• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 17 Желтоқсан, 2023

"Мәйітханада 7 күн жаттым". Желтоқсан оқиғасына қатысушы азапты күндер туралы

7746 рет
көрсетілді

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан жастардың бірі -  Ақкүміс Ықыласова. Ол тірі болғанына қарамастан, бірнеше күн бойы мәйітханада жатқан, деп хабарлайды Egemen.kz.

Kazinform тілшісіне сұхбат берген желтоқсаншы Батыс Қазақстан облысындағы Талдыапан ауылында дүниеге келгенін айтады. Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы Гагарин атындағы тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Жұмыс істеп жүріп технологиялық институтқа сырттай оқуға түседі.

– 16 желтоқсан күні әдеттегідей жұмысқа келдім. Жұмыста абыр-сабыр болып жатыр. Фабрикада көп ұлттың өкілдері жұмыс істеді. Олардың ішінде жақсысы да, жаманы да бар еді. Бәріне бірдей күйе жаққым келмейді. Бірақ қазақ қыздарына деген қысымды сезіп жүрдік. Сол күні маған тиісті. «Сен неге жұмысқа келдің? Қазақтар балабақшаларды өртеп, алаңда шу шығарып жатыр. Тез кет, әйтпесе, милиция шақырамыз», деді. Содан мен цехтарды аралап, баратын қыздарды жинадым. Қарасақ, есіктерді жауып тастапты. Біз екінші қабаттың терезесінен секіріп түсіп, алаңға қарай бет алдық. Келсек, әр жерде топтасқан адамдар тұр. Бәрінің көңіл-күйі жоқ. Алаңда түнгі сағат үшке дейін жүрдік. Жастар келіп жатыр. Біздің қарнымыз ашты, тоңдық. Содан қасымдағы қыздармен солар жалдап тұратын үйге кетіп қалдым, - дейді Ақкүміс Ықыласова.

Оның сөзіне қарағанда, 17 желтоқсан күні алаңға лек-легімен ағылған жастар тобы бейбіт шеру арқылы орталықтың кадр саясатын дұрыс жүргізбей отырғандығына наразылық білдірген. Ұлт саясатын дұрыс жүргізуді, ұлттық тіл мәдениетінің дамуына қамқорлық жасауды, ұлттық саяси қайраткерлердің басшылық орындарында лайықты лауазымға ие болуына назар аударуды талап еткен.

– Бір кезде айқай-шу басталып кетті. Алдымыздан артқа қарай ығыстырылған кезде, құлап қалғандарға шалынып мен де аяқтың астында тапталып қалдым. Бәрі шым-шытырық болып кетті. Өрт машинасы суық су шашты, соққылар алдық. Сонда да жүрміз. Бізге тіпті қашуға мүмкіндік те болмады. Қоршауда қалдық.

Сол күнгі мұзды аязды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 18 желтоқсан күні түнгі сағат 2-лер шамасында бізді өлімші қылып сабады. Сол кезде мен есімнен танып қалыппын. Кейін қасымдағылардан естідім. Бізді қоқыс тиейтін көліктерге тиеп, қала сыртындағы полигонға апарып төккен екен. Ал енді мәйітханада жатқаным туралы болса, ол енді рас. Свалкада жатқанда мені қыздар мен жігіттер көрген. Алып кеткен. Сол жақта арбамен бөтелке жинайтын сығандар жүретін. Солардың біреуі кезігіп қалған ғой. Бізді қаланың шекарасына дейін жеткізіп тастапты. Алайда тағы да милицияға ұсталып қалыппыз. Менің есімде ештеңе жоқ. Целинный кинотеатрының маңында жатқан жерімнен таныс қыз көріп қалып, милицияға мені ауруханаға апаруды өтінген екен. Мені 12-ші қалалық ауруханаға апарады, дәрігерлер «мынау өліп қалған, мәйітханадан аласыңдар» деген. Есімді еміс-еміс білемін, орыс кемпір келіп тұр екен. Сол кемпір 7 күн мәйітханада жатқан мені дәрігерлерге алып барып тірі екенімді айтқан. 9 күн емделгеннен кейін мені ауруханадан шығарды, - дейді желтоқсаншы.

Содан соң оны құқық қорғау органдары оны денсаулығына байланысты қудаламаған. 8 жыл бойы ауруханаға барып, емделген. Оқуын да жалғастыра алмапты.

Ақкүміс қазір зейнеткер. «Тәуелсіздік-1986-Желтоқсан» қоғамдық ұйымының мүшесі.