• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 13 Желтоқсан, 2023

Математиктер шешімі

206 рет
көрсетілді

Алматы облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Олимпиадалық есептерді шешудің тиімді жолдары» атты екі күндік семинар-кеңес өтті. Оған негіз де жоқ емес. Осы жазда «Балдәуренде» академик Мұхтарбай Өтелбаевтың математикалық танымдық орталығы ашылған болатын.

Сол игі істің жалғасы іспетті се­минардың басты мақсаты – елі­міздегі білім беру саласында қызмет етіп жүрген ғалымдар мен мектеп мұғалімдері арасындағы қарым-қатынасты жүйелі жолға қойып, өзара пікір алмасып, ой бөлісу. Алқалы басқосуға ғалым­дар­мен бірге, әр аймақтан келген математика, физика және информатика пәндерінің 120-ға жуық мұғалімі қатысты.

Күмбірлеген күймен шымыл­ды­ғы түрілген тағылымы мол іс-шараға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, физика-математика ғы­лым­дарының докторы, профес­сор Мұхтарбай Өтелбаев құрметті қонақ ретінде арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ғұлама ғалым матема­тика ғылы­мы­на ден қойған ұстаз­дар­ға ақ батасын берді.

Бұдан соң «Балдәурен» респуб­ликалық оқу-сауықтыру орталы­ғы­ның бас директоры Сержан Әлібаев семинарға қатысу­шы­лар­ды құт­тық­таса, Ұлттық құн­ды­лықтар ака­демиясының мүшесі, мектепке дейінгі «Negesh» инно­вациялық дамыту кешенінің авторы, шебер-педагог, физика-астрономия пәнінің мұғалімі Ерұлан Жиенбаев «математика – ғылым­дар­дың патшасы» екенін айрықша атап өтті.

– Математикада бір ғасыр бұ­рын шешімін ғылыми жолмен табу ұсынылған әлемдегі ең күрделі 7 есептің бірін шешіп, дүниежүзі математиктерін мойындатқан Мұхтарбай Өтелбаевтың құрметіне ұйым­­дастырылған семинардың маз­мұны зор. Әлемге танылған ғалым арамызда отыр. Ол кісінің «Маған бірінші кезекте қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалым­дығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғалыммын. Мен үшін ға­лым­дығымнан бұрын ата­ дәс­тү­рім маңызды» деген жалынды сөзін шәкірттер санасына сіңіргеніміз жөн, – деді ол.

Шеберлік сыныптары мен пси­­хо­­ло­гиялық тренингтер, дөң­гелек үстел түрінде ұйымдас­ты­­­рыл­ған іс-шараға қатысушы мұға­­лім­дер пәндер бойынша топқа бөлі­ніп, ғалымдардың баяндамаларын тыңдап, дәріс алды. Өздерін тол­ғандырып жүрген мәсе­­ле­­­­­лер төңі­регінде пікір алмасты. Қы­­зық­­ты тақырыптарды арқау еткен семинар-кеңесті ұйым­дас­тырушыларға елі­міздің түкпір-түк­пі­рінен келген ұстаздар қауымы алғы­сын жау­ды­рып, аз күнде мол тәжіри­бе алған­да­рына ризашылық біл­дірді.

Іс-шара соңында терең білімімен танылған маңғыстаулық Әлібек Орақов, қарағандылық Ақниет Ілиясов, солтүстікқазақстандық Юлия Яковенко, физика пәні бо­йынша маңғыстаулық Алмагүл Көпжасарова, информатикадан жетісулық Гүлшат Қыстаубаева ерекше белсенділік танытып, Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы және Алғысхаттарымен ма­рапатталды. Сонымен қатар се­ми­нарға қатысушы екі жас маман Ә.Орақов пен А.Ілиясова «Балдәурен» оқу-сауықтыру орта­лы­ғының жазғы ауысымында де­малуға жолдама берілді.

 

Алматы облысы