Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында дзюдодан жүлде қоры 100 мың долларды құраған халықаралық «Jenys Cup» турнирі өтті. Ел аумағында тұңғыш рет ұйымдастырылған командалық сайыста 11 мемлекеттен келген 17 клуб күш сынасты. Олардың қатарында дүбірлі додаларда дараланып жүрген белді балуандар да аз болған жоқ.
Аталған жарысқа Қазақстан мен Ресейдің төрт клубы қатысса, Франция, Испания, Өзбекстан, Грузия, Моңғолия, Қырғызстан, Әзербайжан, Беларусь және Тәжікстан бір-бір командадан қосты. Бұл мемлекеттердің барлығында күрестің осы түрінен жеңіспен өрілген бай дәстүрі барын жанкүйерлер жақсы біледі. Сонымен қатар әр команда өз қатарын легионерлермен толықтыруға құқылы еді. Алғашында қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, бір-бірімен шеберлік байқасты. Солардың арасынан суырылып шыққандары жүлделі орындар үшін таласты.
Қазақстанда жасақталған ұжымдар арасында ең жақсы көрсеткішке «Жеңіс» клубы қол жеткізді. Бұл команданың сапында еліміздің танымал балуандарымен қатар, әлем мен Еуропаның екі дүркін чемпионы, сол жарыстардың күміс жүлдегері Тато Григалашвили (Грузия), Азия ойындарының жеңімпазы Ерлан Шеров (Қырғызстан), жастардың әлем біріншілігінің жеңімпазы Сабо Инанейшвили (Грузия), тағы басқа бір топ легионер өнер көрсетті. Турнир барысында Испанияның «Spanish Judo Car-Madrid», Беларусьтің «Stayki» және Моңғолияның «Genco» клубтарын қапы қалдырған жерлестеріміз қола медаль үшін тартыста Ресейдің «Локомотивін» 3:0 есебімен ойсырата ұтты.
Чемпиондық атақ үшін айқас Грузияның «Shevardeni» мен Тәжікстанның «Hoji Sharif» ұжымдары арасында өтті. Бұл бәсекеде Қап тауы бөктерінен келген балуандар басымдық танытып, бас жүлдені олжалады. Жеңімпаз команданың намысын Георгий Туташвили, Коте Капанадзе, Заур Двалашвили, Георгий Жабниашвили, Шалва Гурешизе сынды саңлақтар қорғады. Тағы бір қола медаль Ресейдің «Edelweiss» клубына бұйырды.
Жарыс аяқталғаннан соң, жеңіс тұғырына көтерілген командалар мынадай мөлшерде сыйақы алды: 1-орын – 30 мың, 2-орын – 20 мың және 3-орынды еншілегендердің әрқайсысына 10 мың доллардан бұйырды. Сонымен қатар турнир барысында айрықша көзге түскен балуандарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы жүлделер табыс етілді. Атап айтсақ, Тато Григалашвили «Ең үздік дзюдошы» деп танылды. Грузияның мақтанышы қазақтың атымтай жомарты Бекет Махмұдов атындағы жүлдемен қатар, 10 мың доллар иеленді. Атақты балуан, КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы Қайрат Мұқановтың құрметіне тағайындалған жүлде («Үздік әдіс») Коте Капанадзеге, Қанат Байшолақов жүлдесі («Жеңіске деген жігері үшін») Жансай Смағұловқа, Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметовтің жүлдесі Құбанычбек Айбекұлына, әлем чемпионы Максим Раков жүлдесі Дастан Жұмажановқа бұйырды. Олардың әрқайсысы 5 мың долларды қалтасына басты.
Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған жарыстың ашылу және жабылу рәсімінде сөз алған Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев, Халықаралық дзюдо федерациясы президентінің кеңесшісі Алмаз Әлсенов алдағы дүбірлі додаларда қазақ балуандарына сәттілік тіледі.