Өткен жұма күні Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған «Погонды журналист» жобасы мен «Менің полициям» республикалық балалар байқауының нәтижелері бойынша үздіктер марапатталды.
Іс-шараға қатысқан Ішкі істер министрлігінің аппарат басшысы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеев министрліктің бастамасымен өткен шығармашылық байқаулар мен жобалардың журналистер мен құқық тақырыбында қалам тартып жүрген жастар арасында танымал болып келе жатқанын айтты. Оған дәлел – жыл сайын қатысушылар саны да артып келеді.
– Биыл «Погонды журналист» жобасы үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – полицияның құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді жариялап, оның ашықтығын қамтамасыз ету, журналистермен өзара ынтымақтастықты нығайту. Биыл жобаға республикалық және өңірлік БАҚ-тың 63 журналисі қатысып, 90-нан астам материал БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланды. Жобаға қатысушы журналистер полицияның бір күндік өмірі туралы жан-жақты әрі қызықты материалдар әзірледі, – деді министрліктің аппарат басшысы.
Оның айтуынша, «Менің полициям» балалар байқауы талантты балаларды қолдау, оларды отбасына, өз еліне деген сүйіспеншілікке баулу, балаларды полицияның қызметіне бағдарлау, құқық бұзушылыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Шығармашылық байқау «Үздік эссе», «Үздік Тикток», «Үздік бейнеролик/vine» аталымдары бойынша барлық аумақтық бөліністе өткізілді. «Іріктеу турының қорытындысы бойынша балалардың 70-ке жуық жұмысы «үздік» деп танылып, қазылар алқасына ұсынылды. 21 бейнематериал, 23 эссе, 18 тикток жұмысын танымал қаламгерлер, тіл мамандары мен телевизия саласының майталмандары бағалап, әділ бағасын берді. Балалар «Менің әкем – полицей», «Полиция – қауіпсіздік пен тәртіптің тірегі», «Бейбіт күннің батырлары», «Есірткіге жол жоқ!», «Мектептегі қауіпсіздік», «Бала – басты жолаушы» тақырыптарын арқау етіп, өз шығармаларын ұсынды», деді Оңал Бекеев. Жалпы, балалар шығармашылығына арналған байқау полицейдің позитивті образын қалыптастыруға және балалардың полиция мамандығына деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға септігін тигізген.
Сонымен «Погонды журналист» жобасының қорытындысы бойынша «Ең креативті журналист» дипломымен «Polisia.kz» медиа-порталының тілшісі Ақмарал Махамбетәлі, ал «Кәсібилік пен журналистік шеберлігі үшін» дипломымен осы жолдардың авторы марапатталды.
«Жылдың үздік жобасы» дипломы «Bag.kz» ақпараттық агенттігінің аға тілшісі Гүлжан Раманқұловаға бұйырды. Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілім мен «Сақшы» газетінің тілшісі Гауһарай Есімова «Үздік мақала» дипломына ие болды.
«Хабар» телеарнасы «Оян» таңғы бағдарламасының тілшісі Қаракөз Кенжебаева «Үздік бейнематериал», Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Азамат Тілепов «Үздік аудио материал», «Polisia.kz» журналының тілшісі Наталья Мосунова «Ең ұтымды тақырып» дипломдарымен марапатталды.
Осы күні «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Әсет Сыздықовқа «Қазақстан полициясына 30 жыл» естелік төсбелгісі табыс етілді. «Юридическая газета» газетінің тілшісі Линара Сақтағановаға ІІМ-нің Құрмет грамотасы берілді.
«Менің полициям» республикалық балалар байқауының қорытындысы бойынша «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен Астана қаласы №95 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушысы Айзере Қорғанбекова, «Жас қалам» аталымы бойынша дипломмен Астана қаласы «Зерде» мамандандырылған мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрәли Кенжеғожа марапатталды.