Ақтоғай ауданындағы ауыл мектептерінің оқушылары қыстың суығында тоңып отыр. Білім ұйымдарына көмір жеткізуді міндеттенген мердігер компания отын қорын жеткілікті қамтымаған. Оның үстіне қазандықтарда сапасыз көмір жағылып, жылу параметрлері 50-55 градустан аспай тұр. Мұндай келеңсіздік бірнеше ауылдық клуб пен аудан орталығындағы қос мемлекеттік мекемеде де қалыптасқан.
Жақында Ақтоғай ауданының тұрғындары жергілікті әкімдікке қарасты мемлекеттік мекемелер мен бірқатар әлеуметтік нысанның жылу маусымына дайындығы өте нашар екендігіне шағымданған. Мәселе Павлодар облыстық мәслихат депутаттарының назарына ілігіп, халық қалаулылары Маханбет Амангелдіұлы мен Сәбиден Мантиков аталған өңірге барып, бірнеше елді мекенді аралап қайтыпты.
– Жұртшылықтың шағымы бойынша барғанымызда жағдайдың шынында ушығып тұрғанын көзімізбен көрдік. Харьков ауылындағы Ы.Алтынсарин мектебінде, Қожамжардағы Тіленшин орта мектебінде, аудан орталығындағы төтенше жағдайлар қызметі, ветеринария, ауыл шаруашылығы, коммуналдық шаруашылық, ішкі саясат, мәдениет, білім беру бөлімдері орналасқан қос ғимаратта (Думатов көшесі, 13 және Алин көшесі, 97 мекенжайларында), аудан әкімдігі мен мәслихаты орын тепкен коммуналдық мекемеде болдық. Білім ұйымдары мен атқарушы билік органдарының қызметкерлері отыратын нысандардың қазандықтарында бір тәулікке жетер-жетпес көмір ғана бар, – дейді депутат Маханбет Амангелдіұлы.
Оның сөзіне қарағанда, олар барған барлық мекемелердің іші өте салқын, қызметкерлері әрең шыдап отыр екен. Науқастанып жатқандары қаншама көрінеді.
– Сорақысы, бұл жағдай жылу маусымы басталғалы бері жалғасып келе жатқаны байқалады. Көмір қоры мүлде жасалмаған. Ең көп отын қоры аудан әкімдігінде – бір аптаға жететіндей ғана көмір көрдік. Харьков мектебінің қазандығында істейтін азаматтар пеш агрегатының қондырғылары Екібастұздың тас көміріне негізделіп орнатылғанын, ал мердігер «Инновации Казахстана» ЖШС жеткізіп жатқан сапасыз көмір Баянауылдағы «Сарыкөл» кенішінен екенін баяндады. Сарыкөлдік көмірдің қызуы әлсіз, соған орай қазандықтан шығатын жылу температурасы 50-55 градустан аспай тұр. Норма бойынша ол 75-80 градус болуы керек еді. Біз барғанда мектеп іші өте салқын екен, кіреберіс дәлізде – 14, математика кабинетінде 12-13 градус қана жылы екен. Балалар сыртқы киімдерін шешпестен сабақ оқып отыр. Өткен аптадағы аязды күндері мектеп тіпті салқындап, іштегі температура 6 градусқа дейін төмендеген. Абырой болғанда, ол күндері оқушылар үйден оқыған ғой. Бұған қоса, «Инновации Казахстана» ЖШС қазандықтардың қызметкерлеріне 3 айдан бері жалақы төлемепті, олармен ешбір еңбек шартына отырмаған. Сәйкесінше, мемлекет бюджетіне еңбекақы бойынша тиесілі төлемдерді, алық-салық төлеуден жалтарып отыр, – дейді депутат.
Тағы бір келеңсіз жағдай, жергілікті коммуналдық шаруашылық қызметі, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, өзге бірнеше мемлекеттік мекеме орналасқан коммуналдық нысанның екінші қабатындағы дәретхана құбыры қатты аязда қатып қалған. Қызметкерлер қажетін өтейтін орын таппай дал. Ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейтін 6 қызметкердің 4-еуі суықтан мұрттай ұшып, ауруханада жатқан көрінеді. Ал сол ғимаратқа жапсарлас салынған жергілікті өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері тіпті қиындық көруде. Өрт сөндірушілер кезекті шақыртуды орындап келгенде су-су киімдерін кептіретін орын таппай, кезекшілікте 24 сағат бойы шылқылдап жүр. Ғимараттардағы батареялар үнемі қанжылым болып қана тұрғандықтан, бөлмелер ішінде жылу қайдан сақталсын...
«Инновации Казахстана» ЖШС аудан бойынша көптеген әлеуметтік және әкімшілік ғимараттарды көмірмен қамтуды міндетіне алғанымен, өз жауапкершілігін орындамай отырғаны айқын байқалады. «Аудан басшылығы бұл жайтқа не себепті үнсіз отырғаны таңғалдырады? Талап бойынша, жылу беріле бастайтын қазан айының өзінде мектеп жанында маусым соңына дейін жететін көмір қоры болуға тиіс. Ал біздің көргеніміз – бір тәулікке жететіндей ғана. Одан да сорақысы, әлгі мердігер шарт бойынша әлі 9 жыл бойы ауданның мекемелерін жылумен қамтуға жауаптанған. Қазандықтар сонау 2009 жылы шығарылған, техникалық төлқұжатына қарасақ, жарамдылық мерзімі 2019 жылы бітіп қойыпты» деп тағы бір мәселенің шетін шығарды халық қалаулысы.
Анықтағанымыздай, «Инновации Казахстана» компаниясы 2018 жылы құрылыпты. Басшысы Руслан Рүстемовке бірнеше мәрте телефон шалдық, көтермеді. Серіктестік заңды түрде тіркелген мекенжайында жеке тұрғынның үйі орналасқан. Ал әлгі мекенжайда одан бөлек, тағы 6 серіктестік тіркеліпті. Сондықтан бұл сайда саны, құмда әзі жоқ кәсіпорын тәрізді. Анықтағанымыздай, 2022 жылдың тамыз айында компания мемлекеттік конкурста жеңіске жетіп, Ақтоғай ауданындағы 12 мектепті, 3 ауылдық клуб пен 2 коммуналдық мекемені жылумен қамтып тұруды өз міндетіне алған. Аудан әкімінің орынбасары Ермек Машрықовтың сөзінше, мердігер өткен қыста да жауапсыздық танытып, аталған нысандар жылуға жарымаған. «Мәселені аудан басшылығы жақсы біліп отыр. Арнайы актив өткізіп, мердігерге 1 ай мерзімде жағдайды дұрыстауға уақыт берген едік. Уәделі мерзім өтіп, компанияны сотқа бердік. Келер жылдың басында шартты бұзамыз деген ойдамыз. Думатов және Алин көшелерінде орналасқан коммуналдық мекемелерге, ауылдық клубтарға біздің әкімдік жауапты болғандықтан, оларды көмірмен қамтамасыз етуді өзге жеткізушілер есебінен жүзеге асырып, биыл қыста амалдай тұрамыз. Ал келер жылы конкурсты қайта өткіземіз», дейді ол.
Өңірлік білім беру басқармасы басшысының орынбасары Самал Қадырова төмен температура 7 бірдей мектепте, атап айтқанда, Ы.Алтынсарин, Тіленшин, Еңбекші, Қ.Сәтбаев, Қараоба, Қ.Ыдырысов, Мүткенов мектептерінде тіркелгенін айтып өтті. «Мердігерге бір апта уақыт берілді, 22 желтоқсан күні нәтижесі болмаса сотқа беріп, шартты бұзуға дайын отырмыз», дейді басқарма өкілі. Айтуынша, қазір аталған оқу ұйымдарындағы ішкі температура 17-22 градус аралығында сақталып тұр. Алдағы күндері ауа райы өзгеріп, аяз көтерілетін болса, оқушыларды қашықтан оқыту мәселесі қаралып жатыр.
Айтып өтейік, Әуелбек ауылындағы Қ.Ыдырысов мектебі 2022 жылдың басында қазандықтың дұрыс жағылмауынан қатып қала жаздаған. Келеңсіздік осымен екінші рет қайталанып отыр. Аудан әкімі Қаршыға Арынов сол тұста жеңіл сөгіспен құтылған еді. Ал биылғы жағдай одан да сорақы болып тұрғанға ұқсайды. Бір ғана емес, оннан астам білім беру ұясын бақылаусыз қалдырып, онымен қоса суық кабинеттерде жаурап отырған әкімдік қызметкерлеріне жанашырлық танытпай отырған аудан басшысының шарасыздығын облыс әкімі мен қадағалаушы органдар назарға алуға тиіс деп ойлаймыз.
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы