы емес пе? Өкінішке қарай, нағыз өнерлі адамдар тасада қалып қояды. Олардың еңбегін елеп, қайталанбас шығармаларын насихаттау ел үшін маңызды. Осыны ескерген «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Талдықорғанда ұйымдастырылған халықаралық көрме жаңа есімдерді елге танытуға мүмкіндік береді.
Өнер додасына Ресей, Түркия, ТМД елдері және республикадағы білім шаңырақтарының көркем еңбек пәнінің ұстаздары қатысты. Іс-шарада шетелдік, ұлттық бейнелеу, сән және қол өнерінің туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өнер саласының даму деңгейі, бағыт-бағдары жайында мамандармен, өнертанушылармен, шеберлермен пікірлесті.
Шеберлер туындыларын қатар қойып, жетісулықтарға таныстырды. Бірінен-бірі өткен құнды дүниелер көздің жауын алып, таңдай қақтырады. Талдықорғандағы №10 орта мектеп ұстазы Талғат Сүлейменовтің тасқа салған суреттері көпті сүйіндірді. Ол майлы бояумен кішкентай тастарға табиғаттың, аң-құстың бейнесін әдептеген.
«Кейбіреулер үйінің жан-жағын көркемдеу үшін тастарға сурет салып беруімді өтінеді. Ерекше әдемі көрінеді. Бұған үлкен ыждағаттылық керек. Кішкентай бөліктерін салу қиынға соғады. Бірақ өнер деген сонысымен құнды, бағалы. Әрбір тастың энергиясын сезіну қажет, сонда шығармаңыз да көркем болады. Нағыз өнер қиыннан қиыстыруды, үйлестіруді, ұйқасты, түске мән беруді, әдемілікті талап етеді», дейді Т.Сүлейменов.
Өнерпаз осы күнге дейін мұндай халықаралық көрмеге қатысып көрмеген. Өнерін сынға салатын осындай рухани бәйгелер бұрын-соңды қалада болмаған. Бүгін бар туындысын ел алдына шығарып, құрмет-қошеметке бөленіп отыр. Осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушыларға риза.
«Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған шараға облыстық білім басқармасы, сондай-ақ мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсеткен. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қылқалам шеберлерінің басын қосу, оны жас ұрпаққа үлгі ету құптарлық іс. Рухани шараға жүзден аса туынды келген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтініш білдіргендер бұдан да көп болған екен.
«Тұңғыш рет ұйымдастырып отырғандықтан қалай өтеді деген қобалжу да болғаны рас. Қолөнершілер келмей қалса қайтеміз деген де қорқыныш болды. Бірақ республиканың түкпір-түкпірінен келуге ниет білдіргендер хабарласа бастағанда күмәніміз сейілді. Соңында мынанша дүниені қай жерге сыйдырамыз деп алаңдадық», дейді бірлестіктің төрағасы Қажет Андас.
Шараға келушілердің көңіл күйі жоғары. Бәрі бір-бірімен танысып, білісіп, өнерлерінің сыры туралы айтып, шүйіркелесіп қалды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, мұнда кіл жүйріктердің ішінен суырылып шыққан мықтыларын анықтау оңайға соққан жоқ. Қазылар алқасы біраз уақыт тер төкті. Бұра тарту болмады.
Қолөнершілер Шынар Темірәлина бала күнінен әжесінің қасында отырып, ою ойып, қуыршақтарға киім тіккен. 12 жасынан бастап, ересек адамдарға бас киім, қолғап тоқуды үйреніпті. Бүгінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. «Жетісу өнері» көрмесіне арнайы Ақтөбе облысынан келген.
«Жетісу жеріне келгеніме қуаныштымын. Әріптестеріммен танысып, алдағы күндерге жоспар құрдық. Бірлесіп атқаратын шаралар жайлы ақылдастық. Өнерімізді дамыту жолдарын ойластырып, атқарар жұмыстарды бір пысықтап өттік. Жұмысын осындай ауқымды шарадан бастаған қоғамдық бірлестіктің ісіне сәттілік тілеймін. Жақсы істің қанат жаятынына сенім мол», дейді қолөнер шебері Ш.Темірәлина.
Көрмеге қатысушылардың бәріне арнайы алғыс хат тапсырылып, барлық жеңімпазға естелік сыйлық берілді.
Жетісу облысы