• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жануарлар 20 Желтоқсан, 2023

Ел ішінде елік жүр

456 рет
көрсетілді

Желтоқсанның ызғарлы күндері адам былай тұрсын, аңды да әбігерге түсірген сыңайлы. Әншейінде қарасын көрсетпейтін елік екеш елік те елді пана тұтып, қотанға кіріп кетті.

Әуелі әлеуметтік желіде жарияланған бейнебаян­­нан көргенбіз. Жақсы аулынан шыққан жолау­шы түсіріпті. Атбасарға тая­ғанда жолдың қос қап­та­лында жүздеген елік жосып жүр. Қарасы сондай көп. Әрине, Көкшетау да­ласы еліксіз емес, бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ дәл мұндай үйір-үйі­рімен жосып жүргенін еш­кім көзіне іліктірген жоқ шығар. Таза ауаға тәбетің ауып, орман-тоғайды аралай қалсаң, бірлі-жарымы жанарыңа ілігетін. Әдемі, тұңғиық көздерімен жасқана қарап, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнауына сіңіп кетер еді. Бұл жолғысы, тіпті, ғаламат. Астығы жиналып алынған алқапта, ағаш баурында жосып жүр. Қара жолдың бойында тыным­­сыз ағылып жатқан көліктен ­де сескеніп, бой тасаламайды. Мұншалықты көп елік қайдан келді екен? Аң жа­йын білемін дейтіндердің айтуына қарағанда, ірге­дегі Сібірден ауған сыңай­лы. Осы пікір қисынға келе­ді. Дәл қазір иен далада елік­тің аузына іліге қоятын азық та жоқ. Сабанды шетелдік комбайндар уақтап үгіп, шашып тастаған. Даланың ер­ке аңы былай тұрсын, жыл­қы жарықтықтың да несібесі азайған.

Ақ қар жамылып, томаға-тұйық күй кешкен жалпақ жонда жан бағатын ырыз­дық таппады ма екен, елік байғұс ел ішіне еніп кетті. Алдымен Көкшетау қала­сы мен Зеренді жақ беттегі саяжайлардың ішінен көзге іліккен. Келесі күні қала­­ның қақ ортасындағы дема­лыс паркінің маңынан та­был­­ды. Қопа көлін жағалай сі­рес­кен мұз үстінде әлдене­­шеуі жүр. Қалай болған күнде ­де тағы емес пе, үркеді, әри­не. Ауыл-ауылдың ішіне кір­ген елік атаулы итке жем бол­масына кім кепіл? Та­би­ғатқа, оның төл баласы елікке жаны ашитын аға­йын шөп шашып, жем төк­се екен дейсің де. Сөйтіп, қолындағы барымен бөліс­се, түз та­ғысы тулақтай тозбай, тұя­ғын сақтап қалар ма еді, кім білсін? «Бір қысқа қоян терісі де шыдайды» дегендей, еліктің еркелі­гін көтеруге елдің елдігі де же­тіп қалар. Шыбын жанын сақтаймын деп шырылдап ауыл аралаған кербез кес­кінді, жаутаңдаған жанарлы жан иесінің обалын ар­қалағанда не табамыз? Қанды ауызын қамдаған ашкөздерге ел­дегі ақсақал тәйт деп тыйым салса, тамаша болар еді.

 

Көкшетау