Білім кеңістігінде шекара жоқ. Оқимын, ізденемін, үйренемін деп талап танытқандар тұсауланбайды. Шеберлігін шетелде шыңдап, сапалы білім алуды көздегендердің көңілі Еуропа елдеріне ерекше ауып тұрады. Түркияда магистратура бойынша тәлім алып, ғылыми ізденісін Италияның Рим қаласында жалғастырып жатқан біздің бүгінгі кейіпкер Әйгерім Махамбетқызы Еуропада оқудың озат тұсы «еркіндік пен теңдік» дейді. Римдегі Ла-Сапиенца университетінің студенті ҰБТ тапсырмай-ақ, IELTS құжатынсыз Еуропаның үздік университеттерінде тегін оқудың тетіктерімен бөлісті.
Әйгерімнің көңілін Еуропаға аударған алғашқы себеп – білім беру жүйесіндегі «еркіндік» екен.
«Біздегідей «құладың», «жазға қалдың» деген ұғым жоқ»
«Еуропадағы оқу жүйесі десе, ең бірінші ойыма келетіні - еркіндік. Дәріске өзің үшін келесің. Неге дәріске қатыспадың, қайда болдың деп ешкім тергемейді. Ой еркіндігі дамыған. Екіншіден, таңдау еркіндігіне шектеу жоқ. Егер емтиханнан төмен балл жинап қалсаң, біздегідей «құладың», «жазға қалдың» деген ұғым жоқ. Бір емтиханды бірнеше рет тапсыра аласың. Ең кереметі, емтихан уақытын өзің таңдауға мүмкіндік берілген. Яғни, бірнеше емтихан күнтізбесі жарияланады. Өзіңе ыңғайлы уақытты таңдап, емтихан тапсыра бересің. Үшіншіден, теңдік. Профессорлар қате жауап берсең, жылы қарап, байыппен түзейді. Кейде досы сияқты сөйлеседі. Білім беруде лабораториялық зерттеу жұмыстары, практика, теория өте жақсы дамыған. Ал өзіміздің Қазақстандағы оқу жүйесін сынға алғым келмейді. Астанада оқып, өсіп, түледім. Профессорларымыз білімді, білікті. Алайда, «студентті қатал ұстамаса, оқымай қояды» деген түсініктен болар, студенттің келген кеткенін тексеріп, кейде дауыс көтеріп жатады. Еуропаның оқу жүйесіндегі осы тұсты отандық білім беру бойына сіңіру керек деп ойлаймын», дейді Әйгерім Махамбетқызы.
Қазақстан Еуропаның көптеген көшбасшы университеттерімен ынтымақтастық орнатқан. Осы келісім негізінде қазақ жастары Италия, Словакия, Польша, Түркия, Греция, Франция т.б мемлекеттерде тегін оқи алады.
Ізденушіге қойылатын талаптардың егжей-тегжейін Әйгерім Махамбетқызы түсіндіріп берді.
«Бакалврға түсу үшін 12 жылдық білім, магистратураға түсу үшін 15 жылдық білім керек. Яғни, 11-сыныптан кейін кез келген университет не колледжде 1 курс оқуыңыз керек. 1-курста оқып жүріп-ақ Италияға оқуға тапсыра беруге болады. Өйткені оқуға тапсыру процесі 1 жылға созылады. Ал студент ол уақытта 1-курсты аяқтап қояды. Мотивациялық хатты да сауатты толтыру өте маңызды. Сондай-ақ Қазақстаннан сізді оқуға ұсынатын адамдардың хаты да мазмұнды болу керек. Аттестат, 3*4 сурет, паспорт т.б. құжаттармен бірге ағылшын тілін білетініңізді дәлелдейтін сертификат керек. Сонымен қатар осы күнге дейінгі жетістіктеріңізді қосымша тіркесе де болады», дейді ол.
Римдегі Ла-Сапиенца университетінің студенті ҰБТ тапсырмай-ақ, IELTS құжатынсыз Еуропаның үздік университеттерінде тегін оқу тетіктері бар екеніне де назар аударды.
«Мұндай талапты қай университет қоймайтынын жекелеген университеттердің ресми сайтынан бақылау керек. Еуропа университеттерінде ҰБТ жүйесі қарастырылмаған. Таңдаған елдің тілін білсеңіз тегін оқу мүмкіндігі молая түседі. Ал ағылшын тілінде білім алу ақылы. Шамамен жылына 5000 еуроны құрайды. Еуропа елдерінің ішінде Қазақстан азаматтары үшін қолжетімдісі Польша мемлекеті. Мұнда ағылшын тілінде оқу – 2500 еуро. Поляк тілінде оқу тегін. Словакия мемлекетінде 2014 жылы барлық шетелдік студенттер үшін тегін жоғары білім беру туралы заң қабылданған. Сондықтан ел студенттерінің таңдауы көбіне осы елге түсіп жатады. Ал Италия университеттері 2019-2021 жылдарға дейін IELTS-сыз көп мамандыққа грант беретін. Қазір саны қысқарды. Кей мамандықтар ғана грант бөледі. 2024 жылдан бастап оқу визасын алу үшін IELTS сертификаты құжаттар тізіміне енеді», деп нақтылады кейіпкеріміз.
Әйгерімнен Еуропа еліне оқуға түскен студенттердің жеке-бас қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайы, оның ішінде, жатақхана, шәкіртақы жайы қалай реттелетінін де сұрадық.
«Еуропада әр адам өз өміріне өзі жауапты»
«Мен оқитын Италияның Ла-Сапиенца университетінде студенттер тегін оқумен қатар бір жылға 7200 еуро стипендия мен жатақхана ұтып алу қарастырылған. Ал медициналық сақтандыруды студент виза тапсыру кезінде өзі жасатады. Тағы бір жеңілдік - студенттерге аптасына екі рет 5 еуро көлемінде (2500тг) азық-түлік беріледі. Студенттер бос уақыты болса, жұмыс істей алады. Еуропада оқу грантын ұтып алған азаматтар үшін берілетін шәкіртақы көлемі әр университетте әр түрлі», деді Айкерім.
Біздің кейіпкер Еуропада оқудың топ – 5 артықшылығына тоқталды.
«1. Жоғарыда атап өткенімдей – еркіндік, теңдік;
2. Шенген аймағында еркін әрі көп шығынсыз саяхаттау:
3. Әлемнің барлық еліне жарайтын «диплом»;
4. Еуропалық университеттер әлемнің жетекші компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Шәкірт қолына оқу бітірді деген құжатын алғаннан кейін кедергісіз сол компанияларға жұмысқа орналаса алады.
5. Оқу бітіргеннен кейін Еуропада заңды қалу мүмкіндігі қарастырылған. Осы тұста озық тәжірибе, сапалы білім, креатив идеямен елге оралу артықшылығын да қосқым келеді».
Әйгерім Махамбетқызы бүгінде өз оқу орталығын ашып, қазақ жастарын Еуропа университеттерінде оқуына көпір болып отыр. Биыл жылы осы орталық арқылы 5 азамат Италияда тегін оқу грантын ұтып алған. Тәуелсіздік бұйыртқан осындай енші арқылы Еуропада оқып жүр талай қазақ баласы.