Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жұмыс сапары барысында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты.
ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Алиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.
Жиын барысында ТМД елдерінің көшбасшылары Ұйым қызметінің басым бағыттарын, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев көрші елге сапары кезінде Ресей Президенті Владимир Путин, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бірге Санкт-Петербург қаласындағы бірқатар мәдени нысандарды аралап көрді.
ТМД мемлекеттері басшыларының бірлескен экскурсиясы «Павловск» мемлекеттік музей-қорығынан басталды. Мұнда олар Павлов сарайының залдары мен экспозицияларын тамашалады. Қонақтардың құрметіне сарайдағы «Грек залы» амфитеатрында «Северная симфония» концерті ұйымдастырылды. Музей-қорық – XVIII ғасырдың соңындағы орыс сәулет өнерінің бірегей үлгісі. Павлов сарайы архитектуралық ансамбльдің ең басты көрнекті бөлігі саналады. Бұл мәдени мұра ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.
Содан кейін мемлекеттер басшылары «Царское село» музей-қорығын және Екатерина сарайының залдарын аралап көрді. «Царское село» сарай-саябақ ансамблі – ХVIII ғасыр мен XX ғасырдың басындағы әлемдік сәулет және бағбандық өнерді айшықтайтын ескерткіш. Орыс императорларының бұрынғы жазғы резиденциясы – Ресейдегі халық көп баратын музейлердің бірі. Мұражайға 2022 жылы 2,9 миллион адам келген. Кешеннің негізігі нысаны саналатын Екатерина сарайында әлемге әйгілі Янтарь бөлмесі орналасқан.
Президенттердің үшінші экскурсиясы «Петергоф» мемлекеттік музей-қорығының Үлкен Петергоф сарайында жалғасты.
Делегация басшылары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, мүсін және кескіндеме өнерінің туындылары мен жиһаздар қойылған бірегей сәулет ескерткішін тамашалады.
Петергоф музей-қорығы 33 музейден, 414 гектар аумақты алып жатқан саябақтар мен бақтардан және 150-ден астам субұрқақтан тұрады. Субұрқақ жүйесі тарихи және мәдени ескерткіш ретінде бірегей саналады. Инженерлік шешімнің арқасында су 300 жыл бұрынғыдай биіктік пен әртүрлі деңгейдегі субұрқақтар арасынан табиғи түрде құлай ағып жатыр. Сондықтан Петергоф субұрқақтары сәуірдің аяғынан қазан айының ортасына дейін күн сайын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.