Қарағандыда Кеңес Одағының батыры Нүркен Әбдіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен дәстүрлі халықаралық турнир өз мәресіне жетті.
55 кг салмақта тосын нәтиже тіркелді. Финалда әлем чемпионатының күміс және Азия біріншілігінің үш дүркін қола жүлдегері Қорлан Жақанша есімі көпшілікке беймәлім балуан Ерсін Әбиірмен белдесті. Атақты қарсыласынан еш қаймықпай күрескен Ерсін бұл бәсекеде басымдық танытып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
60 кг салмақта Айдос Сұлтанғалидың топ жаратынына күмәнданғандар көп еді. Себебі ол жарақатына байланысты ұзақ уақыт бойы емделіп, қатарға енді ғана қосылды. Соған қарамастан әлем чемпионатында қос қоланы олжалап, құрлық біріншілігінде алдына жан салмаған Айдос Қарағандыда қарсылас шыдатпады.
Өзге салмақ дәрежелерінде Дастан Зарлыханов (63 кг), Абылайхан Әмзеев (67 кг), Мерей Мәулітханов (72 кг), Ибрагим Магомадов (77 кг), Расул Жүніс (82 кг) және Ислам Умаев (97 кг) сынды жерлестеріміз жеңіске жетті. Ал бас жүлденің қалған екеуін ресейлік Кәрім Мұстахимов (87 кг) пен қырғызстандық Роман Ким (130 кг) олжалады.