• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қаңтар, 2024

Қоян жылының «көжектері»

119 рет
көрсетілді

Тіршілігі қашанда қарбалас қаламызда былтыр алып бала да, ата-анасы Құдайдан тілеп алған талай бақытты нәресте жарық дүниеге келді. «Алып бала» деп отырғанымыз, алматылық бір келіншек №5 қалалық перзентханада алғаш рет салмағы алты килодан асқан балпанақтай бала тапты. Алма­тыда өмірге келген сәбилердің ішінде 200-ден аса егіз бала және бір үшем бар.

Сонымен былтыр дүниеге келген егіздер мен есімдерді саралап көр­генде, ел демографиясының өсуі­не айтарлықтай үлес қосқан ана­ла­рымыздың Алматыда да көп екеніне көзіміз жетті. Тек қана егіздердің өзі 217 жұпты құрайды екен. Арасында үшем­дер де бар.

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы Алматы қа­ласы филиалы аудандық АХАЖ бө­лімдерінің берген мәліметінше, былтыр егіздер көшін 39 егізбен – Бостандық ауданы, 38 егізбен – Түрксіб және 31 егізбен Алатау аудандары бастап тұр. Одан кейін тізімді 30 егізбен Медеу ауданы, 29 егізбен Алма­лы ауданы жал­ғас­тырған. Тізімнің соңын 28 егізбен Әуезов, 13 егізбен Же­тісу, 8 егіз, 1 үшем­мен Наурызбай ауда­ны аяқ­тайды.

«Бұл – өте қуанарлық жағдай. Елі­міз­де халық санының өсіп жатқаны – жақсы құбылыс. Талай нәубетті басы­нан өткеріп, өсу қарқыны бәсеңсіп қалған хал­қымыз, былтыр 20 миллиондық межеге жетіп қуантып отыр. Елімізде ха­лықтың әлеуметтік жағдайына аса мән беріліп, аналардың да алаңсыз балалы болуына жағдай жасалынып жатыр. Босанғанға дейінгі, босанғаннан кейінгі жәрдемақылары өсті. Әрбір бала туылғанда берілетін жәрдемақылар да жыл сайын өсіп келеді. Көрсетілетін мем­лекеттік қызметтер проактивті және композитті нұсқаларға көшірілді. Ана­лар көп қызметті ХҚО-ға кел­мей-ақ, онлайн алатын болды»,  дейді «Аза­маттарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Фарида Бокижанова.

Сондай-ақ Алматының сәбилері иемденген есімдерімен де бөліссек. «Аза­мат­тарға арналған үкімет» мем­­­ле­кеттік корпорациясы АХАЖ бө­лімдерінің берген мәліметінше, алма­тылықтардың көпшілігі балаларына қасиетті Исламдағы есімдерді таңдапты. Олардың қатарында Мұхаммед, Әл-Мұхаммед, Ислам, Мұхаммедәли, Омар, Абдрахман, Фатима, Раяна, Кәу­­­сар, Айша, Медина, Ясина болса, көп кездесетін есімдер қатарында та­­рихи тұлғалар мен қайраткерлер есім­­д­ері де бар. Мәселен, Абылайхан, Қазбек, Әбілхайыр, Кенесары, Әлихан, Әміре, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт, Хан, Айғаным, Бөрте, Зере, Томирис сынды ныспылар жиі таңдалады. Сонымен қатар Ал­дияр, Айсұлтан, Әлинұр, Нұ­рали, Алияр, Аион, Айлин, Інжу, Мар­жан, Асы­лым, Мариям, София, Аяла сын­ды қазір­гі заманғы есімдерді де біраз ата-ана таңдаған.

Өткен жылдың қаңтар-қазан аралы­ғында Алматы қаласында 29 560 бала дүниеге келсе, оның 15 251-і – ұл, 14 309-ы – қыз. Олардың 216 жұбы – егіз, 1-еуі үшем болып дүниеге келсе, жалпы саны – 435 бала. Алматы үшін тамыз айы нәрестелердің көп туылуымен айрық­шаланды. Бұл айда 3310 баланың кін­дігі кесілді.

Кейінгі жылдары елі­мізде егіз жігіт­тер мен егіз қыздардың қосылу жайт­­тары да жиілеп келеді. Ақтөбе, Маң­ғыс­тау облыстарында егіз жі­гіт­тер егіз қыздарға үйленген қы­зықты оқиғалар бар. Тіпті Оңтүстік Қазақстан облысында 32 жыл бұрын егіз қыздарға үйленген егіз бауырлар тұрады екен. Олардың қай-қайсысы да өмірлеріне риза.

Әлемде 80 млн-ға жуық егіз бар кө­рінеді. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын әлемде 1,6 миллион егіз туады екен. Қазақстан егіздерді өмірге алып ке­луі жөнінен әлемде – 48-орында. Де­генмен еліміздің әрбір қаласы мен ауы­лы жақсы көрсеткіш көрсетіп жатса, 48-орын­нан жоғарылауымыз да ға­жап емес.

 

АЛМАТЫ