• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 26 Желтоқсан, 2023

Тіршілік нәрінен тарығып отыр

199 рет
көрсетілді

Тәтті су таңдайына тиме­ген ауыл азаматтары аз емес. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт То­қаев сайлауалды бағдарлама­сында «Әрбір үйде ауыз су болуы керек» дегені жұрт­тың есінде. Бұл дегеніміз ел тұрғындары 100 пайыз жарамды сумен қамтылуға тиіс дегенді білдірсе керек. Ал өңірлерде өзекті мәселе оңынан шешіліп жатыр ма?

Ауыз су құбырын жүргізу жұ­мыстары кейде әлдекімдер үшін майшелпек сияқты көрінетіні жа­сырын емес. Бір жарым жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу ауылындағы жамағаттың жанайқайы «Egemen Qazaqstan» газетінде «Жарлысу жарамды суға жарымай отыр» деген тақырыппен жарық көрді. Бұдан бөлек, Сөгеті, Мамай ауылдарының халқы тіршілік нәрінен тарығып отырғанын жаздық. Мақалада барлық тарап­тың пікірін қамтыған едік.

Шіліңгір шілдеде жалғыз құ­д­ыққа кезекке тұрған, автокө­лікпен, есек арбамен суға талас­қан бұқараның жанайқайын биліктің назарына ұсындық. Ауыз судың азабына қатысты бұ­дан өзге де мақалалар жарық көр­ді. Бірақ өзекті мәселе оңынан шешілер күннің төбесі көрінер емес. Уақыт болса сынаптай сыр­ғып өтіп жатыр.

Таяуда Мойынқұм ауданына қарасты Шығанақ ауылының тұрғындары ауыз судың тапшы­лығын айтып дабыл қақты. Журналистермен жүздескен жұрт «бал» татыған су ішуді армандамаса да, балықтың дәмі шығатын судан қашан құтыламыз деп шағым айтты.

Тұрғындардың айтуынша, әредік бес елді мекеннің жұрты Балқаш көлінің суын тұтынады екен. Балық жүзетін суды амалсыз ішуге мәжбүр болып отыр ғой. Әрине, ауылдағы ағайынның мұндай жағдайға жетуі – өзекті өртейтін өкініш. Еліміз өркениет көшіне бет түзеген уақытта ауыл тұрғындарының өркениет атаулы әлемнен тыс өмір сүріп жатқаны толғандырмай қоймайды. Шал­ғайдағы аудан халқының мұңы шынында жан ауыртады.

Дерекке сенсек, 500 млн-нан аса қаражат жұмсалып салынған су стансасы істен шыққан. Бірне­ше жылдың бедерінде жұмыс істе­мей тұрған. Зардабын жергі­лікті халық тартып отыр. Ащы суды тәттіге айналдыратын құрылғының тазарту жүйесі істен шығуы салдарынан халық балықтың күйін кешіп отыр. Жергілікті жұртты тәтті сумен жарылқау үшін екі цистернамен ауыз су тасымалданады-мыс.

Жергілікті атқарушы билік мердігерлер жұмысты бастап кеткенін алға тартқанымен, ауа райының қолайсыздығына байланысты ақпан айында жұмыс тоқтайтынын жасырмайды. Олар көктем мезгілінде ауыз су мәселесі толығымен шешімін табатынына бек сенімді. Соған қарағанда, ауылдағы ағайын әлі бірнеше ай бойы балықпен бірге күнелте тұратын секілді. Амал жоқ қой.

Шалғайдағы ауданда өткір мәселе аз емес. Қылышбай ауы­лын­дағы салынған су ғимаратына жұмсалған қаржы да қомақты. 538 млн теңге желге ұшқан жоқ па деген ойға шомасың. Ауыл әкімі Бәкір Исабеков геоло­гиялық зерттеу жүргізілген кезде қателік кеткенін тілге тиек етіп отыр. Сонда кінәлі кім? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Кейде бюджеттің қаражаты құмға сіңіп жатқандай әсер етеді. Мәселен, Тұрар Рысқұлов ауда­нына қарасты Жарлысу ауылын ауыз сумен жарылқау үшін де миллиондаған қаражат жұмсалғанын, нәтижесінде жерден шыққан техникалық суды жергілікті халық тұтынудан бас тартқанын да ашына жаздық. Жылдар жылыстап өтіп жатыр, алайда ауыл жұртын толған­дырған мәселе әзірге шешімін табар емес. Алдағы жылы оңынан шешіле ме, кім білсін?

Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Жарлысу, Сөгеті, Мамай ауылдарындағы мәселені тәптіштеп жазған бізге ауыл тұрғындары жиі хабарласады. Айтатын уәжі бұрынғыдай: «Ауы­лымыздағы ауыз судың мә­се­лесі қалай, қашан шешіледі?» де­генге саяды әңгіме ауаны.

Балқаш суына тәуелділіктен арылмаған Мойынқұм ауданын­дағы елді мекен тұрғындары үшін тұщы су дегеніңіз тәтті ар­ман­ға айналып барады. Олар үшін айналаны көгеріштендіру дегеніңіз қиял әлемі сияқты кө­рінеді. Ал ауылдықтардың мәсе­лесін оңынан шешу үшін су стансасын қайта қалпына кел­тірмек керек. Тағы да бюджет қаржысы кететін сыңайлы. Сонда қазынаның қаржысы сапасыз жұмыс үшін осылайша шашыла бере ме? Жауаптылардың жауапкершілігі қайда қалмақ? Айыпты адамдарды табу әсте қиын ба? Тағы да сұрақ көп, жауап жоқ.

«Осы жазда судың тапшылы­ғын айқын сезіндік десек, қате­лес­пейміз. Бір айға жуық уақыт зардабын тарттық. Күн күйіп тұрды. Жарық та жиі сөнді. Бар азық-түлігіміз бүлінді. Ал бізде азық-түлік құны өте қымбат», деген шығанақтық Раушан Архимованың жүзінен ызаның табын аңғару қиын емес еді.

Ашығын айтсақ, ауыз су­дың азабын тартқан ауылдар жетерлік, ондағы жағдай мәз емес. Тіпті кейбір ауылдардағы мәселені тиімді шешу үшін қарас­тырыл­ған қаражат қайда кетті деген заңды сауал туындайды. Мәселен, Жарлысудағы жағдай ше? Мил­лиондар қайда жұмсалды? Жауапты мердігер кінәлі болса, жылдар бойы мәселені неге шеш­пейді? Кімді айыптауымыз керек? Бұл сұрақтарға нақты жауап табу қиынның қиынына айналған секілді. Дәл жауап беруден гөрі кейде жергілікті атқарушы билік ауыз су мәселесін алдағы жылдары шешудің жолын қарастырып жатқанын айтудан жалықпайды. Сенгіміз келеді. Бірақ зымырандай зулаған уақыт уәдені құрғақ сөзге айналдыра ма деген қауіп те жоқ емес.

Орталық коммуникация­лар қызметінде брифинг өт­кіз­ген өңір басшысы Ербол Қа­­рашөкеев жарлысулықтар мен Мойынқұм ауданындағы жұрт­­ты алаңдатқан сауалды ті­ке­­лей өзі бақылауға алатынын ай­­тып қуантты. Әлбетте, бұл жұ­­мыстар уақытында сапа­сыз ат­­қа­рылғандықтан өткір мә­се­ле туындап отырғаны даусыз. Өңірдің жаңа басшысы халық­тың көкейіндегі проблеманы дер кезінде шешсе, жергілікті жұрттың алғысын арқалайтыны анық. Солай болсын деген тілек қана бар.

Ағын су мен ауыз судың зардабын қатар тартып келе жатқан жамбылдықтар екі проблема да уақтылы шешілсе дегенді жиі айтып жүр. Алдағы уақытта өңірде он шақты су қоймасы салынбақ. Ол нысандарды да мердігерлер сағызша созып, жұмысын сапасыз атқарып кетпесе дейміз. Барлық жұмыстың уақтылы әрі сапалы атқарылуын жергілікті билік назарда ұстаса құба-құп.

 

Жамбыл облысы