Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың басында өткен Мәжілістің «Қасіретті қаңтар» сабағы: Қоғам тұтастығы – Тәуелсіздік кепілі» атты кеңейтілген отырысында капиталды заңсыз шығару мәселесін өткір көтеріп, елден шығатын барлық транзакцияны және оларға қатысты адамдарды нақты бақылауды тапсырды.
Сондай-ақ Президент құзырлы органдарға шетелге заңсыз әкетілген қаржыны, сол жерден иемденілген активтерді қайтару бойынша маңызды міндет қойды. Көп ұзамай Президент Жарлығымен салааралық комиссия құрылды.
Тапсырманың маңыздылығы ескеріле отырып, комиссия құрамы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, Ұлттық банк және «Самұрық-Қазына» қорының бірінші басшыларын, бірқатар министрді енгізу арқылы барынша күшейтілді. Ал комиссия төрағасы болып Бас прокурор Берік Асылов тағайындалды.
Құрылған сәттен бастап Бас прокуратура комиссияның жұмыс органы ретінде активтерді қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтару жөніндегі барлық жұмысты үйлестіріп келеді. Негізінде, сөз жаңа мемлекеттік функциялар, тың тәжірибе және өзгеше шешімдер туралы болып отыр.
Бірлескен күш-жігердің арқасында нақты және елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдар елге 1 трлн теңгеден астам активтерді қайтарды. Мысалы, «Қазақтелеком», «Көліктік сервис орталығы», «Алматы ауыр машина жасау зауыты», «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі», «АзияГаз Чунджа», «Phystech-II», «КМА Операторы», «Найза-БН» секілді және басқа да ірі компаниялардағы акциялар мен ондағы үлестерді мемлекет пайдасына айналдыру туралы шешімдер қабылданды. Іс жүзінде бұл активтердің барлығына бұрынғы танымал бенефициарлар әкімшілік-билік ресурстары ретінде шектеусіз қол жеткізген.
Шетелдік серіктестермен байланыс жолға қойылғандықтан, Аустрия, Гонконг, БАӘ, Лихтенштейннен жүздеген миллион доллар қайтарылды. Дегенмен сарапшылар қауымдастығы белгілеген экономикалық ресурстардың олигополиялық шоғырлануы мен активтерді заңсыз алудың ауқымдылығы жүйелі жұмыс пен кешенді тәсілді қажет етеді. Тәжірибе инвестициялық ахуалдың нашарлауы тәуекелдің, адал инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін құқықтық кепілдіктердің қажет екенін көрсетті. Сондай-ақ мұндай тәжірибе заңсыз шығарылған активтерді жаһандық іздеу, тыйым салу, тәркілеу және қайтарудың халықаралық қағидаттары мен тетіктерін ескеру қажеттігін айқындап берді.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында арнайы заң әзірлеуді ұсынды. Сонымен бірге Бас прокуратураның құрылымында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі жеке бөлімше құру туралы мәселені шешуді тапсырды. Осы міндеттерді орындау барысында депутаттардың бастамасымен 2023 жылы шілдеде ұлттық мүдделеріміз бен халықаралық стандарттарға сәйкес келетін «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Ал биыл 5 қазанда Мемлекет басшысының Жарлығымен Бас прокуратураның құрамында арнайы ведомство – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды.
Заңның субъектілері – активтерді иемдену (шығу тегі) көздерінің заңдылығына қисынды күмән бар қоғамдық маңызы бар адамдар, яғни PEP деп аталатындар. Бұл құжат бақылауға алынатын адамдардың арнайы тізілімін жүргізуді көздейді. Тізілімге Премьер-министр жетекшілік ететін арнайы комиссияның шешімімен активтерінің құны он үш миллион еселенген АЕК-тен кем емес субъектілер (немесе адамдар тобы) енгізіледі.
Заңда қайтарудың екі негізгі тетігі қарастырылған. Олар: ерікті және мәжбүрлі. Активті азаматтық үдерісте бітімгершілік келісім немесе қылмыстық іс бойынша процестік келісім арқылы өз еркімен қайтаруға болады. Естеріңізге сала кетейік, активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісім – заңға жаңадан енгізілген өзгеріс. Бұл өзгеріс ақша төлеуді, активтердің барлығын немесе бір бөлігін беру, алынбаған салықтарды төлеу, артық кірістердің сомаларын өтеу, т.б. көздейді. Ал активтерді мәжбүрлеп қайтару кезінде «дәстүрлі» әдістер де сақталады. Мәселен, залалды өтеу немесе қылмыстық істер бойынша мүлікті тәркілеу.
Сондай-ақ мәжбүрлеп қайтарудың жаңа тетігі – пайда болуы түсініксіз актив туралы талап қою енгізілді. Бұл активтің пайда болуының заңдылығына қисынды күмән бар жағдайлар. Мысалы, заңды кірістер қандай да бір қымбат мүлікке иелік етуге мүмкіндік бермейтін жағдайлар. Талап қоюды Активтерді қайтару жөніндегі комитет сотқа жолдайды. Ал дәлелдеудің ауыртпалығы негізінен жауапкерге жүктелген. Егер ол заңды екенін дәлелдемесе, онда актив сот шешімі негізінде мемлекет кірісіне айналады.
Бүгінгі таңда комиссия бірқатар адамды тізілімге енгізді. Олардың барлығы тиісті хабарлама алды. Қазіргі таңда активтерді ашып көрсету туралы декларациялар күтіліп отыр. Алайда комитет олардың тарапынан бұл қадамды күтпестен бірінші күннен бері мүлік бойынша мәліметтер жинау жөнінде жұмыс жүргізіп, заңсыз баю белгілері бар нақты кейстерді ілгерілетіп келеді. Сәйкесінше әрбір субъект бойынша шетелдік юрисдикцияларға сұрау салулар жіберілді. Капиталды заңсыз шығару схемаларын анықтауға шетелдік консультанттар тартылып, заңды көздерден бизнес-барлау құралдары белсенді пайдаланылып отыр.
Тізілімге енгізілгендердің байлығы миллиардтаған долларды құрайтындықтан әрі үлестес адамдардың ауқымы жүздеген болғандықтан, комитетке отандық және шетелдік көздерден алған көп деректі жан-жақты талдауға тура келеді.
Қазіргі таңда елдегі және шетелдегі жылжымалы және жылжымайтын мүліктің жүздеген объектісі, миллиондаған долларлық бағалы қағаздар бойынша сараптамалық талдау жүргізіліп, 200 мыңнан астам банктік транзакция, елдегі ондаған ірі кен орны бойынша келісімшарттар зерделеніп жатыр. Сонымен қатар нақты кәсіпорындар мен мүлікке қатысты активті иемдену көздерінің (шығу тегінің) заңдылығы да жан-жақты тексерілу үстінде.
Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талабы бойынша сот 28 миллиард теңгеден астам сомаға алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдады. Құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар тізілімге енгізілген субъектілер және олардың үлестестерімен байланысты бірқатар қылмыстық істі тергеп-тексеріп жатыр. Көрсетілген шаралар мәні мәжбүрлеп қайтару тетіктерін қолдануға бағытталған.
Мемлекет басшысы осы жылдың қыркүйек айында отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, басқосу барысында егер бұрын иемденілген барлық капитал меншік иесінің пайдасына ғана емес, ұлттық экономиканың игілігі, еліміздің өркендеуі үшін де жұмыс істесе, бұл ақшаның шығу көзі туралы мәселелерді болдырмау үшін жақсы дәлел екенін атап өткен еді. Осы тұрғыда активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандырудың басымдығы заңда да белгіленді.
Ерікті қайтарудың артықшылығы – мүліктің бір бөлігі заң бойынша субъектіде сақталуы мүмкін. Сондай-ақ ерікті түрде қайтару туралы келісім активтерді мемлекетке беруді ғана емес, басқа да әлеуметтік-экономикалық міндеттемелерді қарастырады. Мысалы, қаражат Қазақстанға қайта инвестициялануы мүмкін. Яғни субъект бұл қаражатты отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететін елге қажетті жобаларға сала алады. Ең бастысы әрі маңыздысы – бұл қаражаттың Қазақстанда жұмыс істеуі, елде салық төленуі, жұмыс орындарының құрылуы. Сонымен қатар ерікті түрде қайтару кезінде субъект бірқатар құқықтық мүмкіндік пен кепілдік алады, соның ішінде жауаптылықтан босатылады. Оған қайтадан құқықтық талаптар қойылмайды. Ел игілігі үшін бизнесті одан әрі жүргізуге жағдай жасалады. Ал егер субъект активтерді өз еркімен қайтармаса, онда заңсыз капиталды мәжбүрлеп қайтару тетігі қолданылады.
Заңды сапалы іске асыру Мемлекет басшысының тапсырмасын тиімді орындауға, яғни заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға және оларды еліміздің дамуына, халқымыздың игілігіне бағыттауға мүмкіндік береді.
Нұрдәулет СҮЙІНДІКОВ,
Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитет төрағасы