• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 31 Желтоқсан, 2023

2024 жыл: Автомобиль нарығын қандай өзгеріс күтіп тұр?

241 рет
көрсетілді

Былтырғы он айда біздің зауыттар автомобильдер мен коммерциялық техника құрастыруды 2022 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық орындаған. Цифрмен айтқанда, бір жылға жуық уақыт ішінде жарты трлн теңге сомасына 124 мың автомобиль құрастырылыпты. Ел тұрғындарының да көлік алуға де­ген ынтасы жоғары. Мұндай ди­на­мика соңғы алты жыл бойы сақ­талып отыр. Сарапшылардың ай­туын­ша, жыл сайынғы сатып алу көрсет­кіші кемі 20 пайызға ұлғайып келеді.

Көлік бағасы

Ең төменгі көрсеткіш тек 2022 жылы тіркелген, былтыр нарықтағы тапшылық салдарынан көлік сатып алу көрсеткіші небәрі 5 пайызға ғана ұлғайыпты. Тұтыну­шы­лардың көбі нарықтағы орташа бағасы 12 млн теңге болатын седан көліктеріне басымдық береді екен. 12-20 млн теңге ара­лығындағы кроссоверлер де тәуір сұра­нысқа ие. Ал ең көп сатылатын марка – Chevrolet болып шықты. Былтыр желтоқ­сан ортасындағы дерек бойынша отандық автодилерлер 156 мыңнан аса көлік сатты.

«Жылды жабар тұста  біздің автодилерлер түрлі акция, жеңілдіктер жасап, қуантып жатыр. Әсіресе осы желтоқсан айында барлық модельге байланысты біздің ресми автодилерлерімізден ұсыныс өте көп және оларды аса қызықты қаржылық ұсыныстар деп те айтуға болады. Олар негізінен 2 пайыз және одан да жоғары мөлшерлемелермен несие ұсынып жатыр. Сондықтан дәл қазіргі уақытты көлік сатып алу үшін өте ыңғайлы кезең деп айта аламыз», деген еді Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Мақашева.

Сарапшылар орта сегменттегі көлік бағасының күрт өсуі болмауы керек деген пікірде.

«Баға өсімі бар, бірақ өткен жылмен салыстырғанда күрт қымбаттау жоқ. Қандай да бір жаһандық төтенше оқиға болып қалмаса жақын арада бағаның ба­йыпты өсімі жалғасады. Алайда оның сондай үлкен қарқынмен жүріп жат­пағаны қуантады», дейді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард Эдоков.

 

Айыппұл өседі

Биыл жылдамдықты асыратын көлік иелеріне салынатын айыппұл көлемі өседі. Жылдамдықты сағатына 10-20 кило­метр­ден асырған жүргізушілерге салынатын айыппұл мөлшері – 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК). 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңге болатынын ескерсек, бұл айыппұл шамамен  19 мың теңгеге жуықтайды. Сонымен қатар жүр­гізушілер белдік тақпаса, көлік тоқтату ережесін бұзса және шлем тақпаса да дәл осындай мөлшерде айыппұл төлейді.

Егер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсе 10 АЕК (2024 жылы 36 920 теңге) айыппұл арқалайды. Жаяу жүргіншіге жол бермеген, жылдамдықты сағатына 20-40 километрден асырған, мүгедектерге арналған тұраққа көлік қойған азаматтар да 36 920 теңге айып­пұл төлейді.

Жол ережесін бұзғаны үшін салынатын ең жоғары айыппұл – 50 АЕК (184 600 теңге). Жүргізуші куәлігінен айы­рылған адам рөлге отырса, тиісінше қазынаға дәл осындай мөлшерде ақша құяды. Сондай-ақ ол 10 тәулікке қама­лады. Оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші де осынша көлемде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады.

 

Өтіл алымы қымбаттайды

Алымды есептеуде қолданылатын базалық мөлшерлеме (50 АЕК) 172 500 теңгеден 184 600 теңгеге өседі деп жоспарланған. Коэффициентке байланысты мотор көлемі 1000 текше см-ден аспайтын жеңіл автомобиль әкелу үшін 276 900 теңге төлеуге тура келеді. Ал моторы 2000 текше см-ге дейінгі машина үшін – 646 100 теңге, 3000 текше см-ге дейін 923 000 теңге төлейсіз. Көлемі 3 литрден асатын машина үшін алым 2 122 900 теңге болады.

Электромобиль кіргізетіндер үшін ештеңе өзгермейді, тасымалдың бұл түрі өтіл алымынан босатылған.

 

Көлікті есепке қою құны өзгереді

Машинаға төленетін ең арзан бас­тапқы тіркеу ақысы (0,25 АЕК) 862,5-тен 923 теңгеге өседі. Шығарылғанына 3 жыл тол­маған көлік үшін 172 500 емес, 184 600 теңге төлеуге тура келеді. Ал үш жылдан асып кеткен  көліктерді тіркеу ақысы (500 АЕК) 1 725 000-нан 1 846 000 теңгеге жоғарылайды.

Бұл төлемге электромобиль немесе гибрид болса да, мотор көлемі әсер етпейді. Көліктің шыққан жылына мән беріледі. Дәстүрлі мотормен жүретін автомобиль үшін көлік салығы да қымбаттайды, өйткені ол да АЕК-ке байланысты.

 

Автогаз бағасы

2024 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап көлікке құйылатын газ бағасы өседі. Энергетика министрлігі тиісті қаулы жобасын «Ашық НҚА» порталында орналастырған. Ол бойынша сұйытылған мұнай газы бағасын келесідей өзгерту жос­парланып отыр:

Астанада – литріне 70-тен 76 теңгеге; Алматыда – литріне 75-тен 81 теңгеге; Шымкентте – литріне 60-тан 64 тең­геге; Павлодар облысында – литріне 74 тең­геге. Алыс аудандарда – 79 теңгеге; Шығыс Қазақстан облысы, Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында – литріне 70-тен 76 теңгеге. Облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандарда – 81 теңгеге дейін; Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында – литріне 75-тен 81 теңгеге. Алыс аудандарда – 86 теңгеге дейін; Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында – литріне 50-ден 54 теңгеге. Алыс аудандарда – 59 теңгеге дейін; Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында – литріне 60-тан 64 теңгеге дейін. Алыс аудандарда – 69 тең­геге дейін; Жамбыл облысында – литріне 65-тен 71 теңгеге дейін. Алыс аудандарда – 76 тең­геге дейін.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, аталған өнімнің өзіндік құны – 110 теңге.

«Бірақ біз бұл бағаны бірден бекітіп тастауды жоспарлап отырған жоқпыз. Яғни өсім кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сұйытылған мұнай газы ішкі нарық­қа өзіндік құннан төмен жеткізіліп жат­қандықтан өндірушілердің де ынтасы төмендейді. Газбен жүретін көліктер саны жоғары қарқынмен өсетін болса, онда біздегі өңдеудің қысқа мерзімдегі қуаттылығы оны қамтамасыз етуге жет­пейді. Егер сұйытылған мұнай газын им­порт­тайтын болсақ, онда мүлде басқа баға болады. Яғни баға бензин құнымен теңе­сіп кетеді», деді министр.