• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Несие 27 Желтоқсан, 2023

Арзан автонесие үмітті ақтамады

1469 рет
көрсетілді

2015 жылдан бері жеңіл­детілген автонесие бағ­дар­ламасы жұмыс істеді. Арагідік тежеліп қалған кезі бар, дегенмен кейін қайта жалғасқан. Бірақ кейінгі жылдары бұл бағ­дар­лама көпті жарылқай алмады.

Қаражаттың там-тұмдап бө­лінуі, көліктердің уақтылы кел­меуі секілді мәселелер ша­руаға тұсау бола берді. 2015 және 2016 жылдары бағдарлама шең­берін­де Ұлттық қордан екінші дең­гейлі банктерге 26 млрд теңге бөлінді. Шартқа сәйкес елімізде құрастырылған құны 5,6 млн теңгеге дейінгі көлікті аза­мат­тар жылдық 4 пайыздан ас­пайтын мөлшерлемемен рәсім­дей алатын. Тек жалпы құн­ның 20 пайызын алғашқы жарна ретінде төлесе жетіп жатыр. Алайда Ұлттық банк жуыр­да жария еткен зерттеуінде жеңіл­детілген автонесиенің отан­дық автокөлік нарығы үшін тиім­сіз болғанын мәлімдеді. Мәсе­ленің егжей-тегжейіне ептеп ү­ңіліп көрейік.

Мемлекеттік қолдау бағдар­ла­малары әлемде кеңінен таралған тәжірибе, соның нәтижесінде экономиканың белгілі бір салаларын дамытуға жол ашылып, ол өз кезегінде экономикалық өсімді ынталандыруға тиіс. Қолдаудың да сан түрі бар – атаулы грант, субсидия, не болмаса жеңілдетілген шартпен берілетін кредит. Әсіресе автокөлік сатып алуды субсидиялау жүйесінің пайдаланылу ауқымы жоғары. Мұндайда суб­сидия тікелей беріледі немесе автокөлікті несие арқылы сатқан жағдайда пайыздық мөл­шер­лемесін субсидиялау ұсынылады. 

«Субсидиялар мен жеңілдіктер – мемлекет тарапынан ұсынысты да, сұранысты да қолдаудың кең таралған құралы. Әлемдік тәжірибеде автокөлік құралдарын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетудің мысалдары жеткілікті. Көп жағдайда мұндай бағдарламалар қаржылық қиындықтарға тап болған халықтың белгілі бір топтарын қолдауға немесе экологиялық таза автокөлікке көшуге және атмосфераға ластаушы шығарындыларды азайтуға бағытталған», дейді сарапшылар.

Бізде жеңілдетілген автонесие бағ­дар­ламасы отандық автоөндірісті ынта­лан­дыру, халықты елімізде құрас­ты­рылған жаңа көліктермен қамтамасыз ету, ескір­ген паркті жаңалау және қор­­шаған орта­ның ахуалын жақсарту мақсатында қол­ға алынды. Тиісінше, бағдарлама атау­лы емес, оған кез келген азамат өтінім бере алатын және бағасы 15 млн теңге­ден аспайтын көліктер сатылымға шыға­рылды. Бағдарлама жүзеге асқан жыл­дар­ға қарап отырып жоба тиімді болды, авто­көлік нары­ғын­дағы түйткілдерді тар­қат­ты деп айта алмаймыз дейді авторлар.

2019-2020 жылдары бағдарламаға тағы қосымша 40 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 2015-2020 жылдар аралығында 82 млрд теңге банктердің еншісіне беріліпті, тиісінше осыншама қара­жат 33,9 мың автозаймға айналған. 2022 жылы тағы да 100 млрд теңге Өнеркәсіпті дамыту қоры желісімен берілді.

«Бағдарламада мақсат «отандық өнді­ріс­тің жеңіл автокөлігін сатып алушы жеке тұлғаларды қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді шартты қаржыландыру шеңберінде Қазақстан Респуб­ликасында тұтынушылық сұра­­нысты ынталандыру және көлік құрал­да­рын жаңарту жолымен қоршаған орта­ның жай-күйін жақсартуға бағыт­­­талған» деп көрсетілген. Осы бағ­дар­лама шарттарының алдың­ғы шарт­тардан айтарлықтай айырма­шы­лығы жеңілдетілген шарттармен қаржыландыру берілген мақсатты топты анықтау болды. Нысаналы топқа техникалық регламентке сәйкес экологиялық сыныптағы отандық өндірістегі жеңіл автокөлікті сатып алушы жеке тұлғалар жатқызылды. Бұл ретте бағдарламада жеңілдікті кредиттеу бағдарламасына қатысу үшін автокөліктің қандай экологиялық сыныбы болуға тиіс екендігі нақтыланбаған. Техникалық регламентке сәйкес 6 эко­­ло­гиялық класс (0-ден 6-ға дейін) бел­гі­ленгенін атап өткен жөн. Бұл ретте көлік құралдары паркін жаңарту есебінен қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға қол жеткізу көзделіп отыр. Осы бағдарлама шеңберінде 2023 жылғы ақпанда револьверлік қаржыландыру есебінен беруді қоса алғанда, 13 мыңнан аса жеңілдетілген қарыздар берілді», делінеді зерттеуде.

2015-2023 жылдар аралығында мем­ле­­кеттік бағдарлама аясында бөлінген жиын­­тық қаржы көлемі – 182 млрд теңге. Револьверлік механизм есебінен бе­­ріл­ген займдардың жалпы сомасы 7 жыл­­­да 299,3 млрд теңгеге жетіпті. Осын­ша­­ сомаға 47 297 автомобиль сатылған.

«Жеңілдетілген несие бағдарламасы жүзеге асырылған 7 жылда отандық автомобиль паркінің құрылымы айтар­лықтай өзгерген жоқ. Жеңіл­де­тілген автонесие беру ескірген көлік үлесін төмендетуге үлесін қоса алмады. Пай­даланылғанына 7 жылдан асып кеткен көліктердің әлі де сақталып отырғанына қарап, жеңілдікті кредиттеу бағдарламасы шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға қосқан үлесін елеулі деп бағалай алмаймыз. 2015-2016 жылдары іске асырылған жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы ғана отандық автоөнеркәсіптің дамуына септесті. Ол елімізде құрастырылған автокөліктерге деген халық сұранысын ынталандырды. Кейінгі жылдары жеңіл­детілген несиелеу бағдарламасы аясында сатып алынған көлік үлесі біршама төмендеп кетті. Автомобиль өндірісі көлемінің өсімі басқалай мемле­кет­тік қолдау шараларымен ынталан­ды­рылды. Атап айтқанда, салық жеңілдіктері және преференциялар, өнім экспортын қолдау шаралары, өнім өндіруге кеткен шығынның бір бөлігін өтеп беру секілді. Бұл ретте, саланы дамытудың көрсеткіші бо­лып саналатын жеңіл автокөлік өндірісі кө­лемінің оң серпініне қарамастан, жеңіл автомобильдер өндірісіндегі ірі торапты құрастыру үлесі айтарлықтай сақ­талуда. Жеңіл автомобильдерді өнер­­­кәсіптік құрастыруға арналған импорт­­­тық қосалқы бөлшектердің көлемі (шасси­лер, шанақтар және басқа да шанақ керек-жарақтары) абсолютті мәндерде өсті, бұл ірі өндіріс көлемінің төмендеуін және қазақстандық автоөндірушілердің ша­ғын көлікке көшуін көрсете алмайды», дей­ді Ұлттық банк зерттеушілері.

2015 жылдан бастап жеңіл авто­мобильдердің өнеркәсіптік өндіріс көле­мі­ құндық мәнде 14 есе, физикалық кө­лемде 8,5 есе өскен. 2015 жылы сол жылы өндірілген көліктердің 36 пайы­зы­ жеңілдетілген несиелеу аясында са­тыл­са, 2016 жылы бұл көрсеткіш 79 па­йызды құраған. Алайда кейінгі жылдары бұл қарқын өз биігінде қала алмады және 15 пайыздан сол күйі аспады. Аналитиктердің айтуын­ша, 2015-2022 жылдар аралығында елімізде 357 335 бірлік жеңіл автомобиль құрастырылды. Соның 13 па­йы­зы ғана жеңілдетілген бағдарлама шеңберінде ресімделген. Жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бол­ған 7 жыл ішінде Қазақстанда тір­келген жеңіл машиналардың жалпы саны­ның тек 1 пайызы осы бағдарлама шең­берінде сатып алынған. Сандарды сарап­шылар 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша келтіреді.

Бұл ретте сарапшылар мұндай жеңіл­де­тілген бағдарлама басқа елдердегідей атаулы болуы керек деп есептейді.

«Мемлекеттік қолдау салада,­ кә­сіп­­­орын­­­дарда немесе азаматтар­да өмірлік цикл­­дің белгілі бір кезе­ңінде туындайтын қар­­жылық қиындықтарды жеңуге, жаңа кәсіп­­орындар жағдайында қалыптасу кезе­­ңінде белгілі бір серпін беруге мүм­кін­­дік беретін атаулы және уақытша болуы­ керек. Мемлекеттік қолдау өнді­ру­­­­ші­­лер үшін де, тұтынушылар үшін де ар­зан қаржыландыруға қол жеткізудің тұ­рақ­­­ты терезесіне айналмауға тиіс», дейді олар.