Әділетті Қазақстанды құру мақсатында Бас прокуратураға бизнес саласындағы заңсыздықтардың жолын кесу міндеті жүктелген. Соның бір бағыты – маңызды инвестициялық жобаларға қолдау көрсету.
Осы мақсатта Ақтөбе облыстық прокуратурасының базасында фронт-кеңсе құрылып, проблемалық мәселелерді тиімді шешу, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Таяу күндері облыс прокуратурасы фронт-кеңсе арқылы келіп түскен «Қазгеоруд» ЖШС-ға қатысты проблемалық кейсті қарады.
Бұл инвестор Хромтау ауданында 45 млрд теңге инвестицияны құрайтын мыс және мырыш өндіру бойынша «Лиманное» кен орнын игеру ірі жобасын іске асырып келеді. Бір жарым жыл бойы инвестордың жол құрылысына жер учаскесі бөлінбегендіктен, жобаны дамытуға мүмкіндігі болмаған. Жол салу қажет болған аумақ 18 шаруа қожалығының жер учаскелері арқылы өткендіктен, олар құрылыс жұмыстарын жүргізуге келіспейтінін білдірген.
Прокуратураның араласуымен аудан әкімдігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар шаруа қожалықтарының басшыларымен аталған жер учаскелерін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізді. Нәтижесінде, инвестор мен қожалық иелері арасында келісімге қол жеткізіліп, қажетті жер учаскелері мемлекеттің жер қорына қайтарылды. Бүгінгі таңда жер комиссиясының оң қорытындысымен автожол салу үшін жер учаскелерін беру туралы шешім қабылданды.
Осы орайда прокуратурада бизнесті қорғау мақсатында инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ және CALL-орталық жұмыс істейтінін еске саламыз. Бизнес субъектілері (инвесторлар, кәсіпкерлер) қиындықтарға тап болған жағдайда, өздерінің бұзылған құқықтары мен мүдделерін қорғау және қалпына келтіру үшін прокуратура органдарына жүгіне алады.