Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылымына енгізілген өзгерістер нәтижесінде Алматы облысы екіге бөлінді. Енді Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл өңір қандай негізгі нәтижелерге қол жеткізді? Бұл туралы Egemen.kz Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазады.
Экономикалық өсу
Облыс орталығы мен Алматы қаласы арасындағы «G4 City» жобасының қайта жандануы экономикалық өсудің басты белгілерінің бірі болып саналады. Бұл бағыттағы бірінші қадам – «G4 City» арнайы экономикалық аймағын құру. Ол «G4 City» қаласы мен Қонаев қаласының бір бөлігін қамтиды. Жоба 3,7 трлн теңгеге бағаланып отыр. 34 мың жұмыс орнын құру жоспарланып жатыр.
Президенттің тапсырмасы бойынша жеке әкімшілік бірлік ретінде «G4 City» қаласын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның аумағы 88 мың га құрайды, 4 аймаққа бөлінген және іскерлік және қаржы орталығын, өнеркәсіптік және логистикалық орталықты, ғылым және медицина орталығын, сондай-ақ туризм мен сауықтыру орталығын қамтитын болады. Бағалаулар бойынша 2050 жылға қарай онда 2 миллионнан астам адам тұрады.
Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштері жалпы өңірлік өнімнің 40%-дан астамын құрайтын өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. Облыс өнеркәсібінің 90%-ын өңдеуші саланың өнімі құрайды, бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Қазақстандық құрамға бетбұрыс
Жалпы, осы жылдың 10 айында Алматы облысында 34 жаңа өндіріс орны іске қосылып, жұмыс істеп тұрған 7 өндіріс орны кеңейтіліп, 1087 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары өнім өндіруде шамамен 60-70%, ал дайын бетон және нан-тоқаш өнімдерін шығаратын жекелеген салалар 100% отандық шикізатты пайдаланады.
Бүгінгі таңда отандық шырындардың 85%, сусындар мен балмұздақтың 60% осы өңірде шығарылады. Сонымен қатар, фармацевтикалық және медициналық өнімдердің төрттен бірі, гипсокартонның 81%-ы, сэндвич-панельдердің 48%-ы, болат құбырлар мен профильдердің 27%-ы өндіріледі.
Алматы облысы ет, сүт, жұмыртқа өндіру, қой, ешкі, ірі қара және құс етін өндіру бойынша республикада алдыңғы қатарда. Елімізде 7 құс фабрикасы құс етінің 27%-ын өндіреді.
Облыс өрік, алма, алмұрт, жүгері, жүзім, картоп, көкөніс, соя, күріш өсіруде де үздік үштік көшбасшыларының қатарына кіреді. Мұнда жалпы көлемі 85 га 55 жылыжай, қуаттылығы 130 мың тонна 71 қойма бар.
Қазіргі кезде облыста жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт салынып жатыр. 217 жаңа жұмыс орны ашылды, өндірілген өнім ішкі нарық қажеттілігінің 20%-ын қамтамасыз етеді.
Қуаттылығы жылына 1080 тонна шойын шығаратын зауыт құрылысы аяқталғанын атап өткен жөн. Келесі жылы толық қуаттылыққа шығу жоспарлануда.
Инфрақұрылым – өңірді дамытудың негізі
Көлік-логистика саласына баса назар аударылады.
2023 жылдың маусымында ұзындығы 66 шақырым болатын Үлкен Алматы айналма жолы (ҮААЖ) ашылды. Жоба Алматы агломерациясын дамыту аясында жүзеге асырылды және кептелістерді азайтуға бағытталған.
Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру үшін «Шелек-Кеген-Нарынкөл» магистральдық газ құбырын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Газ құбырының ұзындығы 227 шақырымды құрайды. Құны ТЭН-ге сәйкес 24 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елді мекен газбен қамтылады.
Өңірде тұрғын үй құрылысы жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Осылайша, Еңбекшіқазақ ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған 120 пәтерлік ғимарат пайдалануға енгізіліп, кезекте тұрғандарға берілді. Бағдарлама аясында Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына ордерлер табысталды.
10 айда облыста барлығы 808 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл республика бойынша 4-ші көрсеткіш.
Әлеуметтік саланың негізгі басымдықтары
Әлеуметтік салада да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Білім беру саласындағы басты басымдық үш ауысымда оқытуды және орын тапшылығын жою болып табылады. 2023 жылдың басында облыста үш ауысымда оқитын 52 мектеп болған. Биыл 14,4 мың орындық 10 мектеп пайдалануға берілді. Бесеуі жыл соңына дейін тапсырылады. Келесі жылы үш ауысымдық мектептер 39-ға дейін қысқарады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 2024-25 жылдары 54,6 мың орындық 53 мектеп салынады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 50 мектеп 1,5 млрд теңгеге 150 физика, химия және биология кабинеттеріне жабдықтар алды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2024-2025 жылдары 38 нысан салынады.
Атап айтқанда, облыстың 6 ауданында 13 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт салу жоспарлануда. Қонаев қаласында 800 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухана, 500 келушіге арналған емхана, қалалық аурухана жанынан жұқпалы аурулар бөлімшесін салу жоспарлануда. Сондай-ақ «Қарасай» және «Еңбекшіқазақ» көпсалалы ауданаралық ауруханаларын реконструкциялау жоспарлануда.
Туризм саласын дамыту
2023 жылы Алматы облысында ішкі туризм 13%-ға өсіп, 1,1 миллион адамға жетті, ал кірмелік туризм 78 мың адамды құрады. Республиканың туристік картасына сәйкес, Алматы облысы 68 аумақтың 10-ын қамтиды және 14 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 267 орналастыру орны бар. Туристер облыста орта есеппен 3-5 күн демалады. 15 туристік аймақта тұруды жайлы ету үшін жалпы ұзындығы 337 шақырымды құрайтын тау соқпақтары мен маршруттарын жақсарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Өңірде туризмді дамытудың нәтижесінде туристік маусымда 400-500 жұмыс орны ашылды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны мен туризмнен түскен кірістің өсімі 15%-ды құрады. «Шарын» мемлекеттік ұлттық паркі мен «Іле-Алатау» (Түрген шатқалы) аумағында туристік орталықтар іске қосылып, өңірдің негізгі туристік өнімдері насихатталуда. «Qonaev international balloon fest» халықаралық шар фестивалі, «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, Іле-Балқаш регатасы және басқа да іс-шаралар арқылы облысқа 100 мыңнан астам демалушы тартылды. Мұнымен қоса, өңірдің туристік әлеуетін халықаралық аренада ілгерілету бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Жарқын жетістіктердің бірі – Саты ауылы «UNWTO үздік туристік ауыл 2023» сыйлығын иеленді. Туристерге қолайлы болуы үшін «Almaty Region Travel» мобильді қосымшасы әзірленді.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, Алматы облысы барлық сала бойынша жақсы өсу қарқынына қол жеткізді. Бұл өңірдің жаңа жылда да нақты нәтижелерге жетуіне негіз болмақ.