Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданында 32 клуб, 40-қа жуық кітапхана және бір дәстүрлі өнер орталығы халыққа қызмет көрсетеді. Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов биыл Болашақ ауылдық округіне қарасты Көпкүтір ауылының тұрғындары өз күшімен клуб ғимаратын салып алғанын, жақында қолданысқа берілетінін хабарлады.
Шынында да, бұл аудан тұрғындарының ұйымшылдығы, әсіресе мәдениетке ерекше көңіл бөлетіні көптен айтылып келе жатыр. 2023 жылы ғана мектеп түлектері мен меценаттардың демеушілігімен ауданда 77 млн 400 мың теңге қаражатқа 45 жоба жүзеге асқан.
Айтпақшы, Батыс Қазақстан облысында жекелеген азаматтардың күшімен ашылған үш ауыл музейі болса, соның үшеуі де осы Қазталов ауданында. Олар – Көктерек, Ақпәтер және Қошанкөл аулында. Көктерек аулындағы музей марқұм ұстаз Төлеген Сейіткереевтің күшімен ашылса, Ақпәтер музейін еңбек ардагері Кәрім Өтеғұлов құраған. Ал Қошанкөл аулындағы халықтық музейдің жәдігерлері тек қана жылқы тақырыбына жинақталған. Бұлардан бөлек аудандық тарихи-өлкетану музейі де қызмет көрсетіп тұр.
Биыл Қазталов ауданында жаңа бастама қолға алынды. Яғни жыл басынан аудандағы 16 округтің орталығына «Қазақ радиосы» орнатылып, көшеде саңқылдап сөйлеп тұратын болды. «Алдағы жылы өзге елді мекендерімізде де осы жұмысты жалғастырамыз», дейді аудан әкімі.
Аудан басшысының айтуынша, биыл 29 млн 295 мың теңге қаражат бөлініп, ауданда мәдениет үйлері мен клубтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Қайыңды аулында жаңа мәдениет үйі салынып жатса, Қарасу мен Қошанкөл мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге, Қараөзенде көпбейінді мәдени-спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалып жатыр екен.
Биыл жазда аудан орталығында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған жерлес қайраткер Мансұр Ғатауллинге арнап «Бесеудің хаты» обелискісі ашылғанын бұдан бұрын жазған болатынбыз. Сондай-ақ «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, 3 кезең бойынша зерттеу жұмысы жүргізілді. 16 ауылдық округті қамтыған экспедиция барысында 200-ден аса көне құлпытас, ерте темір дәуіріне жататын 100-ге жуық оба, ортағасырлық қала орындары анықталып, құнды жәдігерлер мен кеңестік дәуірдегі ескерткіштер табылды. Сонымен қатар бірқатар ортағасырлық тұрақ анықталып, жәдігер жинақталды. Бұл жұмыстардың қорытындысы үлкен ғылыми-тәжірибелік конференциямен қорытындыланды.
Қазталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 39 кітапханасы бар екенін айтқанбыз. Бұлардың ішінде 6 кітапхана заманауи үлгіде жабдықталған. Жыл ішінде 1140 шара өтіп, 94 000 көрермен қамтылған екен.
Ауданда жас буынды кітапқұмарлыққа баулудың керемет үрдісі қалыптасып келеді. Биыл оқушылардың жазғы демалысы кезінде «Мен оқыған 30 кітап» атты жоба жарияланып, оған 5-11 сыныпта оқитын кітапсүйер 34 оқырман қатысты.
Демеушілердің күшімен 1 миллион теңге жүлде қоры тігілген байқаудың қатысушыларына арнайы диплом, 30 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Ал кітап оқуда озып шыққан Жансая Бекет – 300 мың теңге, ІІ орын жүлдегері Ілияс Қайсағали – 200 мың, ал жүлделі ІІІ орынға ие болған Толғанай Қыдырғалиева мен Айым Толятти атты оқырмандар 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
«Бұл сайысты 2024 жылы облыстық деңгейде өткізетін боламыз», дейді аудан басшысы.
Батыс Қазақстан облысы