• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғибрат 28 Желтоқсан, 2023

Ақын туралы баллада

278 рет
көрсетілді

Кең тынысты эпикалық поэзияда әр өлеңі елеулі құбылыс болып еніп, соңына көркемдік сапасы жоғары мол рухани мұра қалдырған дауылпаз ақын Ілияс Жансүгіровтің ұлылығы кейінгі жылдары ағылшын, неміс тіліндегі аударма арқылы бір танылса, асқақ жырымен өз биігін белгілеп кеткен ақиық туралы үнді ақыны баллада жазып, шайырдың шетел әдебиетіндегі жаңа образын сомдады. Гете орталығының ұйытқы болуымен «Құлагерді» неміс тілінде сөйлеткен ақын әрі аудармашы Герт Хайденрайх тебіреніп тұрып: «Мен Ілияс Жансүгіровтің «Құлагерін» қазақтардан қызғанамын. Ілияс – Шекспир деңгейіндегі ақын», деп бағалаған еді.

Ақынды ақынның танығаны, тұлпар тұяғына ілесе көркем кеңістікке самғаған Ілияс поэзиясындағы азаттық аңсаған идеяны жан-жүрегімен сезініп айтқаны. Қазақтың сөзі ұлы. Ілиястай ақындар арқылы қазақ сөзінің әлемге таралғаны сол ұлылықтың өлшемі болуы керек. «Ғасыр басында ғұмыры үзілген ақын, кейінгі тегеурінді ұрпақтың көлеңкесінде көнеріп, көмескіленіп қалмас па екен?» деген қауіп қылаң бергенде, көмбе астынан күмістей жарқырап шыға келеді осылай. Классиктің аты – классик. Ескірмейді, тозбайды, уақыт сыны алдында берік. Көзге жас үйіріп, көңілді иіткен сондағы шуақ сезімді алты Алаштың баласынан айғайлап сүйінші сұрайтындай алыстағы үнді жазушысы тағы, міне, жаңғыртып отыр.

Үндістанның белгілі жазушылар сана­тындағы қаламгер әрі музыкант Ванита Сингх Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығымен танысып, әр шума­ғының шымырлығына тәнті болып, тағдырының қасіретпен түйінделгеніне қапаланғаны сондай, ақынға ағылшын тілінде баллада арнауды жөн көреді. Баллада тек қарасөзбен жазылмаса керек, өн бойына сан түрлі өнер қонған Ванита оны әнмен сүйемелдейді. Әннің алғашқы орындаушысы да өзі. Енді қазақ әдебиетінің тарихын, 1938 жылы атылып кеткен Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы туралы жырды бүкіл әлем оқып, тыңдайтын болады.

Осы ақпаратты таратып отырған автор, белгілі халықаралық журналист Майра Абдрахманованың айтуынша, баллада композициясы тамыры жер жәннаты Жетісудың ғажап сұлулығынан нәр алатын Ілиястың терең поэзиясының негізіне құрылған. Ванита ақын қазақтың тілі, музыкасының үні, ұшса құс қанаты талатын шетсіз-шексіз кең жазира даласының демі, ал күмбірлеген домбыраның қоңыр әуені, ғасырлар қойнауынан халықтың аңызы мен әфсанасынан сыр шерткен ақын шығармашылығының шыңы «Құлагерден» көрініс табатынын айтыпты. Баллада шумақтарының әр жолы қазақ тарихы туралы ұзақ жылдардан бері ізденіп келе жатқан Ванитаның зерттеуімен айшықталған. Қазақ халқының болашағын ұлттың бірлігінен көрген, бүкіл білімі мен қажыр-қайратын сол жолда сарп еткен Ілияс өзі өмір сүрген дәуірдің идеясына, келешектің жарқын болатынына сенді, оның ілгерілей беретініне үмітті болды, ақыр соңында риясыз сенген өкіметтен көңілі қалды, қызыл тер­рордың қанды шеңгелінен құтылмасын біліп, қайғы жамылды. Тұтас кезеңнің шындығын баяндаған балладада үнді ақыны осындай тұжырым жасайды.

Ілияс Жансүгіров туралы баллада ақын отбасысы тұратын Лагерная көшесіндегі №3 үйге «қара құзғынның» қалай келгенін, ақынды қалай тұтқындағанын, жалпы 1937 жылдың қасіретін толық жырлайды. Түрмедегі азапты күндер, халқына қызмет етуді ғана ойлаған азаматтың әзиз басын қорлау, ақпандағы ажал... Ақын­ның жары Фатиманың «халық жауының» әйелі болғаны үшін Алматыдан аласталып, балаларымен қуғын-сүргін көріп, қара таңба мен табалаудың астында жүріп үрейлі тағдыр кешкені де үнді қызын­ың қаламынан қағыс қалмай, терең тол­ғаныс болып төгілген. 1957 жылы тілдей қа­ғазды қолына алғанда ғана Фатиманың жабырқаған жаны жай тапты. Онда «Ілияс Жансүгіров заңсыз нәубеттің құрбаны болды, бақилық болғаннан кейін ақталып шықты», деп сарыла күткен сағынышты хабар жазылған еді...

Ал қиырдағы қазақ ақынының өмірі қызықтырған Ванита Сингх деген кім? Ванита Сингх – үндінің халық ақыны, жазушы және қоғам қайраткері. Аты аңызға айналған Вуди Гатри, Боб Дилан, Джоан Баэз, Леонард Коэн секілді әйгілі музыканттардың шығармашылығымен қанаттанған Ванита 13 жасынан бастап Нью-Делидің ең танымал сахналарында өнер көрсете бастайды. Ванита бүгінде бірнеше музыкалық дискінің авторы атанған. Балладаның туғанын естіген бойда интернеттің қойны-қонышын ақтарып жатып, әнді тыңдауға асықтық. «the ballad of ilyas j.» балладасын тауып алып, атқақтаған жүректің ыр­ғағын ырыққа көндіріп отырып, бір­неше мәрте қайталап тыңдадық. Бабы келіс­кен Ванитаның табиғи тұнық дауысы кәсіби жүйемен шыңдалғаны, он саусағы гитараның құлағында қалауынша ойнағаны, жұмсақ, балғын реңкі бар сыңғыры кетпеген сазды үні иірімдерді еркін меңгергені байқалады. Ғаламтор дерегінше, тек Құлагер ақын туралы ғана емес, талантты үнді қызы әртүрлі тарихи оқиғалар туралы да балладалар жазып, жауынгер ерлігі, әскери жеңіс, ұлттардың басына түсетін зұлмат туралы жырлап, жеке өзі орындайтын шеберлікті меңгерген, бастысы, айғайдан ада, салмақты әуеннің сырын жүрекке жеткізе біледі. Ванита барлық балладаларын тек ағылшын тілінде орындайды.

В.Сингх Бүкілүнділік радио мен Ұлттық телевизияда қызмет атқарып, кейін Дели университетіне оқытушы болып орналасады. Адам өмірі қашан да тосын жайттарға толы. Ақын қыздың қазақ еліне қоныс аударатыны, әлбетте, ол заматта қаперіне кірмегені анық. 2005 жылы өз елінің еркін көзқарастағы белсенді азаматы, білікті дипломат, Ванитаның ері Ашок Мукерджи Үндістанның Қазақстандағы елшісі болып тағайындалып, Алматыға көшіп келеді. Көшпелілер тарихымен сырттай таныс болғанымен, беймәлім топырақта ту тіккен қара шаңырақтағы оның ұрпағын жете білу мақсатымен, ешкімге ұқсамайтын дара мәдениеті мен дәстүрі бар елдің тарихына қызыға бас­тайды.

– Мен барлық академиялық, публи­цистикалық мақалаларымды ықыласпен жазамын, бұл біздің дипломатиялық қызметімізбен байланысты емес, – дейді Ванита Сингх. – Мамандығым – славян халықтарының зерттеушісі. Славян халықтарының тілі мен әдебиетін, фольклорын, тарихын, тұтас мәдениеті мен өркениетін зерттеумен айналысамын. Соның ішінде ғылымдағы дербес жолым Балқан елдерін тануға бағытталған. Ал балладаға қатысты айтар болсам, оның идея­сы Ілияс Жан­сүгіров шығармашылығын өзімше зерттегенімнен туды. Мен оның тұлғалық қасиетіне де, өлеңдеріне де тәнтімін. Балладаны Алматыда жүргенде бас­тап жазып, Лондонда жалғастырып, Нью-Йоркте аяқтадым. Ілиястың қызы Ильфа Жансүгіровамен бірнеше рет кез­дестім. Ильфа Ілиясқызымен осыншалық тағдырдың жойқын соққысы есеңгірет­кеннен кейін өмірдің қалай жалғасатыны туралы ұзақ-ұзақ әңгіме-дүкен құратын едік. Ол маған әкесінің қазақ, орыс тілінде жарық көрген кітаптарын тарту етті. Мен бұған дейін қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде болып, өзге де қазақ ақындарының өлеңдерін оқып таныса бастаған едім. Маған әсіресе Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері өзгеше әсер етті.

Тегі, ділі басқа Ванитаның пікіріндегі қазақтың ғажап екі ақыны арасындағы рух бірлігін, идеялық үндестікті тап басып таныған көрегендігі еріксіз қайран қалдырады. Қызмет бабымен қазақ жерін аз уақыт мекен етсе де, еліміздің үлкен досына айналған Ванита Сингх өзінің бел­сенді жүргізетін қоғамдық жұмысында халықаралық бастамаларға көбірек мән береді. Шартараптың шиеленіскен мәселелерін бейбіт жолмен шешуге шақыратын мәдениетаралық диалог пен халықтар арасындағы рухани туыстық ақын үшін әрдайым басты орында.

«The ballad of Ilyas J.» балладасын «Spotifi», «Apple Muzik», «Amazon Prime» интернет көздерінен тауып, таныса алады.

 

АЛМАТЫ