Салымшылардың құқығын қорғайтын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) үшін биылғы жыл жемісті болды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қордың арнайы резервінің мөлшері рекордтық көрсеткіш – 1,1 трлн теңгеге жетті. Бүгінде салымшы-жеке тұлғаларға тиесілі шоттардың 99,8%-ы кепілдікпен толық көлемде қамтылған. Осы орайда Қор төрағасы Әділ Өтембаевпен әңгімелестік.
– ҚДКБҚ үшін өтіп бара жатқан жыл несімен есте қалды?
– Елдегі таратылатын тоғыз банк (Capital Bank Kazakhstan, АзияКредит Банк, Tengri Bank, Астана Банкі, Қазақстан Эксимбанкі, Qazaq Banki, Delta Bank, Қазинвестбанк, Валют-Транзит Банк) бойынша өтем төлеуді біз 2022 жылы аяқтағандықтан, биыл дәлелді себептер бойынша өтем төлеу және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру секілді бағыттарға жіті назар аудардық. Депозиттерді сақтандырушылардың халықаралық қауымдастығының (ДСХҚ) қызметіне қатысу бойынша атқарылған жұмыстар да біз үшін өте маңызды. Олардан басқа, әрине, біздің дәстүрлі қызметіміз Қазақстанның депозит нарығына тұрақты талдау жүргізуге байланысты болды.
– Депозит ел азаматтары үшін ақшаны сақтау мен молайтудың ең бір оңтайлы қаржы құралы екені белгілі. Бұл үрдіс 2023 жылы сақталды ма?
– Биыл бөлшек саудалық депозит нарығы оң серпінмен дамыды. Жеке тұлғалардың депозиттері банк секторы үшін негізгі қорландыру көзі болып қала береді. Өйткені олар тұрақтылығымен ерекшеленеді, әрі жоғары дәрежеде әртараптандырылған және банктер үшін қолжетімді дүние. Ал қарапайым халық үшін банк депозиттері – артық ақшаны инвестициялаудың ең ыңғайлы, ең қарапайым және ең сенімді қаржы құралы.
Биылғы ахуал бойынша жеке тұлғалардың депозиттік портфелінің жиынтық көлемі 18,8 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте жалпы өсім 2023 жылдың басынан бері 1,9 трлн теңгені немесе 11,5%-ды құрады. Халық депозиттерінің ең жоғары өсімі 2023 жылдың екінші тоқсанында (+5,0%), ал ең төмен өсімі 2023 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша тіркелді (+1,4%).
– Өсім қандай депозиттердің есебінен байқалды?
– Бөлшек саудалық депозит нарығында өсімнің басты қозғаушы күші – теңгелік депозиттер. Осы жылдың қорытындысы бойынша жиынтық бөлшек саудалық депозит портфелінде олардың үлесінің орташа мәні 69%-ға жетті.
Атап өту керек, теңгедегі депозиттік портфельдің тұрақтылығына көп жағдайда халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің артқандығы себебінен қол жеткізілуде. Айталық, ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында айырбас бағамының қысқа мерзім ішінде құбылуы теңгелік депозиттердің деңгейіне әсер ете алған жоқ. Осылайша, дәл қазіргі уақытта айырбас бағамы халық үшін депозиттің валютасын таңдарда айқындаушы фактор болудан қалды. Оның үстіне нарықта теңгелік депозиттер бойынша көтеріңкі табыстылық деңгейі де теңгелік депозитті таңдауда қосымша айтарлықтай рөл атқарып жатыр.
Бөлшек саудалық депозиттер сегментінде 2023 жылы долларлану деңгейі жыл басында 33,9%-дан 2023 жылдың 1 желтоқсанына қарай 27,3%-ға дейін төмендеп отыр.
– Ең жоғары серпін қандай сегменттерде байқалды?
– Бөлшек саудалық депозиттік портфельдің құрылымы сегменттер бөлінісінде 2023 жылдың барысында айтарлықтай өзгерген жоқ. Дәстүр бойынша максималды шоғырланым (қалдық ақшалары соңғы санын қоса есептегенде 15 млн теңгеге дейін болатын) бұқаралық сегментте байқалды.
Депозиттік портфельдің жиынтық көлемінде бұқаралық сегменттің үлестік көрсетіші жыл барысында 50%-дан жоғары болды. Сонымен қатар 2023 жылдың үшінші тоқсанында орта және ірі сегменттердегі депозиттер бойынша жоғары өсу қарқыны тіркелді. Бұған мына факторлар себеп болуы мүмкін:
Жоғары инфляция аясында азаматтардың алатын табыс деңгейінің жоғарылауына байланысты орта сегментпен шектесетін сомалардың ішінара сол сегментке ағылуы; Депозиттерінде аз көлемде ақша жинаған салымшылардың ақша жинау қабілетінің төмендеуі. Өйткені күнделікті тауарларға кететін шығындар халық табысының елеулі бөлігін алатын болды.– Тұтынушылардың қандай депозиттерге «бүйрегі бұрып» тұрады?
– Әдеттегідей, биыл да халық арасында мерзімсіз салымдар өте танымал болды. Биыл олардың бөлшек саудалық депозиттердегі үлесі 63,9%-ды құрап, ал жиынтық көлемі 12,0 трлн теңгеге жетті. Сонымен қатар ағымдағы жылы тұрақты қорландыру көздері – мерзімді және жинақ салымдардың үлестері де өсті. Депозиттік портфельдің тұрақты бөлігінің оң серпіні негізінен жинақ салымдардың өсуі есебінен қамтамасыз етілді. 2023 жылдың 1 желтоқсанына қарай бұл портфельдің жалпы көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. 2023 жылдың басынан бері портфель 414,7 млн теңгеге немесе 37,8%-ға өсті. Бұл ретте осы сегментте халық тарапынан толықтыру құқығы жоқ теңгелік жинақ салымдарға басымдық берілуде. Өйткені бұл салымдардың табыстылығы толықтыру құқығы бар салымдарға қарағанда жоғары. Олардың үлесі жинақ депозиттердің жиынтық көлемінің 85%-ын құрайды.
– Сіз халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру саласындағы шаралар туралы айтып өттіңіз. Биыл Қорда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?
– Қазақстандықтарды жинақ ақшаларының қалай қорғалатындығы туралы лайықты деңгейде хабардар етіп отыру үшін Қордың бастамасымен биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап барлық банктерде хабарламаның жаңа нысаны қолданысқа енгізілді. Сол арқылы банктер банк салымы шартын жасау барысында салымшыларды:
осы банктің депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы екендігі туралы; депозиттің түрі мен валютасына қарай максималды кепілдік мөлшері туралы, сақтандыру жағдайы туындаған кезде, оның ішінде бір банкте бірнеше депозиттің және банк алдында берешектер бар болған шақта (мысалы, кредит) кепілді өтемді есептеу ерекшеліктері туралы; кепілді өтем төлеу мерзімі және оны алу үшін жүгіну әдістері туралы; талап етілмеген соманы салымшының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) ашылған жеке зейнетақы шотына аудару талаптары және төлем мерзімі аяқталған соң, дәлелді себеп бойынша өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға өтініш беру мүмкіндіктері туралы хабарлауға міндетті.Мұндай хабарландыру ешбір шарт жасасу әдісіне – жазбаша/қашықтан/банктік қызмет көрсету кешенді шартына қосылу жолына қарамастан жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, банктің бөлімшесінде немесе оның мобильді қосымшасында/сайтында онлайн режімінде банк шоты/салымы шартын жасасу барысында қол қоятын құжаттарға жіті назар аудару қажет. Өйткені оларда банк өнімінің маңызды талаптары (салымның түрі/валютасы, мерзімінен бұрын толығымен/ішінара алу тәртібі және олар бойынша максималды кепілдік сомалары) туралы ақпараттар жазылады.
Қазір екінші деңгейдегі 12 банк хабарламаның жаңа нысанын енгізу бойынша нормативтік және техникалық жұмыстарды жүргізіп болса, 6 банк бұл үдерістерді аяқтау кезеңіне таяды. Сондай-ақ Қор жыл барысында халықты «дәлелді себептер» бойынша өтем алу тәртібі туралы белсенді түрде хабардар етіп келді.
– Осы туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз.
– Салымшылар дәлелді себептерге байланысты өтем алуға өтініш беру мерзімін өткізіп алған жағдайда оларға кепілді өтем қалай төленетіндігі туралы ҚДКБҚ қазақстандықтар арасында жыл барысында талай рет ақпарат беру-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 2023 жылы азаматтардың осындай санаттарына 50 миллионнан астам теңге төленді.
Белгіленген мерзімді дәлелді себептерге байланысты өткізіп алған салымшы соларды растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда өтем төленуі мүмкін. ҚДКБҚ дәлелді себептер бойынша өтініштерді банк бойынша тарату үдерісі толығымен аяқталғанға дейін немесе Әлеуметтік кодекске сәйкес (қаражат салымшының зейнетақы шотына аударылған жағдайда) салымшының зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындағанға дейінгі мерзімдерге дейін қабылдайды.
Депозиттерге кепілдік беру туралы заңда белгіленген дәлелді себептер мыналар:
Әскери қызметке кіру; Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу; Депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер; Бас бостандығынан айыру орындарында болу; Сот анықтаған өзге де мән-жайлар.Бұл депозиттерге кепілдік берудің әлемдік жүйелері арасында бірегей шешім екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ салымшылардың талап етпеген өтем ақшаларының өтем төлеу мерзімі аяқталған соң, олардың БЖЗҚ-да ашылған жеке зейнетақы шоттарына аударылатындығы да соның қатарында.
Қор қазақстандықтардың мүдделері үшін өзінің атқаратын жұмыстарын жетілдіруге және үздік әлемдік тәжірибелерді қолдануға барынша күш салады.
– Сіз ДСХҚ-ға қатысу аясында атқарылған үлкен жұмыстар туралы атап өттіңіз. Осы туралы толығырақ баяндасаңыз.
– Өзіңіз білетіндей, осы жылы көктемде АҚШ-та, Ұлыбританияда және Швейцарияда күрделі банктік дағдарыс орын алды. Соған жауап ретінде ДСХҚ аясында жұмыс тобы құрылды. Ол жергілікті депозиттерге кепілдік беру жүйелерін күшейту, нығайту мақсатында қауымдастық қызметін реформалау бойынша ұсыныстар әзірлейді. ҚДКБҚ осы жұмыс тобының қызметіне белсене қатысты.
Сонымен қатар Қор ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің депозиттерді сақтандыру саласындағы заңнамаларын үйлестіру аясында Сараптамалық топтың мүшесі ретінде оның отырыстарына талай рет қатысқан болатын. Нәтижесінде, халықаралық тәжірибелер негізінде депозиттерді сақтандырушылардың («сақтандырушының мандаты») өкілеттігі мен атқаратын функцияларын үйлестіру тәсілдері, депозиттерді сақтандырушылардың дәрменсіз банкке қояр талаптарын қанағаттандыру кезектілігі, жұртшылықты хабардар ету және депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйелері үшін маңызды мәселелер талқыланды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұргүл САЛЫҚЖАНОВА