Экономиканың қозғаушы күші – өнеркәсіп. Бірақ бұл бұлжымас ақиқатты өмірде іске асыру қиынның қиыны. Біздің ел әу бастан шикізаттық сатылымға арқа сүйейтін ел, десе де әр жылдары әртүрлі бағдарлама аясында өнеркәсіпті дамытуға күш салып келеді. Бірі – нәтижелі, бірі – нәтижесіз. 2023 жылы да бұл салада аз жұмыс атқарылған жоқ. Жалпы сомасы 376,3 млрд теңгеге 91 өнеркәсіп нысанының іске қосылуының өзі – тәуір көрсеткіш.
Ал жыл соңына дейінгі меже – 170 жобаны іске қосу. Егер бәрі көлденең қатерсіз жүзеге асса, өндіріс көлемі 3,4 трлн теңгеге жететін көрінеді. Өндіріс орындарының іске қосылуы 6,2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнының ашылуына себеп болған. Қазіргі өнеркәсіптік саясат өнімділігі жоғары, экспортқа бағдарланған экономиканы құруға және шикізаттан өңдеу өнеркәсібіне көшуге бағытталған. Мәселен, 2023 жылы Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ ыстық крикетті темір өндіру зауыты іске қосылды, онда жылына 4 млн тоннаға дейін ыстық крикетті темір шығару жоспарланып отыр. Бұл жобаның іске қосылуы өңірді қосымша 500 жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Астана-Моторс» компаниясы Алматы қаласында қытайлық «Chery», «Changan», «Haval» брендтерінің жеңіл автомобильдерін шығаратын мультибрендтік зауытты іске қоспақшы. Ол 115 млрд теңгеге 2 200 жұмыс орнын құрумен жылына 90 мың автомобиль шығаруды көздейді. Ілкімді жобалар қатарында Абай облысындағы жаңа мыс балқыту зауытының құрылысын айтсақ болады. Құны – 587,8 млрд теңге. 1 083 жұмыс орнын құрып, 314 мың тонна-катодты мыс, 1 277 мың тонна күкірт қышқылы, 166 мың унция құймадағы алтын, 4 629 мың унция-құймалардағы күміс шығару жоспарланып отыр.
Ел экономикасына серпін беретін жобалар деп Жамбыл облысындағы минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты, Батыс Қазақстан облысындағы «Сатимола» кен орны базасында калий тұздарын өндіру бойынша байыту-өндірістік кешенінің құрылысын айтуға болады.
Биыл ерте көктемде Үкімет қаулысымен өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған өзекті тұжырымдамасы бекітілген еді. Тұжырымдама мынадай қағидаттарға негізделген:
Қосылған құны жоғары өңделген өнімді өндіруге назар аудару; Өнеркәсіптік-инновациялық және аумақтық дамуды ұштастыру; Ішкі мүмкіндіктерді ескере отырып, сыртқы нарықтарға бағдарлану; Мемлекеттің, қоғамның және бизнестің стратегиялық мүдделерінің теңгерімі.Егер бәрі тура тұжырымдамада жазылғандай етіп істелсе, онда өңделген өнім экспортының көлемін 36 млрд долларға дейін жеткізуге, тиісінше салықтар мен бюджетке түсетін басқа да міндетті түсімдерді 5,8 трлн теңгеге дейін ұлғайтуға болады екен. Ал саладағы жобаларды қаржыландыруға былтыр және биыл 620 млрд теңге қарастырылған. Шағын және орта бизнес субъектілерін инфрақұрылымдық қолдаумен қамтамасыз ету үшін мемлекет «шағын өнеркәсіптік аймақтар» бағдарламасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібі саласында ШОБ субъектілерінің өндірісін орналастыру үшін жаңа дайын өндірістік үй-жайларды салуды және жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңартуды көздейді.
Өнеркәсіп нысандарын тиісті шикізатпен қамтамасыз ету де – қордалы мәселе. Кәсіпорындардың шикізатқа деген қолжетімділігін арттыру үшін арнайы пакет те қабылданды. Өзгеріс шеңберінде отандық өнеркәсіп үшін маңызды үш металл, атап айтқанда, алюминий, мыс және қорғасын айқындалды. Жыл сайын елімізде 249 мың тонна алюминий өндіріледі, ел ішінде соның 17 пайызы (42 мың тонна) қайта өңделеді екен. Ал 109 мың тонна қорғасынның 19 пайызы (21 мың тонна), 453 мың тонна мыстың 3 пайызы (7,5 мың тонна) қайта өңделеді. Қазіргі уақытта металдарды ішкі тұтыну үлесі: алюминий бойынша – 17 пайыз, қорғасын бойынша – 19 пайыз және мыс бойынша 1,5 пайыз болып тұр.
2029 жылға дейін металдарды, алюминийді ішкі өңдеу көлемін 5 есе 166 мың тоннаға (67 пайыз), қорғасынды 4 есе 81 мың тоннаға (74 пайыз) және мысты 13 есе 91 мың тоннаға (20 пайыз) дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өнеркәсіптік кешен өнімдерін ішкі нарықта ілгерілету бойынша бірқатар қосымша шара қабылданды. Офтейк-келісімшарттар және ұзақмерзімді шарттар арқылы өңдеу өнеркәсібі тауарларын кепілді жеткізу шарттарын жасасу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Осы тәсілдің арқасында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 19,9 трлн теңге болды. Бұл ретте ел ішілік құндылық үлесі – 53,5 пайыз немесе 10,6 трлн теңге. Бейінді ведомство мен жүйе құраушы кәсіпорындар, табиғи монополиялар субъектілері, ұлттық компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және жергілікті өндірушілер арасындағы кездесулер мен келіссөздер нәтижесінде биыл 9 айда 47,5 млрд теңге сомасына 35 ұзақмерзімді шарт және 4,8 млрд теңге сомасына 10 офтейк-келісімшарт жасалды.
Қазір ел аумағында әртүрлі салалық бағыттағы 14 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істеп тұр. АЭА әлеуетін одан әрі іске асыру мақсатында Үкімет АЭА жұмыс істеуін қамтамасыз етуде жаңа тәсілдерді енгізді. Ол тәсілдер:
Орналастырудың аралас режімі; АЭА қатысушыларына жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығын беру; Салықтық преференцияларды таратудың сараланған тәсілі.АЭА жер учаскесін және дайын инфрақұрылымды алудың басым құқығы есебінен жобаларды жедел пайдалануға беруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, арнайы экономикалық аймақтарда экономиканың басым секторлары үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қолданылады.
АЭА аумағында АЭА басымдықтарына жатпайтын өңдеуші өнеркәсіп жобаларын орналастырудың аралас режімі соңғысына салынған инфрақұрылымды пайдалануға мүмкіндік береді, бірақ салықтық және кедендік жеңілдіктерді қолданбай. АЭА қатысушыларында инвестициялық міндеттемелерді орындау кезінде жер учаскесін мерзімінен бұрын сатып алу құқығы бар. Бүгінде АЭА шеңберінде 24 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 2,8 трлн теңге сомасына 325 жоба іске асырылды. Сондай-ақ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде технологиялық күрделілігіне, жобаны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық әсеріне қарай салықтық преференцияларды таратудың сараланған тәсілін енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
2023 жылы мемлекет елімізде бұрын өндірілмеген бірқатар жаңа өнімді (мұнай химиясы, автомобиль жасау, электртехника, энергетика саласында) шығаруды жолға қойды. Оларды біртіндеп санамалап өтер болсақ, төмендегідей шағын тізім қалыптасады:
Мұнай-химия реагенттері (парафиногид-Рато тұнбаларын кетіргіш, парафин тұнбаларын кетіргіш, ингибиторлар, сүзуді төмендетуге арналған реагенттер, бұрғылау ерітінділеріне арналған реагенттер, сұйық майлау) – «Мұнайхим Ltd» ЖШС, Ақтөбе облысында мұнай-химия реагенттерін өндіру зауыты. 406 млн теңгеге 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 2 мың тонна; Жиілікпен реттелетін электр жетектері – «Power Conversion System» ЖШС. Астана қаласында жиілікпен реттелетін электр жетектерін шығаратын зауыт. 956 млн теңгеге 20 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жыл сайын 800 бірлікке дейін жиілікпен реттелетін электр жетектері; Электр жабдықтары (жоғары тұрақты аз тұтынатын термостатталған кварц генераторлары) – «Art Xtal» ЖШС. Электр жабдықтарын шығаратын зауыт (жоғары тұрақты аз тұтынатын термостатталған кварц генераторлары). Астана қаласында 370 млн теңгеге 10 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 24 000 бірлік; Jetour маркалы автомобильдер – «СарыарқаАвтоПром» ЖШС Қостанай облысында Jetour автомобильдерін өндіру желісін ашты. 1,3 млрд теңгеге 100 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 10 000 бірлік; Күн панельдеріне арналған картридждер – «Майами Солар» ЖШС. Жетісу облысында күн панельдерін өндіреді. 2,2 млрд теңгеге 80 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қуаты – жылына 100 000 картридж.Үкімет 2023 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс шеңберінде 42 келісімшарттың қолданысын тоқтатты. Оның ішінде 28 барлау келісімшарты, 7 бірлескен барлау және өндіру келісімшарты және 7 қатты пайдалы қазба өндіру келісімшарты бар. Сонымен қатар қатты пайдалы қазбаларды барлауға 72 лицензия қайтарып алынған. Қайтарылған объектілер аяқталғаннан кейін заңнамада белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдалану қажеттіліктері үшін қайтадан қолжетімді болады. Атап айтқанда, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізілгеннен кейін барлау объектілерін жер қойнауын пайдаланушылар қатты пайдалы қазба барлауға лицензия алуға өтініш бойынша ала алады.
Өндіру объектілеріне қатысты «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін кен орындарын аукционға қою туралы шешім қабылданбақ. Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы мүдделі тараптармен және мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұр. Өндіру кен орындары бойынша қол қою бонусы (кен орнының бастапқы құны) аукцион жарияланған кезде қорлардың болуы мен пайдалы қазбалардың нақты құнына сүйене отырып есептелетін болады. Бүгінгі күні тоқтатылған келісімшарттар бойынша пайдалы компоненттер: хризопраз, барит, титан, цирконий, алтын, көмір, темір, сондай-ақ техногендік-минералды түзілімдерде (ТМО) кездесетін компоненттер болып саналады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2 пайыз), машиналар мен жабдықтарды (+22,5 пайыз), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3 пайыз) шығару есебінен машина жасау 28,1 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9 пайыз) өсуі есебінен өсім 19,8 пайызды құрапты. Химия өнеркәсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8 пайыз ) өсуі есебінен 3,1 пайызға жеткен.
Министр бұл салада 613 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті. Мемлекет басшысының Жолдауын орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, базалық инфрақұрылымды қалыптастыру, ірі және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ нарықты жеңілдікті қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 70 пайызға, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18 пайызға төмендеген.
«Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», дейді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Ол Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын айтты. Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Оның сөзінше, ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және офтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық берілмек. Премьер-министр мәлім еткендей, бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды және қысым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді. Оның айтуынша, қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылмақ.
Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатқанын да айтып өтейік. Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 есе, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есе арттыруға жол ашады. Сонымен бірге биыл жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары да мәресіне жетті. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары қарастырылады. Үкімет қазіргі таңда өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыттар мен міндеттер белгіленгенін, енді олардың белсенді түрде іске асырыла бастайтынын айтады.
Өнеркәсіптің өркен жаюына көптеген фактор әсер етеді. Соның ішінде кәсіпорындарда инновациялық технологияларды енгізудің жаңа тәсілдерін байыптауды, ірі жобаларды инфрақұрылымдық және ресурстық резервтермен басым түрде қамтамасыз ету механизмін әзірлеуді, сондай-ақ инвестиция тарту жұмыстарын өзектендіру қажеттігін айрықша атап өтер едік. Қазіргі сәт – Қазақстанның шикізаттық елден өндірістік елге аяқ басар тағдыршешті кезеңі. Оны абыроймен аттап өту аса маңызды. Өйткені өнеркәсіп – тым сезімтал сала. Сонысымен де абыройлы, сонысымен де күрделі. Мемлекет бұл белесті өз деңгейінде бағындырып, отандық өнеркәсіптің гүлденуіне тиісті жағдай жасайды деген сенім бар.