Ширек ғасырдан бері әлемдік қауымдастық қаржылық сауатсыздықпен күресу ісіне ерекше ден қойып келеді. Бұл іске біздің еліміздің көрші мемлекеттер арасында алғашқылардың бірі болып кіріскені бар. Халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын көтеруге арналған мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Бүгіндері отбасы бюджетін жүргізудің қажеттілігі, кіріс-шығысты реттеу, банктерден қалай тиімді несие алуға болатындығы, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша оқыту курстары әр өңірде жүргізіліп жатыр.
Жалпы, халықты қаржылық сауаттандыру туралы 2020 жылғы 3 ақпандағы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығында банктік, өзге де операциялар мен қызметтерді жүргізуге №1.2.47/230/38/1 лицензиясы берілген болатын. Қазіргі таңда еліміздің біраз қаласында интернет дүкендер ашылып, сауаттылықты арттыратын «Е-коммерс» орталықтары жұмыс істейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі әзірге 40 пайыз көлемінде екенін, келер жылы бұл көрсеткіштің одан әрі өсетіндігіне сенім артып отыр. Агенттік талдамасында қаражатты басқару деңгейі жоғары өңірлер арасынан Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Түркістан облыстарын атаса, қалған өңірлерді орташа деңгейге жатқызған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған алдыңғы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін, оның игілігін бүкіл еліміз көруі үшін ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын.
Бүгінде мемлекеттік органдар «Amanat» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту жөнінде Жол картасын бекітті. «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева жобаны іске асыру барысы ел азаматтарының шынайы қаржылық жағдайын көрсетеді деп есептейді. Банктердің несиелік өнімдерінің жаппай жарнамалануы халықтың қарызға батуына әкеліп соқтыратынын, өйткені қаржылық сауаттылығы төмен адамдар банктердің артық төлем сомасын нақты түсінбестен несие ала беретінін айтады.
Ал кредиттік бюроның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес 7,5 миллионнан астам адам қарыздан құтыла алмай отыр. Бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды екен. Осы ретте 1,5 млн адам ағымдағы қарыздар бойынша төлемдерді 90 және одан да көп күнге кешіктірген. Мәселені түбегейлі шешудегі алғашқы қадамдардың бірі мамыр айынан бастап еліміздің 8 өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 50 000 адам қаржылық сауаттылыққа білімін жетілдірген. Жоба сарапшылары қаржылық сауаттылықтың негіздері туралы айтып қана қоймай, отбасылық бюджетті жоспарлауға үйретеді. Кеңестер беріп, қолда бар қарыздарды қайта құрылымдауға көмектеседі, ал кейбір жағдайларда банкроттық рәсімін заңды түрде сүйемелдейді. Жобаны ұйымдастырушылар барлық өңірде халықпен кездесулерін жалғастырып келеді.
Бұған қоса, таяуда ғана Алматы қаласында Alma U Халықаралық бизнес университетінің жанындағы Qaynar Bulak Partners Hub қоғамдық кеңесінде Еуразиялық инвестициялық және қаржылық кеңесшілер қауымдастығы (EAIFA) ұйымдастырған «ALMA Fin-2023» қаржылық сауаттылық апталығы дәлел бола алады. Қатысуға ниет білдіргендер танымал сарапшылардың жеке қаржыға қатысты дәрістерін тыңдап, әлемдегі ақша айналымы жөнінен де мағлұмат алды.
«Өткізілген іс-шарада белгілі жеті сарапшы өзекті жеті тақырыпты қамтыды. Ал бүгінде біз қоғамымыздың қаржылық сауаттылығын нығайтуға елеулі үлес қоса алатын мамандар мен сарапшылар қауымдастығын құрудамыз. Жоспарларымыз да жоқ емес. Дұрыс қаржылық әдеттерді қалыптастыру, қаржылық әл-ауқатты арттыру мүмкіндіктері туралы сенімді әрі тәжірибелік ақпарат хабын құруға мүдделі барлық адамды жобаға қосылуға шақырамыз», дейді Ермек Рүстембекұлы, Еуразиялық инвестициялық және қаржылық кеңесшілер қауымдастығы кеңесінің төрағасы.
Тікелей жүргізілген аудиториядағы тыңдаушылардан өзге, Қостанай, Орал, Семей, Астана, Жаңаөзен, Шымкент, Атырау, Ақтау және Құлсары сияқты қалалардан, сонымен қатар Қырғызстаннан қатысушылар дәрістерге онлайн қосылды. Қаржылық сауаттылық мәселесі барлық санаттағы адамдар үшін өзекті болғандықтан, тыңдаушылар арасында студенттер де, кәсіпкерлер де, зейнеткерлер де, жұмыс істейтін қала тұрғындары да болды. Қаржылық сауаттылық апталығында біліктілігі жоғары спикерлер теориялық жағынан өте жоғары деңгейде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тәжірибелік негізде жаттығулар өткізді.
Мемлекеттік реттеуші еліміздегі қаржылық қызметтердің қолжетімділік деңгейін арттырудағы атқарылып жатқан істер жөнінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржылық қызметтері тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев, Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы «Цифрлық теңге» жобасының жетекшісі Дина Балкина отандық валютаның жаңа нысаны – цифрлық теңге жайында, жеке қаржы жағдайын жақсартуды қалай жоспарлау қажеттігі турасында IPSUM Finance инвестициялық бутигінің басқарушы серіктесі Данияр Құрмашев, ал Eaifa кеңесінің мүшесі және қаржылық сауаттылықты дамыту орталығының басшысы Жанар Таланова зейнетақы төлемдерін ерте кезеңнен бастау қажеттілігі тұрғысында, оның маңыздылығын сенімді түрде жеткізді. Сондай-ақ Қаржылық сауаттылық мектебінің меңгерушісі Ақжүніс Брусилова қарыздан құтылудың жолдары тақырыбында тәжірибелік кеңестер берді.
EAIFA кеңесінің төрағасы Ермек Рүстембекұлының жеке қаржылық жоспарлау дәрісі қатысушыларға аса қызығушылық танытқаны бар. Өз презентациясында сарапшы әр жанның адами капиталының құны, оның дамуы қандай заңдар мен ережелерге сүйенетіндігі, жеке және отбасылық қаржылық әл-ауқаттың негізін қалау, қаржылық мақсаттарға сенімді түрде жету үшін жоспарлаудың басты негізіне назар аудару керектігін атап өтті. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Исламдық қаржыландыру және бизнес хабының басшысы Мәдина Тұқұлова өз кезегінде тиімділіктің уақытпен тексерілгені және қолжетімділігі баршаға ашық исламдық қаржыландыру құралынан сезіктенбеуге шақырды.
«Мен бүгін ALMA U сайтына келгеніме қуаныштымын. Қаржылық сауаттылыққа байланысты біраз жағдаяттан хабардар болдым. Мұнда сарапшылар қарапайым ақпарат беріп жатқандай көрінгенмен, өте маңызды пікірлер айтылды», дейді қаржы саласының маманы Сәуле Батырбекқызы. Қаржылық сауаттылыққа байланысты сарапшылар әр адам өз бюджетін жоспарлау аса маңызды деп санайды.
Сонымен қаржылық сауаттылық апталығы EAIFA мен ALMA U университеті арасындағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл аясында меморандумға қол қоюмен тәмамдалды. Екі тарап та елімізде қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бағдарламаны дамытуға және оны ілгерілетуге уағдаласты. Осылайша, Qarzhy Bulak қаржылық денсаулық клубының жұмысы ресми түрде басталып, алдағы уақытта тұрақты әрі жоспарлы негізде жүргізіледі.
«Аталған клуб аясында біз қаржылық сауаттылық және инвестициялық мәдениет саласында дәлелденген, білікті сарапшыларды ұсынуды, отандастарымыздың қаржылық денсаулығын нығайтуға оң әсер ететін түрлі қоғамдық іс-шараны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең бастысы, мұндай кездесулер тұрақты негізде әрі тегін өткізіледі», дейді Е.Рүстембекұлы.
Alma U университетінің ректоры Гүлнар Күренкеева өзі жетекшілік етіп отырған білім ордасында осындай халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруда инвестициялар мен қаржылық кеңесшілер қауымдастығымен серіктестігі секілді қызметтің жаңа өлшеміне ие болып отырғанын, мұндай қаржылық денсаулық клубын іске қосудың мақсаты жеке қаржыны сауатты басқару үшін тиісті ағартушылық ақпаратты жаппай таратуды қамтамасыз етіп, азаматтардың қаржылық сауаттылығы тұрғысынан тегін білім алуына және кәсіби қоғамдастықпен өзара іс-қимыл тәжірибесін басқа да мүдделі алаңдарға айналдыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.