• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Желтоқсан, 2023

Жаңа жылда шырша безендіру салты қайдан пайда болған?

577 рет
көрсетілді

Тоғыз күннен кейін жаңа жыл табалдырықтан енеді. Бұл мерекені тойлау, әсіресе, балғын балалар үшін қызық әрі көңілді. Жаңа жылды жарқыраған жасыл шыршасыз елестету мүмкін емес.  Шырша қашан мереке символына айналды, жаңа жылда не үшін шырша безендіріледі? Тарихы мен тақырып аясында қалыптасқан түсініктерді тарқатсақ?

Солтүстік Еуропа халықтары христиан діні келгенге дейін қысы-жазы жасыл болып тұратын шыршамен үйді сәндеп отырған.

Еуропа халықтары дәстүрге сай ағаштың рухы бар деп санаған. Олар шырша бұтақтарын безендіру ағаш рухын тыныштандырудың ең оңай жолы деп түсінді. Мысалы, неміс халқы үшін қылқан жапырақты ағаштар мәңгілік өмірді бейнелейді. Оған қоса,  Күн осы жасыл ағашқа нұрын ерекше төгеді деген нанымы бар. Сондықтан қыс уақытында үйдің ішіне шырша орнатып, безендіріп отырған.

Ерте кезде шыршаны әртүрлі тәттілермен: түрлі-түсті тысы бар жаңғақтармен, кәмпиттермен және көкөністермен безендірген. Бұтақтарында балауыз шамдар жанып тұратын, кейінірек оларды электр шамдары алмастырды. Ал жылтыр түрлі шарлар бертін келе, шамамен 100 жыл бұрын пайда болған. 

Жаңа жылда шырша орнату дәстүрін Ресейге Пётр I патша әкелген.  Ол 1700 жылы жаңа жылды 1 қыркүйекте емес, 1 қаңтарда тойлау жөнінде жарлық шығарған. Жарлықта үлкен көше бойына,  мәдени және рухани орындардың алдына шырша қою жарғысы жазылған.  Дегенмен, патша көз жұмған соң жаңа жылда көшелерді шыршамен безендіру ұмыт қалады. Тек, 1818 жылы Николай I патшаның отбасында Жаңа жылды шыршамен сәндеу қайта қолға алынады.  XIX ғасырдың аяғында Жаңа жыл қарсаңында шыршаны әдемі ойыншықтармен безендіру Ресей империясы аумағында қалыпты жағдайға айналды. 

1954 жылы алғаш рет Кремль шыршасы орнатылды және күні бүгінге дейін сол дәстүр үзілмей келеді.

Бүгінде жаңа жылдағы ерекше оқиға күнтізбенің ауысуымен байланыстырылады.