Жаңа жыл мерекесіне орай Қостанай облысында «Жаңа жыл – жақсылық мезеті» акциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жастар сарайында» «Аманат» даму ерекшелігі бар балаларды түзету орталығының білім алушылары үшін ғажайып кеш өтті. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлаған салтанатты іс-шараны Қостанай облыстық жастар ресурстық орталығының қолдауымен еріктілердің фронт-офисі ұйымдастырды.
Даун синдормы, аутизмге шалдыққан мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер артистердің таңғажайып өнерін тамашалап, шеберліктеріне тәнті болды. Аяз ата, Ақша қар өнерлі балаларға сыйлықтар үлестіріп мерейін тасытты. Үкіметтік емес ұйымдардың еріктілері облыстық балалар үйі мен «Отбасын бейімдеу және қолдау орталығы» КММ тәрбиеленушілеріне де мерекелік іс-шара өткізді.
Сонымен бірге «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері «Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығы» мен «Қостанайда өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығындағы» тәрбиеленушілерді жаңа жыл мерекесімен құттықтап, сыйлықтар үлестірді.
Қостанай облысының еріктілері жаңа жыл қарсаңында 1500-ден аса баланы қамтыған 46 мерекелік акция ұйымдастырды.