Жетісудың қияқ пен ұшқат, жусан мен алаботасына дейін елжірей жырлаған Ілияс Жансүгіровтің мұрасының жаңа парағы ашылып отыр. Туған жерге деген перзенттік махаббаты, табиғатқа деген дарқан мейірі, парасат биігінде шалқыған көл-көсір сезімі архивтен ақтарылып жатыр. Күні кеше кинорежиссер Ербол Бораншаұлының жеке кітапханасынан құлагер ақынның төте жазумен жазылған «Өтірік» атты өлеңдер жинағы табылды.
Жетісу топырағында қоңыраулатып ержеткен ержүрек қаламгер осынау тұмсамен тұтаса тірлік кешіпті. Ғұмыр сүрдегіндегі қансіңді бейнетке малынған елінің тер мен жасын шылқи басыпты. Көрген қорлығы, кешкен бейнеті біз үшін көрген түстей болғанымен, артындағы қазынасы қанкешті ғұмырдариясының мәңгілік жаңғырығы. Содан да болар жаңа жинақтың табылғаны ілиястанушылар үшін ғана емес, қазақ оқырманы үшін де үлкен олжаға айналып отыр.
1927 жылы Мәскеу баспасынан шыққан кітап Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдеби мұражайға өткізілді. Бұл сүйінші хабарды мұражай меңгерушісі Нұргүл Жауынбаева Жетісу университетінде өткен «Жансүгіров оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында хабарлады. Оның айтуынша, бұл – бұрын-соңды ешкімнің қолына түспеген түпнұсқа кітап.
Жансүгіров оқуларына еліміздің түкпір-түкпірінен келген ілиястанушы ғалымдар мен студент жастар қатысты. Бұл келелі кездесуде Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығы жан-жақты талқыланды. Жиында баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Қияхметова бұрынғы зерттеу жұмыстарында табылған бірқатар дүдәмал деректі атап өтті.
– Батыр Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласында Ілияс деп көрсеткен 1914-1916 жылдар аралығында «Қаптағай» атты бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жарияланған, қазақ халқының империалистік соғысқа және әскери салық төлеуге қатысы туралы мақала Біләл Сүлеевке тиесілі. Ақын өмірбаянына сәйкес ол өзінің алғашқы мақаласын 1921 жылғы 22 наурыздағы «Жас алаш» газетінде «Замандастарына Жолдау» деп атайды. Ол туралы: «1931 жылғы «Жаңа әдебиет» журналының 6-7 санында жарияланған өмірбаянында Ілияс өзінің қалам жұмысына 1920 жылдан бастап араласа бастағанын жазған, – деді Ш.Қияхметова.
Сондай-ақ ол фотоархивтерде бейнеленген тұлғаларды сәйкестендіру арқылы өз дәлелін келтірді.
Пленарлық отырысқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Сәуле Ержанова, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, профессор Мұратбек Иманғазинов, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің доценті Ләззат Әділбекова қатысып, Ілияс мұрасының өзекті мәселелерін көтерді. Бұдай кейін Шара Қияхметованың «Ілиястану» оқулығының тұсауы кесілді.
Енді әңгіме ауанын Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейіне бұрсақ, 1984 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойына орай ашылған музей үйі 40 жыл бойы үздіксіз халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде музей қорында 6 мыңнан астам ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігер сақталған. Жылына 10 мыңға жуық көрермен музей жұмысымен танысып, тамашалайды. Мектеп оқушылары мен студенттер көптеп келіп, ақын Ілияс Жансүгіровтің өмірімен, шығармашылығымен танысып, оқу-танымдық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырады.
– Музей қызметкерлері іс-сапарға шығып, сирек қорлар мен архивтермен жұмыс істеп, деректер жинақтап, музей қорын толықтырады. Жыл сайын ақынның туған күнін, репрессия құрбаны болған азалы күндеріне арналған ақынды еске алу жиындарын өткізу дәстүрге айналған. Әрдайым түрлі тақырыптарда кездесулер мен мерекелік іс-шаралар, мүшәйралар мен байқаулар, дөңгелек үстелдер мен поэзиялық кештер өткізіледі. Биылғы жылы музейімізде еліміздің еңбек сіңірген геологі, ұлт әдебиеті мен тарихының жанашыры, ақын Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Ілиясұлының туған күніне орай «Тектіден қалған тұяқ» атты жаңа экспозиция ашылды. 2023 жылдың 26 қыркүйегінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Фатима Ғабитованың туғанына 120 жыл толуына орай «Өртеңде өнген гүл» атты кітабының толықтырылған нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған кітап музей қорына алынды. Сонымен қатар ақынның ұрпақтарымен кездесу барысында Ілияс Жансүгіровтің кенже ұлы, режиссер және сценарист Болат Ілиясұлының жеке заттары музейге тапсырылды, – дейді музей меңгерушісі Н.Жауынбаева.
Келесі жылы ақынның 130 жылдық мерейтойы мен әдеби музейінің ашылуына 40 жыл толады. Осы орайда музей үлкен дайындықпен ауқымды жоспарлар құрып отыр. Атап айтқанда, жер жәннаты Жетісу өңірін шексіз сүйіп, жырлаған жыр жампозының аса бай шығармашылық мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ақынның пейзаждық лирикасына жататын «қазақ поэзиясындағы ұлы жаңалық» болған аса көркем шығармасы «Жетісу суреттері» өлеңіне диорама жасау, «Ақиық ақын Ілияс» атты облыстық ғылыми конференция мен Астана қаласындағы ақынның есімі берілген №58 мектеп-гимназиясына «Ілияс ақынның мұрасы» атты жылжымалы көрме ұйымдастыру, Саят Ілиясұлының әкесі туралы жазылған естеліктерінен жинақталған кітап шығару, Болат Ғабитовтың «Асылдың сынығы» атты жаңа экспозициясын ашу жоспарланған.
Иә, құнды құжаттар мен мәнді мәліметтерге толы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі жастарды білім нәрімен сусындатып қана қоймай, қайраткерінің өмір белестерінің беймәлім сырларына қанықтыратын киелі орын. Қашанда қазақ халқы барын бағалап, ұрпағына сапалы білім беріп, тәрбиелей білген. Музей, әсіресе жас ұрпақ үшін өте бағалы мекеме. Музейден алған мәліметтер арқылы келуші жастар білімін бекіте түсетіні анық. «Біздің музейге келушілер арасында шетелдіктер және еліміздің әр өңірінен меймандар жәдігерлерді көзімен көріп, өткен өмірдің бір белесін сезінгендей болып, ризашылығын білдіріп жатады. Бұл да болса музей қызметкерлерінің еңбегіне берілген жақсы баға деп түсінеміз», дейді Н.Жауынбаева.
Жақында музейге Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағы Шәуешек қаласы Толы ауданының тұрғыны, Шынжаң композиторлар одағының беделді композиторы Думангүл Мұратжанқызы келген екен. Сапарының себебі Қытайда газет бетінде Ілияс Жансүгіровтің 1926 жылы жарық көрген «Бөбек бөлеу» (Ана жыры) өлеңін оқып, қайран қалады. Жырдан әсер алғаны сонша, композитор сол өлеңге әуен шығарады. Композиция қытайлықтарға ерекше ұнайды. Тіпті арнайы үлкен марапатқа да ие болады. Сол шығарған туындысын атамекеніне келіп, музей қорына тапсырып кетіпті.
Жетісу облысы