Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері туралы заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Сенаторлар заңды Мәжіліске қайтарды
Екінші оқылымда талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жер қойнауын пайдалану және экология салаларындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған.
Атап айтқанда, практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшуді, сараптама мерзімдерін 8-12 айға қысқартуды, әкімшілік шығындарды 2 еседен астам жоюды, сонымен бірге жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу жағдайларын жақсартуды көздейді. Сенаторлар заң нормаларын талқылай келе, оны концептуалды түрде мақұлдап, бірқатар түзету енгізді.
Депутаттар ұсынған өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның есептерді тексеру рәсімдері бойынша халықаралық стандарттарды енгізуіне қатысты болды. Сондай-ақ есепте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты өзгерістер де қарастырылған. «Өзгерістер заңның жекелеген ережелерін жетілдіруді көздейді. Атап айтқанда, заңда жер қойнауын пайдалану саласындағы инвестициялық тартымдылықты жақсартуға, осы бағыттағы саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арналған нормалар бар. Алдағы уақытта бұл заң елімізде жер қойнауын тиімді пайдалануға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Талқылау нәтижесінде, Сенат депутаттары құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.
Жердің 75 пайызының тозығы жеткен
Палата отырысы кезінде сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, сенатор Закиржан Кузиев еліміздегі топырақтың тозып кеткені туралы айтты. Оның айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту үшін топырақтың жай-күйі аса маңызды рөл атқарады. Ол топырақ сапасының қазіргі жағдайы туралы айта келіп, деградацияның негізгі факторлары ретінде дефляцияны, су эрозиясын, тұздануды және гумустың төмендеуіне тоқталды. Мұның бәрі жердің құнарлылығына қамқорлықтың жоқтығының салдарынан болып отыр.
«Агротехнологияның бұзылуы, егіншілік мәдениетінің төмендігі және тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы білімінің нашарлығына байланысты жағдай күрделеніп барады. Осының бәрі жердің тозу проблемасын көрсетіп отыр. Еліміздің бүкіл аумағының 75 пайыздан астамы тозығы жеткен жер болып саналады. Салыстырмалы түрде қалған 25 пайызы құнарлы топырақ аэрогендік әсерге төзімділік дәрежесінің төмендігіне байланысты генетикалық анықталған қасиетін жоғалту қаупі бар», деді сенатор.
Закиржан Кузиев еліміз бүгінде жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орында тұрғанын атап өтті. Дегенмен депутат тарапынан тыңайтқыштарды дұрыс қолданбау топырақтың азып-тозу жылдамдығын арттырады және жайылым өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғатыны айтылды.
«Өкінішке қарай, кейінгі жылдары елімізде топырақтану ғылымы назардан тыс қалып келеді. Біздің еліміздің басқа елдерден айырмашылығы – осы уақытқа дейін топырақтың анықтамасы, оның құнарлылық жағдайы мүлде реттелмеген. Осыған байланысты «Топырақты қорғау туралы» заң жобасын әзірлеу, сондай-ақ 2025-2035 жылдар кезеңіне арналған «Қазақстан Республикасының ұлттық игілігі ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің топырақ құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру» ұзақмерзімді мемлекеттік ғылыми мақсаттағы бағдарлама қабылдау қажеттігі туындап отыр», деді З.Кузиев.
Кооперативтердің төлем қабілеті төмен
Сенатор Жанболат Жөргенбаев ауыл шаруашылығы кооперативтерінің проблемалары туралы мәселе көтерді. Отандық аграршылар ауыл шаруашылығы саласында 3 284 кооператив құрған болатын. Алайда іс жүзінде бұл бірлестіктердің 60 пайызы төлемге қабілетсіз немесе әрекетсіз тұрған болып шықты. Сенатор Жанболат Жөргенбаев өзінің депутаттық сауалында осы мәселені көтерді.
Депутаттың айтуынша, бастапқы капиталдың болмауы – кооперативтердің негізгі проблемасы. Яғни «әуелі несие алып, содан кейін кооперативке кіру» пайымдауы жұмыс істемейді. Депутат биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 400 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылғанын айта келіп, олардың жұмыс істеуі үшін 100 миллиард теңге бөлінгеніне тоқталды. Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» 543 ауыл шаруашылығы кооперативіне тағы қосымша 370 миллиард теңге бөлді. Алайда сенатордың айтуынша, елдегі 268 000 ферма мен 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруа қожалығы әлі күнге дейін ауылшаруашылық кооперативінің қызметіне қосылмай отыр.
«Осы аталған құрылымдар арасында ірілендіру бағытындағы жұмыстың әлсіз жүріп жатқанын көрсетеді. Біріншіден, насихаттау жұмысы жүргізілмейді және «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктері толық ашылмаған. Екіншіден, жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері толық қарастырылмаған. Үшіншіден, кооператив пен оның мүшелері үшін салық салу мәселелері толық реттелмеген. Төртіншіден, кәсіпкерлік субъектілерінің өнімді сақтауға арналған қоймалардың жоқтығы, өңірлерде сауда-логистикалық орталықтардың шешілмегендігі де проблема болып отыр», деп атап өтті депутат.
Сенатор осы айтылғандарды тұжырымдай отырып, еліміздің Үкіметіне бірқатар ұсыныс айтты. «Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жұмыстарын жүйелендіру үшін Үйлестіру кеңесі құрылуға тиіс. Осыған байланысты «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заңына бірқатар өзгеріс енгізу маңызды. Сонымен қатар Салық заңнамасын жетілдіру аясында кооперативке, оның мүшелеріне қосарланған салық салуды алып тастауды қарастыру керек. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің көлік шығыстарын субсидиялау бойынша ұсыныстарды қарастыру маңызды», деді сенатор.