Еліміздегі 1916 жылғы көтеріліс – қазақ халқының ұлт-азаттық жолындағы азапты да қасіретті тағдыры. Оның шығу, өрістеу шежіресі отандық тарих ғылымында әлі де өзекті. Бірінші дүниежүзілік соғыстың зардабын патшалық Ресейдің отары ретінде тартқан Қазақ елі шикізат өнімдерін дайындаушы, салық төлеуші болып, барлық құнарлы жерінен айырылған еді. Оған қоса патшаның соғыс жағдайында орыс емес халықтардың азаматтарын қорғаныс бекіністерін салу жұмыстарына алу жөніндегі жарлығы қазақ қоғамын дүрбелеңге салды. Архив құжаттарында патша өкіметінің жүргізген саясатына, қазақ қоғамындағы зиялы қауымның атқарған жұмысына, патша жарлығы негізінде қара жұмысқа алынған және шетел асып, еріксіз кеткен қазақтарға қатысты деректер сақталған.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ қоғамына жікшілдік те алып келді, бір топ көтерілісшілерді қолдаса, екінші топ өздерінің талап-тілектерін патшаға жеткізіп, орындалуын талап етті. Әрине, қазақ халқының мұң-мұқтажын, оның азаттығын қорғап жүрген көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың зиялы азаматтары халықпен кездесіп, ортақ шешімге келу жағын қарастырды. Бұл топ болашақ Алаш орданың мүшелері еді, олар кеңес өкіметіне дейінгі және кеңестік жүйенің алғашқы кезеңіндегі қазақ халқының азаттығы жолындағы соңғы күрескер рухты тұлғалар болатын.
1916 жылдың 7 тамызында Торғай губернаторының рұқсатымен Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары қазақтарының қара жұмысқа тарту жарлығына қарсылығы, осыған қатысты шаралар атқару туралы қазақ халқының өкілдерінің кеңесі өтеді. Кеңеске қазақ халқының өкілі ретінде Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, О.Алмасовтар қатысады. Кеңес Торғай губернаторының жарлыққа қатысты сөзімен басталады. Губернатор кеңестің соңына дейін отырмайды. Қатысушылар кеңестің басшысы ретінде Ә.Бөкейханды, оның хатшылары ретінде М.Дулатұлы мен О.Алмасовты сайлайды.
Осы жиында бұрын-соңды қазақтарды еріксіз бірден қара жұмысқа тарту болмағандығы, жергілікті билік өкілдерінің асығыс шешім қабылдап, халыққа дөрекілік көрсетіп, қазақ даласында казактардан құралған әскерлердің топтасып, көбеюі қазақтар арасында үрей тудырып жатқаны сөз болады. Осы ретте бастапқыда халықты дайындау, қажет болған жағдайда қара жұмысқа тартылатындарды уақытына қарай анықтау, шаруашылықтардың мүддесімен санасу, халық тарапынан уәкілдердің қатысуымен жүргізілуі қажет екендігі жеткізілді.
Сондай-ақ көтерілістің басталуына кейбір заңсыз әрекеттердің себеп болғаны туралы сөз қозғалған. Мысалы, Ақтөбе уезінде жергілікті билік халықтың қара жұмысқа қабылдауына 10 күн ішінде келуге тиіс екендігі жарияланған, ал бұл елді мекендердің арақашықтығы 200-400 шақырымдай. Қостанай уезінің қазақтары жергілікті биліктің шешімімен 9 күн ішінде қабылдауға келуге тиіс болған. Жергілікті билік өкілдері қазақтардың жас ерекшеліктерін жобамен көрсетіп отырған, бай қазақтар балаларының жас ерекшеліктерін ұлғайтып көрсеткен. Мұндай әділетсіздікті көрген халық болыстардан тізімдерді тартып алып, жыртып тастаған, кейбір болыстарды жазалаған.
Сонымен қатар Шыңғырлау болысында 75 казак әскері орналастырылған, оларды қазақтар тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етуге бір күнде 25 қой, 25 пұт сұлы жұмсалған. Қостанай уезінің Аманқарағай болысына 125 казак, Кеңарал мен Меңдіқара маңына 125 казак орналастырылған.
Қазақ даласына қаптаған орыс әскерінің жайғасқанын көрген халықта ашу-ыза туған. Көптеген қазақтар жай-күйін тастап, оңтүстікке қарай жосылды. Жастар ауылдан безіп, басы ауған жаққа кетті. Қазақтар егіндерін, малға жинаған шөптерін тастап, өзге өңірлерді бетке алды.
Бұл жағдай шаруашылыққа үлкен зиян келтірді, егістікте қазақтар жұмыс істеген, соғысқа кеткен шаруалардың шаруашылығын жүргізу де қазақтардың міндеті болатын. Солтүстік уездердегі қазақтар орыс шаруаларымен бірдей жер шаруашылығымен айналысып, егін еккен. Қазақ даласындағы Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Омбы, Ақмола, Атбасар, Павлодар, Семей, Баянауыл, Өскемен, Зайсан уездерінің соғысқа кеткен орыс шаруаларының жерін жалға алып, егін егіп, баптап қараған да сол уақыттағы басты жұмыс күші қазақтар еді. Қыс уақытында Ырғыз, Атбасар қазақтары малдарымен Сырдария облысына, Гурьев пен Ырғыз қазақтары Закаспий облыстарына кететін болған.
Осы жағдайларды мәлімдей отыра Кеңес мүшелері Үкімет алдына төмендегідей талап қояды:
Солтүстік уездерде қара жұмысқа қабылдау мерзімін 1917 жылдың 1 қаңтарына дейін, оңтүстік уездерде 15 наурызға дейін созу; 19-31 жастағыларды тізімге алу; Қабылдау үшін тұратын және тіркелген жерлері арқылы жүргізу; Әрбір отбасында бір жұмыскерді қалдыру; Мемлекеттің қорғанысы үшін жергілікті жерлердегі жұмысқа қалдыру; Қабылданғанға өзін басқа адаммен алмастыру құқығын беру; Әр ауылға бір молдадан қалдыру; Қазақ балаларын оқыту үшін 50 үйге мұғалім қалдыру; Қала медреселерінің оқушыларын шақырудан босату; Әр он үйден бір тұлға сайлау арқылы асығыс құрылған тізімді құрған комитетке ауыл жиынының қатысуымен жаңа тізім құруды тапсыру; Қазақ әкімшілігінен шақыру жұмысы уақытында болыстарды сайлауды тоқтату; Қабылдау комиссиясында әр болыстықтан екі уәкілдің дауыс беруі және уәкілдердің қабылдау комиссиясында өздерінің болыстықтары жұмысшыларын қабылдауына қатысуы; Қабылданған жұмысшыларға 30 адамдық артельге қосылуға мүмкіндік беру. Артель жанында аудармашы және 10 артельге бір молда болуы; Ауырған жұмысшыларға жараланғандармен тең қатарлы медициналық көмек беру; Қазақ жұмысшылары Қалалық және земск одағы мекемелеріне бағынуға тиіс. Қазақ жұмысшыларын басқаратын мекемелердің құқығы мен міндеттері туралы нұсқаулығы жариялануы керек; Жұмысшыларға киім-кешек пен азық-түлік жеткізу үшін қажетті данада ақысыз вагондар және әр болыстан екі тұлғаға рұқсатнама берілуге тиіс; Қазақ жұмысшыларына дәлелді қажет жағдайда демалыс беру; Жиын шешімімен Үкімет алдында өтініш берілді.Аталған Кеңес мүшелерінің шешімі патша өкіметі тарапынан толықтай қолдау таппады. 1917 жылдың 25 ақпанында Торғай әскери губернаторы М.Эверсман М.Дулатұлына қатысты хабарлама хатында «Оян, қазақ!» кітабының авторы М. Дулатұлының 1911 жылы шілде айында қамауға, 1916 жылдан жандарм полициясы тарапынан бақылауға алынғандығы және бақылау нәтижесінде М. Дулатұлын Земск қалалық одақтың бұратаналар (инородческий) бөлімінің құрамына алуға болатындығы туралы баяндаған.
Торғай өңірінде Қойдауыл болысының жігіттері А.Иманов туын ұстап, Сарытоғай болысының 1000 жігіті Дәуке батырдың туын ұстап, оның баласы Жанқожа атасының туын ұстап Әбдіғапар, Аққұм болысының жігіттері Көбек батыр аталарының туын ұстап, көтеріліске қатысқан. Олар 6-7 мыңдай қол болып, әскери тәртіппен топтарға бөлініп, шабуылдай білген. Кейкі мерген бастаған топ Торғай қаласының түбінде үюлі қазыналық маяға өрт қойған. Осылайша, қаланы қоршап, шабуылға шыққан.
Ал Ырғыз ауданында Айжарқын Қанаев, Мырзақұл Мыңжасаров, Сүтемген Итемгенов, Әжіке Қаражанов, Әймәмбет Шобанов, т.б. көтерілісті ұйымдастырушылар қатарынан болды. Ұсталар Үсенғұл Бөріұлдары, Құрманай Алдамжаровтар күніне 100-150 найза соғып, бұзылған құс мылтықтарды жөндеп отырған.
Сарыарқа болысындағы қазақтардың көтерілісіне қатысы бар деп Әлсен Оспан тұтқындалып, Ақмола бекінісіне әкеткен, бұл көтерілісте екі тарап тұтқындармен алмасу жұмыстарын жүргізген. Павлодар уезінің Ақкелін болысында Мұса Шорманов, оның бауырлары көтерілістің басшылары болып жігіттермен кеткенде олардың ауылдарында казактар ойран жасап, мал-мүліктерін талан-таражға салған. Қарулы әскердің қатары көп болғандықтан, шабуылдай отырып, көбісі Балқаш көлінен асып, Қытайға өткендігі туралы архивте сақтаулы естеліктерде жазылған.
Ақмешіт уезінде қозғалыс болып, 70-тей адам сотқа тартылған.
Әр облыстың географиялық орналасуына, экономикалық, шаруашылық дамуына қарай қазақтарды қара жұмысқа тарту жұмысы әртүрлі бағытта жүргізілді.
Архив құжаттарында Закаспий облысының құрамында болған Маңғышлақ уезінің қара жұмысқа тартылған қазақтарына қатысты, яғни оларды қақаған қыс айларында кемелердің жүріп-тұруы үшін қалың мұздарды ою, балық аулау, Түркістан өлкесі қазақтарын теміржолдарды қардан тазарту жұмыстарына пайдаланғаны, Жетісу облысына қарасты Жаркент, Пржевальск, Верный уездеріндегі көтеріліске қатысушыларды жазалау туралы құжаттар сақталған.
Бұл тақырып бойынша көтерілістің ошақтары болған Ақмола, Жетісу, Орал, Семей, Торғай облыстарындағы, Астрахан губерниясының Ішкі Қазақ ордасындағы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезіндегі әскери тәртіп жүйесіндегі халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуін, шекаралас мемлекеттерге қоныс аударуын, экономиканың, өндірістің, мал мен егін шаруашылықтарының күйреуін, жазалаушы жасақтарының жауыздық әрекеттерін, жергілікті халықтарды ығыстырып, жерлерін келімсектерге бергенін сипаттайтын ақпараттарды анықтауға болады.
Патшалық өкімет тарапынан жұмысшыларды медициналық көмекпен, тамақпен, киіммен қамтамасыз ету жағы қарастырылғанымен, азаматтарды себепсіз ұзақ уақыт қабылдау орындарында қамақ дәрежесінде ұстап отыру, жасына қарамай жұмысқа алу, көтерілісшілердің мал-мүлкін талан-таражға салып, орыс шаруаларына бөліп беру, ауру мен ауыр жұмыс салдарынан өлімнің көбеюі сияқты заңсыз әрекеттерге жол берді.
Құжаттар қатарынан билік тарапынан қара жұмысқа қабылдау кезінде қазақтарға төлемақы төленетіндігі туралы уәде берілгенімен, қара жұмыстан елдеріне оралған қазақтарға төлемақылары төленбеген соң, алданған қазақтар Қазан төңкерісінен кейін де билік өкілдеріне шағым түсіргені туралы деректер орын алған.
Жетісу облысында бастапқыда Албан көтерілісі орын алды, Жаркент, Нарынқол, Кеген, Жалаңаш, Сарыжаз, Қақпақ, Ақбейіт, Шалкөде елді мекендерінің қазақтары Қарқарада бірігіп, ешбір адам бермейміз деп келісіп, әскер құрған. Олардың басшылары Ұзақ батыр, Айтбай Дәркенбайұлы, Тұрлықожа Жансеркеұлы, Серікбай Қанайұлы, т.б болған. Оларды қаруланған патша әскері Қарақолдан келіп, Қытай шекарасына дейін қуып, ұсталғандарын өлтіріп отырған, 500 қазақ-қырғызды қолға түсірген. Ал малдарын қалмақтар және өзге ұлт өкілдері талауға салған, архив құжаттарында сол өңірлерде қараусыз қалған малдардың көп екендігі туралы мәліметтер кездеседі. Қашып үлгерген қазақтар Қытай асып кеткен, бірақ ол жақта да қатты қысымшылық көріп, қырғынға ұшыраған.
Бұл көтеріліс туралы 1927 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов халық арасына барып, мәліметтер жинаған. Алматы маңындағы Шымбұлақта, Бекболат Әшекеевтің ауылына қазақтар жиналып, патша өкіметіне адамдар бермейтінін, басқа қазақтармен бірігіп, қарсы тұратынын айтып, бірауыздан шешім қабылдайды. Алматы зауыт-фабрикаларында жұмыс істейтін қазақтар көтерілісшілер қатарына қосылған. Оларды басу үшін Қаскелеңге казак А. Малышев басқарған қаруланған 350 әскер жіберіліп, бірден оқ атып, көтерілісшілердің 15 адамын қырып салады, ту ұстаған Әбіш Бекбатыровтың аты жараланады. Бір аптадан соң Ошақтыға тағы да қаруланған 500 патша әскерін жіберіп, көтерілісті ұйымдастырушы ретінде Бекболат Әшекеевті 18 адамымен ұстайды. Мұны естіген Жайылмыш болыстығының қазақтары жиналып, губернатор Фольбаумға келеді, оларға Б.Әшекеевтің атылатындығы жөнінде хабар береді. Б.Әшекеевтен «Не үшін көтерілісті ұйымдастырдың?» деп сұрағанда, мұның тек жарлыққа ғана байланысты еместігі, сондай-ақ патша өкіметінің отарлық саясаты негізінде қазақтар шұрайлы жерлерінен айырылғаны, қазақтардың таулы жерлерге ығыстырылғандығы, салықты көп мөлшерде төлейтіндіктері туралы жауап берген. Сөйтіп, 1916 жылдың 1 қыркүйегінде Б. Әшекеевті жазалау жөнінде бұйрық шығады, 5 қыркүйекте 73 жастағы Б.Әшекеевті дарға асады.
Осылайша, елінің намысын қорғаған ержүрек батырлар жазаланып, ғасырлар бойы әскери тәртіпке бойұсынған халықтың рухы сынды. Ал Б.Әшекеевтің баласы Әбділдәні 20 жылға соттайды, түрмеде отырады, кейін 1917 жылдың 23 мамырында босап шығады.
1917 жылдың 22 ақпанындағы Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.Н.Куропаткиннің Ресей императоры II Николай өлкедегі 1916 жылғы көтерілістің салдары мен барысы, оны басып-шаншуға қатысты жүргізілген әкімшілік шаралары жөніндегі рапортынан келтірілген мәліметте қазақтардың таулы жерлерде оқ-дәрі, суық қару-жарақ дайындайтын шеберханаларын салып, жазалаушы жасақтардың келе қалған жағдайында дабыл қағатыны, сонымен қатар теміржолдар мен өндірістерде жұмыс істеуге 10 000 «жабайының (туземцы)» жіберілгендігі туралы ақпарат берілді. Бұл деректер қазақтардың өндірісті де игеріп, әскери деңгейде де қолбасшы бола алатынына көз жеткізеді.
Архив құжаттарында қара жұмысқа кеткендердің толықтай тізімі жоқ, бірақ кейбір облыстық басқарма құжаттарында үзік-үзік берілген мәліметтер кездеседі. Мысалы, мына мәлімет жарыққа шыққан басылымда берілген, қара жұмысқа кеткен 250-ге жуық қазақ Витебск, Двинск, Якобштадск аудандарына жіберіліп, жол салу жұмыстарына жегілген.
Аталған көтеріліс Ресейдегі буржуазиялық-демократиялық ақпан революциясына ұласу алғы шартының бірі болғаны анық. Әлемдік деңгейде Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Бірінші дүниежүзілік соғыс зардабының тарихы ретінде танылған.
2014 жылы Түркия елінде әлемнің бірнеше мемлекетінің қатысуымен Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдары мен зардаптарын талдауға арналған халықаралық деңгейде ауқымды іс-шара өткізілді. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві бұл соғысқа, оның зардабына Орта Азия мемлекеттерінің ішінде алғашқылардың бірі болып қарсылық білдірген қазақ халқы болғандығын дәлелді түрде жариялауды мақсат тұтып, ұйымдастырылған көрмеге архивтік құжаттардан көшірмелер жолдаған болатын.
Өткен ғасырдың басындағы ұлт-азаттық көтеріліс ата-бабамыздың аңсаған азаттық жолында елін, жерін қорғап, патшалық отарлық билікке қарсы бір адамдай жұмылып, ынтымақты ту еткен күресі болды.
Мәрзия ЖЫЛЫСБАЕВА,
Қазақстан Республикасы
«Орталық мемлекеттік архив»
РММ директорының орынбасары