Керекудегі автожолдардың күтіміне жауапты мердігер компаниялар қысқы уақытқа сақадай саймыз деп отыр. Қараша айынан бері өңірде ақ ұлпа анда-санда ұшқындағаны болмаса, жолдарды бітеп тастайтын ақ түтек борандар әзірше тіркелмеді. Мамандар негізгі ылғал қаңтар мен ақпанда келеді деп болжайды. Сондықтан жолға қызмет көрсететін ұйымдарды нағыз сынақ алда күтіп тұрған-сынды.
Павлодар облысындағы жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға қазынадан биыл 3,4 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың есебінен автокөлік жолдарын тазалау, техникаларды жалға алу, жазда және қыста күтіп ұстау қарастырылған. Өңірлік жол қызметінде қазіргі күні 96 азаматтық қорғаныс құрылымы, 798 қызметкер, 218 инженерлік және 116 автокөлік техникасы, 1 жол-көпір бригадасы, 18 жол тобы бар. Республикалық маңызға ие жолдардың жалпы ұзындығы 1 663 шақырымды құраса, оның 1 473 шақырымына мердігер компания «ҚАЖсервис» ЖШС қызмет көрсетеді. Ал Павлодар – Астана автожолының ақылы бөлігін (191 шақырым) күтіп ұстауға «Яссы Құрылыс» ЖШС жауаптанған. «ҚАЖсервистің» жергілікті филиалында 94 меншікті техникасы бар. Олардың қысқа дайындығы 100 пайыз делініп отыр. Сонымен бірге 13 өндірістік база мен 10 жылыту пункті даярланып қойған.
«ҚазАвтоЖол» АҚ өңірлік филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненконың айтуынша, павлодарлық мекеме өткен қыста жолдарды нормативті тазалау уақытын қысқарту мақсатында бес бірдей құрама жол машинасы мен алты арнайы тиегіш трактор жалға алған. Ал биыл 21 техника сатып алыныпты. Жыл соңына дейін тағы 10 құрама машина жеткізіледі деп жоспарланған.
«Яссы Құрылыс» фирмасының өкілдері 35 арнайы техникамыз бар, Павлодар – Астана автобанының өзімізге тиесілі бөлігін қардан уақтылы тазалап тұруға толық дайынбыз деп білек сыбанып отыр. Бұл аумақта да өндірістік базалар мен 2 жылыту пункті дайын. Кәсіпорын қосымша төрт құрама жол машинасын және бір шнекороторды жалға алу туралы шартқа отырып қойған. Жолға қызмет көрсететін ұйымдар қысқы уақытқа 15 мың текше метр құм, 1 700 текше метр сепкіш материал мен 4 300 тонна тұзды қоймаларда сақтап отыр. Бұған қоса резервте көктайғаққа қарсы 75 тонна реагент бар.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Ақылбек Баяхметов өңірдегі автожолдарда қар басып қалатын учаскелердің саны биыл айтарлықтай азайғанын айтады. Яғни былтыр әлгіндей қауіпті жол бөліктерінің саны – 257 болса, биыл олар 215-ке дейін төмендеген.
«Павлодар облысындағы жолдар бойында бұған дейін 44,33 шақырым қар ұстайтын қалқандар болса, биыл ол тағы 3 шақырымға ұзарды. Республикалық жолдардың бойында көбіне темірбетонды қалқандар тұрғанын көрген боларсыздар. Облыстық және аудандық жолдардың бойында жылжымалы ағаш құрастырмалар қалқан ретінде пайдаланылады. Павлодар – Астана жолындағы бүйір қоршаулар қыста қар баспауы үшін алынып тасталды. Ал белдеу қоршаулары қалдырылды. Себебі жолда кейбір автокөліктердің дөңгелектері қысқа сай болмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, жол-көлік оқиғаларын тудыратыны мәлім. Жергілікті жолдардың бойындағы бұталар да тазартылды. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде қар ұстауы ықтимал учаскелер барынша азайып отыр», дейді А.Баяхметов.
Маманның сөзінше, биылғы қыстың ерекше жылы болып тұруы алдағы көктемде бірқатар қауіп-қатерге соқтыруы мүмкін. Күннің біресе күрт жылынып немесе қатты аяз тұруынан топырақ қабаты біркелкі тоңданбайды. Салдарынан жерде мұз қабаттары пайда болып, жазғытұрым қар біркелкі ерімейді. Сәйкесінше, өзен сулары ерте көктемде тасып, су тасқыны жиі болатын аумақтарда қауіпті жағдай қалыптасуы ықтимал. Тоң болып қалған топырақ қабаты жібігенше біраз уақыт керек. Оның үстіне қазіргі күні облыста тұрақты қар жамылғысы мүлде жоқ деуге болады. Аталған факторлардың барлығы көктемде жағдайды ушықтыратыны анық.
Павлодар облысы