ХХ ғасыр басындағы әдебиет өкілдерінің ішінде ғұмырбаяны толық анықталмаған, шығармашылығы жөнінде іргелі зерттеулер жүргізілмеген тұлғаларды анықтау, шығармашылық мұрасын жинақтау, алғы сөзі мен ғылыми түсініктерін жазып кітаптарын шығару, олардың саяси қуғын-сүргінге ұшырау себептерін талдау – маңызды мәселелердің бірі.
Алаштану ғылымы ұлттық ғылым саласының ең бір өзекті тақырыбы десек қателеспейміз. Бұл салада жыл сайын тың деректер табылып, ғылыми айналымға жаңа мәліметтер, архивтік материалдар қосылып, оның көкжиегі кеңейіп келеді. Кейінгі он жылдың мұғдарында жарық көрген кітаптарды, нақтырақ айтқанда, академик М.Қойгелдиевтің екітомдық «Алаш қозғалысы» монографиясы, профессор Т.Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» үштомдығы, академик Д.Қамзабекұлының «Алаш арқауы» зерттеуі, PhD С.Жүсіптің «Қазақ жерінің жоқшысы» атты екітомдығы, профессор С.Жұмағұлдың «Алаш қайраткерлерінің нақыл сөздері» сериясы, әдебиетші Е.Тілешевтің «Қайнар» кітабы, тілші ғалым О.Жұбайдың лингвистикалық зерттеулері ғылыми орта мен қоғам талқысында танылған таңдаулы еңбектер екені даусыз ақиқат.
Кейінгі үш жылда жазылып шыққан еңбектердің айқын дәлелі – жас алаштанушылардың бастамасымен құрылған Qyr balasy білім, ғылым қоғамдық қорының «Алаш кітапханасы» сериясымен жарық көрген кітаптар топтамасы. Бұл ауқымды жобаның ізашары – Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанның (1896-1938) шығармалар жинағы. «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасына қатысушы, 1921-1922 жылғы аштық кезінде сөзімен де, ісімен де халыққа жанталаса көмектескен, «Ақ жол» газетінің редакторы, мал дәрігері, агроном-ғалым, Берлинде оқыған тұңғыш қазақ, бүгінгі тілмен айтқанда «болашақкер» Ғазымбек Бірімжанның шығармалар жинағы күні бүгінге дейін жарық көрмеген еді. Қостанайдағы Ахмет Байтұрсынұлы университетінің магистранты Данияр Ихсан ғалым Елдос Тоқтарбайдың жетекшілігімен 2021 жылдың ақпанына дейін Алаш арысының мұрасын іздеу, жинау, жүйелеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, 250 беттік кітап дайындады. Бұл – ғазымбектанудың алғашқы баспалдағы. Жас зерттеушіміз бұл тақырыпты одан әрі тереңдете ізденіп, биыл Ғазымбек Бірімжанның «Алаш ұранды қазақ халқы» атты шығармалар жинағының екінші басылымын жарыққа шығарды. Отыз баспа табаққа жуық көлемді еңбекте қайраткер-қаламгердің ұлттық маңызы зор жобалары, әдеби-публицистикалық мұрасы, қоғамдық-саяси мақалалары, ашаршылық кезіндегі үндеулері, қуғындауда жүргеніне қарамастан жазған ғылыми еңбектері, мұнақыптары енгізілді, оның өмір жолы, қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылығы туралы әр жылдары жазылған зерттеулер, естеліктер топтастырылды. Тың архив деректері мен фотосуреттері беріліп, библиографиялық көрсеткіштері тізілді.
Қоғамдық қор жұмысының аясында біз алаштанудағы ақтаңдақ есімдерді қайта жаңғыртуды жалғастырдық. Тәуелсіздік алғалы отыз жылдың бедерінде Алаштың 26 қайраткерінің ғана кітабы шығып, ел-жұртқа таныстырылған. Бұл – өте аз көрсеткіш.
Алаштың ренессанстық кезеңінде бір ғана сойдың өзінде үш Малдыбайұлы бар. Олар: Біләл, Мұстақым және Берікбол. Екі жыл бұрын алаштанушы Елдос Тоқтарбай Қарағандыдағы Е.Бөкетов университетінің профессоры Нұрсахан Ахметқызының ұйытқы болуымен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының қолдауымен Алаш мұғалімі, ақын, журналист, қарқаралылық Мұстақым Малдыбайұлының тұңғыш кітабын жарыққа шығарса, жас зерттеуші Ерден Нұрахметтің құрастыруымен ақмолалық Алаш тұлғасы, журналист, дәрігер Біләл Малдыбайұлының мұрасы Ақмола облысы әкімдігінің жәрдемімен кітап болып басылды. Ал үшінші Малдыбайұлының – жазбаларына «Аягөз қазағы» деп қол қоятын Берікбол Малдыбайұлының шығармалары қазір жинақталып жатыр.
Біләлмен аттас екінші тұлға – Біләл Сүлейұлы. Жетісудан шыққан Алаш қайраткері – әйгілі Мамания мектебінің түлегі. Әдебиет классигі Ілияс Жансүгіровтің жақын туыс ағасы. Қазақ жеріндегі алғашқы заманауи білім ордаларының, білім мекемелерінің құрушысы, ұйымдастырушысы, Ақтөбе, Семей қалаларындағы университеттердің негізін қалаған білім жүйесін ұйымдастырудың хас шебері, білікті менеджері болған Біләл Сүлейұлы да жазу-сызудан шет болмаған. Елдос Тоқтарбай Алаш тұлғасының өлеңдері мен мақалаларының басын қосып, «Үміт» атты тұңғыш шығармалар жинағын бастырды.
Алаш тұлғаларын мамандықтарына сай жіктеп айтар болсақ, әдетте, қалам ұстаған ағайынның айтып-жазары жиірек қозғалатыны сияқты, ақын-драматург, жазушы-журналистердің еңбектері алдымен жарияланып шығып жататыны белгілі. Алаш мұғалімдерін де осы қатарға қосуға болады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының адал шәкірті бола білген тілші ғалым, көсемсөзші Абдолла Байтасұлының да жекелеген еңбектері зерттеліп жүргенімен, бір емес, бүкіл мұрасы кітап болып шыққан жоқ. А.Байтасұлының шығармашылық мұрасын сан алуан, әртүрлі тақырыпта жазған құнды дүниелері қазіргі заманда да маңызын жоймайтын рухани қазына. Алаштанушы Ұшқын Сәйдірахманұлы құрастырған, бас-аяғы жып-жинақы үш томдықты құрайтын Абдолла Байтасұлы еңбектерінің алғашқы томы «Көркем әдебиет туралы» деген атпен оқырманға жол тартты. Мұндағы кесек туынды – «37 мемлекет» деп аталатын, өз заманында жоғары бағаланған, айрықша еңбек. Олай дейтініміз, бүгінгідей ғаламтор жоқ, картаның өзі қат кезеңде әлемнің таңдаулы елдерінің сипаттамасын жазу оңай шаруа болмаса керек. Жағырапиядан оқулық жазу – білімдарлықтан бөлек, нақтылықты, ыждағатты талап ететін машақатты жұмыс. Алаш зиялысы еңбектерінің кезекті томдарын алдағы уақытта басып шығарып, оқырман қауымды қуантамыз деп ойлаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлының ой-мұраты төңірегінде топтасып, әсіресе латын жазуына байланысты ғылыми талас-тартыстарда ұлт ұстазының ұстанымын қорғағандардың бірі Сейітбаттал Мұстафаұлы болғанын біреу білер, біреу білмес. Ауылындағы атақты меценат Әлти болыстың ықпалымен он алты жасында Ыстанбұл шаһарында білім алып, Семейде еңбек жолын бастаған Сейітбаттал Мұстафаұлының кітабын шығару – біздің маңдайымызға жазылған бақ. Туған қызы Нұртай (Нәдия) апамызбен «Қазақ» газеті арқылы сырттай байланысып, 2016 жылы алғаш рет Алаш оқығаны туралы қалам тербеп, мақала жариялаған едік. Кейін жас жазушы, драматург Әлібек Байбол С.Мұстафаұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде ғылыми жұмыс жазып, Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Сөйтіп, өлкетануда есімі аталып қалатын Алаш тұлғасының есімі, шығармашылығы, қоғамдық қызметі зерттеуге ұласып, жеке жинағын шығару ісіне жалғасты. Сейітбаттал Мұстафаұлының «Имам Ғазали» атты тұңғыш шығармалар жинағында оның әдеби, публицистикалық мұрасы қамтылып, Нәдия Батталқызының қолындағы архивтік құжаттар мен фотосуреттерді де бастырып, кітап етіп шығардық. Бір өкініштісі, әкесінің өмір бойы күткен еңбегін апамыз көре алмай кетті. Кітап шығудан екі ай бұрын әке портретін құшақтаған әзиз ана бақи дүниеге аттанып кете барған... Биыл Мәскеудегі ғылыми-танымдық экспедиция барысында Мәскеу мемлекеттік кітапханасының шығыстану бөліміндегі сирек кітаптар қорында Сейітбаттал Мұстафаұлының «Зуфнун» атты аударма кітабын тауып алып, елге сүйіншіледік.
Осы жылы «Алаш кітапханасы» сериясы бойынша су жаңа тоғыз кітап жарық көріп отыр. Бәрі де Алаш оқығандары, Ақаңша айтқанда, ұлт жұмысы жолынан қайтпаған «қалам қайраткерлері».
ХХ ғасыр басындағы аса көрнекті қайраткер, қазақ баспасөзінің негізін қалаушылардың бірі Елеусіз Бұйраұлының (1874-1933) ұстаздық-ағартушылық, журналистік қызметі ұшан-теңіз. Ол – қазақ музей ісінің қалыптасуына да өз үлесін қосқан тұлға. Алматыдағы бүгінгі Орталық музейде ғылыми қызметкер болған, сол қарашаңырақтың экспозициясын жасаған алғашқы маманның бірі еді. Бодандық қамытын киген қасіретті жылдары азапталған елін ояту мақсатында «Ызың» деп кітап шығарып, халықтың рухын көтеруді мақсат етті. «Ызың» өлеңдер жинағы – отарлық билікке, әкімшіл-әміршіл жүйеге бағытталған қарсылық дауысы. Бұл кітапқа сол заманның айтулы ақындары Мағжан Жұмабай, Мұстақым Малдыбайұлы, Ахмедқали Мамытұлы сынды бауырларының өлеңдерін енгізіп, 1912 жылы Орал баспаханасынан бастырып, таратқан еді. Небәрі 27 беттен тұратын туындыға ақынның басқа да публицистикалық мұрасын енгізіп, ол туралы естеліктерді жинап, кітап етіп құрастырған – Қарақат Сағынышқызы 10-сынып оқушысы ғана.
Ал ақын әрі журналист Кенжеғали Ғабдоллаұлының ғылыми, әдеби және публицистикалық мұрасы, оның тұлғасына қатысты архив құжаттары, әр жылдары жазылған зерттеулер мен естеліктер қамтылған кітаптың атауы оның осы аттас мақаласымен «Қазақтың қамы» деп аталды. Мұны құрастырып дайындаған - Кенжеғалидай зиялының ұрпағы Гүлзат Бигелді есімді қарындасымыз. «Қазақ балаларына жәрдем» атты әліппе оқулығы, «Мехнаттың себебі», «Жиырмасынша ғасыр жастарына», «Әйелдер хақында», «Ишандардың қызметі», «Қазақтың тәрқы заманы», «Қалаған емлеміз», «Мезгілсіз емтихан», «Алаш азаматтарына» сынды әр тақырыптан жазған мақалаларын өзектілігін, құндылығын жоймаған қазына деп білеміз.
XX ғасыр адамзат үшін, қазақ жұрты үшін ауыр, зұлмат-зобалаңға толы ғасыр болғаны аян. Кер заманның кесірі кімге тимеді десеңізші. Нақақтан-нақақ атылып, қудаланып, жазықсыз айыпталғандардың қарасы мол. Жағасын жатқа ұстатпаған, еңсесін тік, рухы өр тұлғаның бірі – Алаш қайраткері, ағартушы, ұстаз, әнші-композитор Қапез Байғабылұлы (1896-1939). Ел арасында «Қапездің әні», «Қапездің қоштасуы» деген әндер көп таралған. Қапез де жаңа заман, тәуелсіз елде ұлықталмай жатқан ерлердің бірі еді. Тұлғаның ән мұрасы белгілі болғанымен, публицистикалық еңбектері бір ортаға жинақталмай, әр жерде жатқанынан хабардармыз. Бұл олқылықтың орнын толтырғандар – жазушы Әлібек Байбол мен жас зерттеушілер Ертай Біләл, Самал Айыпжан. Ақын өлеңінде айтылатын «Алаш қонған ақбоз үй» кітаптың атына арқау болды. «Тілші» газетіне жазып, тілшілік қызмет атқарған Қапездің «Ескергені осы ма?», «Қосшы тіршілігі», «Аткезшімен күресу», «Жазықсыз 20 қара сойылды», «Мектеп мәселесі ескерусіз қалды», «Болыстық сайлау жақсы өтті», «Кімнен қанша алынды» мақалаларынан өз заманына бейжай қарай алмайтын қағілез қайраткер тұлға болғанын аңдағандаймыз.
Алдағы жылы туғанына 130 жыл толатын тұлғаның бірі – Нұғыман Манай (1894-1938). Өз заманының белгілі ағартушысы ол қаламы жүйрік жорналшы, қарымы кең қаламгер, білгір әдеби аудармашы ретінде танылған. Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған 1916 жылдары Жиенғали Тілепбергенұлы, Бейімбет Майлин сынды қатарластарымен бірігіп, «Садақ» қолжазба журналын шығарған. Осы қайраткердің ғұмырнамасы мен шығармашылық мұрасын түгендеу үшін қолына шырақ алып соңына түскен Ертай Біләл бауырымыз отандық және ресейлік архивтер мен кітапхана қорларынан көптеген тың материалдар тауып, әсіресе «Қосшы ұйымының VII сиезінде жасаған жолдас Манайұлының баяндамасы», «Тіл жайында», «Иман-ислам» кітаптарын, сосын ескі жазумен жазылған қайраткердің көптеген мақаласын қазіргі қолданыстағы әліпбиімізге түсірді. Ұмытылған боздақтың әр сөзін мұқият оқып, өмірін, қоғамдық-саяси, мәдени қызметін хронологиялық тәртіппен жіті қарастырып, бірізділікке жүйелеп, реттеді. Асылдың қуғын-сүргіннен аман қалған ұрпағы, шөбересі Мадина Серікқызын тауып, сұхбаттасып, беймәлім дерек жинаған. Десек те осы бір ғана кітаппен қайраткер-қаламгер Нұғыман Манайдың шығармалары толық қамтылды, жиналды деп әсте айта алмаймыз. Алдағы уақытта журналист, аудармашының белгісіз мұраларын тауып, ізденісін тұрақты жалғастыратынына сенім артамыз.
Міржақып Дулатұлының даңқын қазақ арасы ғана емес, Ресейдегі түрік әлеміне тұтас жайған, қазақ арасына таралып кеткен кітаптың бірінші (1909, Уфа) және екінші (1911, Орынбор) басылымын патша жандермиясы қайта жинап алдырған, сөйтіп, қазақ әдебиетінің тарихындағы ең көп қудаланған шығарма болған «Оян, қазақтың» ізін ала көп ұзамай «Тұр, қазақ» шығармасы өмірге келді. Оның авторы Байбатыр Ержанұлы (1892-1939) – репрессияға ұшырап, ерте кезеңде ақталғанына қарамастан, оқу-ағартудағы қызметі мен шығармашылық еңбектері ескерусіз қалып, әдебиет тарихынан лайықты орнын ала қоймаған талант иесі. Байбатыр Ержанұлының «Тұр, қазақ» кітабы, «Айқап» журналында жарияланған әртүрлі жанрдағы шағын еңбектері, публицистикалық мақалаларынан өзге шығармалары, атап айтқанда, «Әй, күнелту» өлеңі, «Қазақ мұғалімдері халінен», «Бозбалаларымыздың түрі», «Фронттың теңелуі шарасыз» мақалалары, «Есенбай», «Ораз молла», «Сағипа» сияқты пьесалары ғылыми айналымға енбеген.
Шығармашылық мұрасына қарай отырып, Байбатыр Ержанұлының еңбек жолы аз, шағын жанрлардан емес, бірден ірі, іргелі туындылардан басталғанын байқаймыз. Қолымызға түскен үш үлкен шығармасының ішінде соқталысы да, шоқтығы биігі де «Тұр, қазақ!» кітабы. Бұл еңбек бұрын да, атап айтқанда «Дулатұлы Міржақып. Оян, қазақ!; Байбатыр Ержанұлы. Тұр, қазақ!; Әбілқасым Арғыни. Жатпа, қазақ!» (өлеңдер/Құраст.: Т.Қыдыр, К.Мұстафаева, Ұ.Қыдыр. – Алматы: Таңбалы, 2016) деген атпен жинақ болып басылып шыққан еді. Бұл жолы оның шығармаларының ғылыми негіздері (факсимиле, транслитерация, транскрипция) сақтай отырып, жарияладық. Бұл ғылым үшін маңызды зор қадам болды деп есептейміз.
Байбатыр Ержанұлының туған немересі Сәуле Тельманқызының атасының кітабы үшін қалай еңбектенгенін көрсеңіз... Алаш ардақтысының әрбір өмір дерегін там-тұмдап іздестіріп, фотосуреттер мен архив құжаттарын сары майдай сақтап бізге тапсыруының сыры қалтқысыз сенімде жатса керек.
«Алаш кітапханасы» сериясының қазақ оқығандарының өз шығармаларын іздеп, жинап, жарыққа шығаруынан өзге бүгінгі заманғы алаштанушылардың да зерттеу еңбектерін оқырмандарға жетуіне мүдделі. Осы орайда Е.Нұрахметтің «Алаш арысы Біләл Малдыбайұлы», Е.Тоқтарбайдың «Алаш сөзі», осы жолдар авторының «Толағай» сынды еңбектерін айтамыз, сондай-ақ профессор Т.Жұртбайдың «Ұлт ақыны және «Жан сөзі», жазушы Б.Қойшыбаевтың «Ағайынды Әділұлдары – азаттық күрескерлері», А.Құмырзақұлының «Нар тұлға Науан хазірет» кітаптарының да әлі сиясы кеуіп үлгерген жоқ.
Алаштану ғылымындағы соңғы зерттеулер дегенде көзбен көріп, қолмен ұстап, оқып шыққан осы еңбектерді айтар едік. Себебі «Алаш кітапханасы» сериясының кітаптарының отан қауіпсіздігі, ұлт тұтастығы және ұлттық ғылымның дамуы үшін маңызы да зор. Бұл кітаптардың барлығы да бұрын-соңды жарияланбаған, бірегей еңбектер.
Заңғар КӘРІМХАН,
Ә.Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері, алаштанушы