• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 20 Желтоқсан, 2023

Теңіз табанындағы тіршілік

208 рет
көрсетілді

Көп жылдан бері Аралдың ұлтанына сексеуіл егу қолға алынып, құм мен тұз бораған теңіз табанынан тіршілік белгісі байқалып келеді. Былтыр ЮСАИД даму агенттігі мен Аралды құтқарудың халықаралық қоры осындай алқаптарды суару үшін теңіз ұлтанынан таза судың көзін тапты. 700 метр тереңдіктен шығып тұрған тұщы су сексеуіл өскіндерін суаруға және «Барсакелмес» қорығындағы аң мен құсты осы маңайға тұрақтандыруға сеп болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл да теңіздің құрғаған ұлтанында 250 мың гектарға фито орман мелиорациялық жұмыстар жүргізу жоспарланған. Жыл сайын жалғасып келе жатқан бұл тынымсыз тірліктен бөлек теңіздің құрғаған ұлтанындағы 150 мың гектардың топырағы зерттелмек. Бұл алда осы маңға егілер өскін түрлерінің тез тамыр жаюы үшін қажет.

Жалпы аумағы 158 гектарға орман молықтыру және көгалдандыру жұмыс­тарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін уақытша орман тұқымбақтарының ұйымдастырылатыны да Сыр алқабындағы тіршілікті түлете түседі деген сенім бар. Алда өртті болдырмау және алдын алу үшін қауіпті учаскелерде 542 шақырымға жаңадан өрт жолақтарын салып, 5 918 шақырымдық ескі өрт жолақтарын қалпына келтіру жоспарда бар. 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғап қалған 1 млн 100 мың гектар алқабына сексеуіл егілуге тиіс болса, қазір бұл жоспардың жартысы орындалып тұр.

Облыс аумағының 7 млн гектарын орман алқаптары алып жатыр. Оның дені – көп күй талғай бермейтін осы сексеуіл. Бүгінде шөлейтке шыдамды ағаш қорын молайту үшін сексеуіл теңіз ұлтанынан бөлек Жезқазған бағытындағы жол бойы­на да егіліп жатыр. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, алдыңғы жылдары 100 мың, былтыр 250 мың гектар сексеуіл егілген. Жалпы, 1 гектар алқапқа 3,5 килодай сексеуіл тұқымы себіледі екен.

Осы күні Аралдың құрғаған ұлта­ны­ның көлемі 4,5 млн гектардан асып кетті. Оның жартысы біздің ел аумағына кіреді. Үздіксіз жүргізілген экологиялық іс-шаралар нәтижесінде оның біраз бөлігі сексеуілді орманға айналды. Орманшылар құрғаған теңіз табанын көгалдандыру Өзбекстан мемлекетіне қарасты аумақта да жүргізіліп жатқанын айтады.

Осы тоғайлы алқапты қорғау, өрт­тен сақтау шараларына жергілікті қазы­на­дан қомақты қаржы бөлініп, оған орман ша­руашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын ны­ғайту мақсатында 2 өрт сөндіру техникасы, 2 трактор, 4 пат­рульдік автокөлік пен 60-қа жуық мотоцикл алынған. Бұл орман өртінің алдын алып, жалын байқалған сәтте жылдам жетіп, өртті ауыздықтау үшін аса қажет.

Орманшылар сексеуіл, сарсазан, барқын, түзгіннен бөлек шөлейтті кли­матқа бейімделген Сыр талы, қарағаш пен үйеңкі талдарын да көптеп егуді жос­парлап отыр.

 

Қызылорда