Мұхиттың арғы жағалауындағы елдерге білім іздеп барып, жұмыс істеп жүрген қазақ жастары аз емес. Шетелде елдің абыройын асырғандар ішінде атыраулық Әсел Көптілеуова да бар. Оның АҚШ-қа барғанына 20 жылға жуықтаған.
Оның айтуынша, 14 жыл Нью-Йорк қаласының тұрғыны болған. Екі жылдан бері Лос-Анджелес шаһарында тұрады. Кәсібін кинематографиямен байланыстырып жүр. Жақында ол «Miss Asia USA» байқауында бақ сынады.
«Бұл байқау АҚШ-та 35 жылдан өтіп келеді. Кино түсірудің қыр-сырын зерттеп жүрмін. Театрда жұмыс істеймін. Кинофестивальдің бірінде мені аталған байқауға қатысуға шақырды. Биыл байқауға қатысу үшін шығынның бәрін өзім көтердім. Ұстазым Айнұр Амангелдіқызы мен құрбым Әсел Абдрахманованың зор қолдауын сезіндім», дейді Әсел Көптілеуова.
АҚШ-тағы сұлулар байқауының қазылар алқасы Әсел Көптілеуованың сахна мәдениетін меңгергеніне, өнеріне тәнті болған. Үміткерлердің арасынан оны «Miss Asia USA» аталымына лайық деп тапты.
Атырау облысы