• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Волонтер 01 Қаңтар, 2024

Волонтер жылы: Жанашырлық пен жәрдемдесу

275 рет
көрсетілді

2024 жыл ТМД елдерінде Волон­терлік қозғалыс жылы деп жарияланды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Бішкектегі Достастық мемлекеттер басшыларының кеңес отырысында қолдаған еді. Сондай-ақ Президент еріктілердің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды. Ізінше тараптардың Үкімет басшылары бас қосып, іс-шаралар жоспарын белгіледі. Ұрпаққа ұлттың ұлы қасиетін дәріптеуге баулитын шешім Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Мәскеу қаласына сапары барысында тиянақталды.

Жаһандағы дүрбелең ел болашағының бәсін бұрынғыдан да алаңдатып тұр. Осы орайда интеграцияға бастайтын кез келген саяси қадам маңызды. Өйткені ортақ мүддені көздейтін бастамалар мемлекеттер арасындағы қалыптасқан байланысты одан әрі нығайта түсеті­ні анық. Мұны негізге алған Прези­дент «Еріктілердің ізгі амалдары қоға­мымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды», деген еді.

Ал Үкімет басшысы Мәскеудегі іссапар кезінде «Қазақстан интегра­ция­лық байланыстарды тереңдету және оны жаңа практикалық мазмұнмен толық­тыру үшін ТМД алаңында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі» екенін атап өтті.

«Мемлекеттер басшылары кеңесінің өткен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған басымдықтар ТМД форматындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Ең бастысы – туындаған сын-қатерлерді еңсеру, тиімді әріптестікті нығайту үшін жаңа бағыттар іздеу. Бүгінде Достастық елдерінің еріктілері өздерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында толерантты қоғамның дамуына, қайырымдылық пен мейірімділік мәдениетін қолдауға елеулі үлес қосуды жалғастырып келеді. Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізу және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беру туралы қазақстандық бастаманы іске асыру бойынша нақты жұмыстарды бастауға шақырамын», деді Ә.Смайылов.

Келісілген іс-шаралар жоспары тоғыз бөлімнен тұрады. Оған өзге елдердің өкілдері қатысатын 100-ден астам халықаралық акция, кездесу, кон­ференция, зерттеу және басқа да іс-шаралар енген. Басты мақсат – ын­тымақтастықтың нормативтік-құқық­тық базасын жетілдіру, волонтерлер қозғалысының инфрақұрылымын дамыту, қоғамды пайдалы волонтерлік қызметке ынталандыру, волонтерлік ұйымдардың әлеуетін және ел дамуында үлесін арттыру.

«ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, ТМД-ның мүдделі салалық ынтымақ­тас­тық органдарының, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесі Хатшылығының, ТМД-ға қатысушы мемлекет­тердің гуманитарлық ынтымақ­тастық жөніндегі мемлекетаралық қоры­ның ұсыныстарын ескере отырып, іс-шаралар жоспары әзірленді. Қазақстан Рес­публикасынан бұл жоспарға 7 іс-шара енгізілген (анықтама үшін: іс-шаралар Астана қаласында, Жетісу облысында, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Алматы, Қостанай, Түркістан облыстарында жос­парланған). Осы іс-шаралар аясында халықаралық волонтерлік лагері, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің волон­терлік ұйымдарымен «Волонтерлік – әлемдік тәжірибе» тақырыбында телекөпір, мәдени-тарихи мұраны сақтау және дамыту бойынша халықаралық экспедиция өткізу, сондай-ақ тарихи, мәдени және мемориалдық кешендерді сақтау, қалпына келтіру және тағы басқа да шаралар жоспарланып отыр. Бұл іс-шараларды өткізу бізге жаңа волонтерлік бастамаларды дамытуға және волонтерлік саласындағы сәтті істермен бөлісуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар волонтерлік қыз­метті жандандыру бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстардың нә­ти­­жесінде БҰҰ Бас Ассамблеясы Мем­­­лекет басшысының 2026 жылды Тұрақты даму үшін ерікті­лердің Халық­аралық жылы деп жария­лау туралы бас­тамасын қолдады. Бас­таманы ілгері­лету үшін 2024 жылы Мемлекет басшы­сының бастамасымен Астанада АӨСШК волонтерлік қозғалыстары көш­бас­шыларының кездесуі өтеді. Форум­ға ТМД-ға мүше елдердің волон­терлік қоғамдастық және мемлекеттік органдарының өкілдері қатысады. Достастық серіктестерімен екіжақты кездесулер жоспарланған.

«Отырыс аясында еліміздің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен пленарлық отырыс, түрлі тақырыптық сессиялар, тренингтер, оқу семинарлары өткізілетін болады», деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова.

Шексіз, шекарасыз бір-біріне болысып, септесіп, сан салаға серпін беру – еріктілердің еншісі. Елімізде осы мейі­рім елшілерінің қозғалысы кейінгі үш жылда тіпті қарқынды дамыды. Бұған волонтерлік ұйымдардың – 3, жана­шырлардың 5 есе өскен динамикасы дәлел. Демек қоғамда волонтерлердің беделі өскен. Қазір республикада 700-ге жуық волонтерлік ұйым, мыңнан астам бастамашыл топ, шамамен бір мың «Күміс волонтер» бар.

«Волонтерлік миссиямен Африка, Еуропа мен Американың 10 еліне барып, тәжірибе жинадым. Жалпы жанашырлық пен жәрдемдесу деген біздің қанымызда бар. «Асар» деген қазақтың салты соған дәлел бола алады. Біздің тобымызға біртіндеп зейнеткерлер қосыла бастады. Біреуге жұмыс, біреуге қаржылай көмек, енді біріне қарым-қатынас пен достық қажет болды. Бізді айналамызға жақсылық жасауға және қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс біріктіреді», деді күміс волонтер Гүлбаршын Қасыманова.

Ерікті істерге белсенді қатысуға мемлекет тарапынан жағдай жасау да елдегі волонтерліктің дамуына оң ықпал етті. Бүгінде волонтерлік топтар, ұйымдар және волонтерлерге ұйым­дастырушылық, ақпараттық, ресурстық қолдау, консультациялық көмек көрсету үшін республика бойынша 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Астанадағы халықаралық волонтерлік орталық – соның бірі. Онда Орталық Азия мемлекеттерінің еріктілері еркін пікір алмасып, игі істерді бірлесе атқарады.

«Астана қаласында қазіргі таңда 50-ге жуық волонтерлік ұйым тіркелген. Онда 50 мыңнан астам волонтер бар. 20 мыңға жуығы тұрақты түрде жұмыс істесе, 30 мыңы бірреттік акцияларға қатысады», дейді Еріктілер қызметін дамыту бөлімінің маманы Айзат Әли.

Сондай-ақ мемлекет қолдаудың қар­жылық емес шараларын да қабыл­даған. Атап айтсақ, мемлекеттік наградалармен марапаттау, волонтерлік қызметті жоғары оқу орындарына түсу кезінде, мемлекеттік және азаматтық қызметке жұмысқа тұрғанда есепке алу сынды мүмкіндіктер қарастырылған. Мәселен, былтыр волонтерлер күні аясында 47 волонтер мен волонтерлік ұйым «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының иегері атанды. Жеңімпаздар арасында шетелдіктер де бар. Негізі кейінгі үш жылда еліміздің әр өңірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 185 волонтер түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Оған қоса отандық волонтерлер БҰҰ-ның әртүрлі құрылымдарында бел­сенді жұмыс істейді. Осыған орай Қазақ­­станның бастамасымен, БҰҰ қабыл­­даған 2026 жылғы волонтерлер жылы бұл қозғалысқа ұлттық, аймақтық және жа­һан­дық деңгейде қуатты серпін бермек.

«Құжат БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында бірауыздан қабылданды. Құжат жобасы бойынша мүше мемлекеттер арасындағы келіссөздердің сын­дарлы және позитивті сипатын атап өтеміз. Біз қысқа мерзімде мәтін­ді толықтай келісе алдық. Бұл бастама­ны жүзеге асыру барысында БҰҰ ерік­тілері бағдарламасының маңызды қол­дауын атап өткен жөн. Бұл ұйым Халық­аралық жыл шеңберінде өткізілетін іс-шараларды үйлестіруге жауапты болады», деді БҰҰ жанындағы  Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы Әмірбек Исламұлы.

Сала мамандарының айтуынша, бұл жыл жаһан жұртын ізгілікке, мейірімге бастап, қамқорлық пен қайырымдылық жасауға шақыратын кезең болады.

«Әлемде волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді және қоғам өмірінде үлкен рөл атқарады. Сондықтан бірлескен жұмыстар біздің елімізге волонтерлік қызмет саласындағы оң әлемдік тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Отанымыз – әрқашан адамдарға көмектесуді дәстүрге айналдырған ел. Демек, тұрақты даму мақсаттарын жүзе­­ге асыруда волонтерлерімізді ел­дегі бағ­дарламаларға ғана емес, ТМД және БҰҰ жүйесіндегі өз шекара­сынан тыс жерлерге де жіберіп, волон­терлік қызметте үлгі көрсете алады. Жалпы, Мемлекет басшысының ұсы­ны­сын бірден қолдауға ие болуы, 2026 жылдың волонтерлер жылы деп жария­лануының өзі бір үлкен жетістік. Яғни біз әлемдік деңгейде өз ойын айта алатын ел екенімізді жоғары деңгейде көрсете білдік», деді Ұлттық волонтерлер желісі басшысының орынбасары Айбек Досымбетов.

Айта кетейік, министрлік алдағы үш жылда ынталы жастарды салалық волонтерлік бағытта оқытуды жоспарлап отыр.