• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қаңтар, 2024

Енді мобильді аударым бақыланады

2765 рет
көрсетілді

Мобильді аударымдарды бақылау мәселесінің жыр болғанына екі жылдан асып кеткен шығар. Тиісті заң 2022 жылы қабылданған. Ол бойынша үш айдың ішінде бір карточкадан алынған аударым саны 100-ден аспауы керек.

«Бұл – шартты ереже ғана. Өз­геріске ұшырауы да мүмкін. Бір анық нәрсе бар, заңның мақсаты – кәсіп­керлік қызмет сипаты бар мобильді аударымдарды қадағалау және оған салық салу. Туыс-туған, әріптес, дос­­тар арасындағы аударымдардың кә­сіпкерлік қызметке қатысы жоғы бел­гілі. Оларға салық салынбайды. Біз бизнеске айтып жүрміз, кәсіп үшін арнайы карта, арнайы шот ашыңдар және қанша қаласаңдар сонша аударым жасаңдар, сөйтіп тиісті салықтарыңды төлеп отырыңдар. Бұл әсіресе, көлеңкелі бизнесте жүр­гендерге арналған сөз», деген еді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биыл мәжілісте.

Мемлекеттік кірістер комитеті­нің хабарлауынша, биылдан бастап банк­терден «банктердегі шотына кәсіпкерлік қызметпен байланыс­ты ақша түсіп жатқан азаматтар» туралы мәліметтер келе бастаған. Банк­терден ақпараттың келіп түсуі кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Яғни:

2023 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап – мемлекеттік қызметкерлер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары бойынша (2022 жылдың қорытындысы бойынша); 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап – мемлекеттік мекеме қызметкерлері, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары (2023 жылдың қорытындысы бойынша); 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап – жеке кәсіпкерлер, заңды тұл­ға­лардың жетекшілері және олар­­дың жұбайлары (2024 жылдың қоры­тындысы бойынша); 2026 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап – халықтың қалған бөлігі бойынша (2025 жылдың қорытындысында).

«Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейтініне және жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша) мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады», деп түсіндіреді комитет.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Нұржан Қуандықовтың түсін­діруінше, жаппай декларация тап­сырудың бірінші кезеңіне 570 мың­нан адам қатысқан – олар мем­лекеттік қызметкерлер және олардың жұбайлары. Солардың ішінде 8 мың адамның тоқсан бойы айына 100-ден астам аударым алғаны анықталған. Алайда ол әлі де анықтай түсуді талап етеді. Біз бірден хабарлама немесе айыппұл жібере алмаймыз», дейді.

Анықталған аударымдардың 8007-сі – Kaspi, 112-сі – Halyk Bank, 3-еуі – Forte Bank арқылы жасалған.

Төрағаның айтуынша, алдымен салық төлеу­шіге хабарлама жіберіледі, ал егер қа­телікті түзегісі келмесе, онда айыппұл салына бастайды. Түзетуге берілетін уақыт – 30 күн. Тағы да қайталап кетейік, тексеруге негіз болатын бас­ты фактор – бір ай ішінде 100 және одан да көп аударымдар жасау фактісі.

Егер 2 ай бойы 100 аударымнан көп төлем жасалып, бірақ арасында үзіліс болса немесе аударым саны 100-ге жетпесе тексеріс жүргізілмейді.

«Бұл критерий жасалған кезде көптеген азаматтар өз ұсыныстарын білдірді. Неліктен 50 емес, 100 аударым болуы керек деген пікір де айтылды. Соңғы шешім қабылдар алдында екінші деңгейлі банктермен келісім жүргіздік. Бірінші кезеңде жүргізілген салықтық бақылаудың нәтижесі бойынша 3 айға 100 ауда­рым деген критерий өзгеру де мүм­кін. Бұл шешімді шығаруда жеке аза­маттардың пікір де ескерілетінін айта кету керек. Әр азаматтың қандай шоты, төлем жүргізгенін анықтау же­ке сәйкестендіру нөмірі арқылы жүр­гізіледі», дейді Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева.

Н.Қуандықовтың сөзінше, егер жеке тұлға декларация өткізбеген болса, әкімшілік хаттама толтырылады. Оның аясында айыппұл салынбайды, тек ескерту беріледі. Жыл ішінде осы қателік екінші рет қайталанса, онда 15 АЕК көлемінде айыппұл белгіленеді.

Төрағаның айтуынша, деклара­ция­да толық емес не анық емес мәлі­­меттерді ұсынғаны үшін жыл ішін­де алғаш рет тек ескерту жаса­лады, ал қайталап бұзғаны үшін 3 АЕК (10,3 мың теңге) айыппұл са­лы­нады. Қуандықов салық салу объек­ті­лерін жасырғаны үшін бірінші рет төлен­беген салықтар сомасынан 200 пайыз көлемінде айыппұл салынатынын атап өтті. Егер дәл осын­дай бұзушылық жыл ішінде қай­таланса, онда бұл көрсеткіш 300 пайызға дейін өседі.

Ендігі кезекте кәсіпкерлік қызмет­ті жүргізушілер банкте ашылған же­ке шотына сатылған тауарлар мен қызметтер үшін мобильді аударым­дар арқылы ақы алмауы тиіс. Мұндай аударымдар бақылау-касса машиналары мен POS-терминалдарды қолданбай, тиісінше чектер берілмей жүргізілгендіктен заңсыз болып саналады. Оған әкімшілік жауапкершілік көзделген. Осы заң бұзушылықтар қайталанса, салық төлеушінің субъек­ті­лігіне байланысты салынатын айып­пұл 15 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін жа­уап­кершілік қарастырылады.

Комитет бақылау касса машиналары чектерін бермеу фактілерін анықтау бойынша «Азаматтық бақылау – Чекті талап ет» акциясын да өткізіп жатыр. Бұл акция негізінде тұтынушылар анықталған заң бұзушылықтар туралы «Wipon cashback» тегін мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады.

Кірістер комитеті кәсіпкерлерге бизнес-шот болып есептелетін төлем шотын ашуға кеңес береді.