• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Байқау 15 Желтоқсан, 2023

Бурса балдырғандарын қуанышқа бөледі

204 рет
көрсетілді

Түркияның Бурса қаласындағы «Tayyare Kültür Merkezi» орталығында 11-16 желтоқсан аралығында өтіп жатқан ХХ халықаралық «Бурса-Қарагөз» қуыршақ және көлеңкелі театр фестивалі кішкентай көрермендер үшін тамаша тарту болды. 30 жыл бойы балдырғандарға қуаныш сыйлаған өнер мейрамына Түркияның өз ішінен 14 кәсіби және 3 шетелдік қуыршақ театр ұжымы қатысты.

Соның бірі – Алматы қаласы басқармасының Мем­лекеттік қуыршақ театры. Әр­түрлі қуыр­шақтарға жан бітіріп, шебер ойната білген әртістердің өнері Бурса көрермендеріне үлкен мереке болды. Алматы қуыршақ театрының режиссерлері Сұл­танғали Шүкіров пен Құралай Ешмұратова жазған шығарманы сахналауда тросты, планшетті, марионетка (жіпті) және тұтас тұл­ғалы қуыршақтар қолданылды.

Бар көрген-білгені смартфон, ертегіге сенбейтін, қуыршақпен көп ойнай қоймайтын бүгінгінің баласы үшін театр – соңғы аялдама. Ем-домы да осы жерде. Театр – сұлулық пен эстетика баспалдағы десек, дәл осы талап үддесіне алматылық театрдың қойылымы әбден лайық. 23 жылдан бері өнегелі өнер ордасында еңбек етіп келе жатқан Мәдениет саласының үздігі Алтай Тәуекеловтің айтуынша, әрбір ата-ана баласының ізгілікке құштар әрі мейірімді болып өске­нін қаласа, оларды қуыршақ театры­ның қойылымдарына әкел­гені дұрыс.

Түркия тарапы ұйымдастырған айтулы фестивальға екінші рет қатысып отырған Алматы қуыр­шақ театрының қоржынында отандық және шетелдік автор­лар­дың шығармалары бар. Б­үгінде жас режиссерлердің тынымсыз ізденісі нәтижесінде қуыршақ театрының репертуары баланың ой-өрісін кеңейтіп, ертегі әлеміне құмар, театрға деген қызығушылығын оятатын қойылымдарға толы. Дарынды әртіс Алтай Батырбекұлының айтуынша, қуыршақ театры маусымашардан соң бірден еліміздің ауыл-аймақтарына гастрольдік сапарға аттанады. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан Мәдениет үйлерінде әлемге танымал, баланы қызықтыратын тәрбиелік мәні зор шығармаларды сахналайды.

Алматы қуыршақ театры елі­міздің кішкентай көрермендерін ғана емес, түркиялық балаларды да үлкен қуанышқа бөледі. Ен­ді Бурсалық балдырғандар да қа­зақ ертегілері кейіпкерлерінің сахнадағы әрекетін талай мәрте әңгімеге арқау ететіні сөзсіз.

 

Құндыз ЕРАЛЫ,

журналист

 

Түркия,

Бурса қаласы