• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тағзым 04 Қаңтар, 2024

Бұлбұл үнді біртуар

2201 рет
көрсетілді

«Әупілдек», «Әпитөк», «Сәулем-ай», «Құдаша» сын­ды халық әндерімен қа­тар Біржанның «Жалғыз арша», «Жонып алды», «Ләйлім шырағын», Ақан серінің «Маңмаңгерін» және Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқаған қазақ даласының бұлбұлы Рабиға Есімжанованың туғанына бүгін тура 110 жыл толды.

Өнер жолын Семейден бас­тағаны бір аңыз, Алматыға Әмірені іздеп барғаны екі аңыз. «1931 жылы мен Әміре Қашаубаевты іздеп республика астанасына келдім. Ол уақытта театр біреу – драма театры ғана. Театр сахнасында атақты әншілер Әміре, Манарбек, Жүсіпбек, тамаша өнер иелері Қалибек, Құрманбек, Қанабек, Қапан, Серке, Елубай, Әбікен, Камал, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин өздерінің керемет таланттарымен көрермендеріне танылып үлгерген кез. Солардың арасында жарқыраған жарық жұлдыздай Күләш та бар еді»,  дейді Рабиға Есімжанова бір естелігінде. Күләш апамыз жас талантты қамқорлығына алып, ерекше жанашырлық танытады. Дарынды дарын алыстан танитыны осыдан байқалады. Рабиға апамыз оны былайша еске алады: «Елден аңсап келген бетімде бауырмалдық құшаққа сияр шоқ жұлдыздар арасында маған ерекше ықылас білдірген Күләш еді. «Әнші қыз келді» деп жас балаша қуанып қарсы алғанын, үйіне әкеліп, төрін ұсынғанын қалай ұмытайын. Үш жыл бірге тұрдық. Ол уақытта теат­р киімге кедей болатын, екеуара бір сиса көйлегіміз бар. Соны кезектесе, сахнаға қайсымыз бұрын шықсақ, сонымыз киетінбіз. «Тез шешін!» деп апыл-ғұпыл киініп жататын да кездеріміз аз болған жоқ. Ол да бір дәурен екен-ау!», дейді.

Күллі қазақ даласын даусымен тербеген әнші қазақ ұлттық ән өнерінің байрағын желбіреткен біртуар десе болғандай. Ғұмыр бойы ұлт өнері мен мәдениетіне қызмет еткенін көреміз. Бұл кісі орындаған «Әупілдек» сынды әндер көп естіле бермейді. Күміс көмейден төгілген үнді Қазақ радиосының Алтын қорынан тыңдаған бір ғанибет.

Атақты әнші 1914 жылы Ақ­мола облысы Қорғалжын ауданында өнер қонған шаңырақта дүниеге келген. Атасы Бабақ, оның Есімжан, Қосымжан, Сейітжан тағы басқа балалары бар. Ән өнерінен хабардар жұрт Рабиғадан бұрын Қосымжан Бабақ есімін қастерлесе керек. Белгілі композитор Кенжебек Күмісбеков бір сөзінде: «Рабиға маған туыс болып келеді. Бір елдің адамымыз. Мен Рабиға апаға еліктеп әнші болуды армандағанмын. Бұл кісі Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан еді. Атақты Бабақтың балалары Қосымжан, Есімжан, Досымжан, Сейітжан, Есімжаннан Рабиға. Сондай-ақ Бабақтың Гүлжәмила, Бижан, Бағира, Қанипа деген қыздары да өнерлі болыпты. Ра­биға – Есімжанның тұңғыш қызы. Міне, бұл кісілер қазақ әні­нің эталоны десе де болғандай. Кезінде Қосымжан Бабақовқа Ахмет Жұбанов «қазақ әнінің энциклопедиясы» деп бекер айтпаған. Өйт­кені Қосымжанның ән салуында Ақан сері мен Біржан салдың, Жаяу Мұса мен Үкілі Ыбырайдың ән орындаушылық шеберлігі бар. Сол кісіден тәлім-тәрбие ал­ған Рабиға апай да әншілердің үздігі еді-ау! Оның мақпал даусы жүрекке жылы тиетін, тыңдағанда жүрекке жылы тиетін, әдеміліктің, сұлулықтың нышанындай еді. Әрине, бұрын қазақ әйелдің жуан даусын, ер адамның жіңішке дау­сын ұнатқан. Біздің Рахия Қой­шы­баева, Жамал Омаровалар қазақ мәдениетінің бастапқы даму кезеңінде өнерімен ел есінде қал­ған тума дарын иелері.

Рабиғаның әні қандай болса, кісілігі де ерекше еді. Бір көр­геннен баурап алатындай мінезі бар еді, ақылымен, адамгершілік қасиетімен, бауырмалдығымен жақын еді. Өнер де тақыр жерге бітпейді демекші, әлі күнге дейін үлкен рухқа ие құдіретті өнер келер ғасырларға жаңғырып жете бермек!», депті К.Күмісбеков.

1946-1960 жылдар аралығында Рабиға Есімжанова Қазақ ра­дио­сының әншісі қызметін атқа­рыпты. 1960 жылдан бастап «Қа­зақ­концерт» бірлестігінің әншісі ретінде еңбек еткен өнер иесінен ән үйреніп, тәлімін алған белгілі әншілер баршылық екен. Бұл туралы Алтын қорда қалған естелігінде өзі айтады.

«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» демек­ші, бүгінгі атышулы әншілер­дің біра­зын өзіме шәкірт санаймын. Асқақ әншілер Бибігүл Төлегенова, Мә­дениет Ешекеев қазіргі орындап жүрген әндерінің біразын менен үйренген. Қажыбек Бекбосынов, Биғайша Іңкәрбекова, Бақыт Әшімова, Ақжігіт Дәрі­баевалар қазақ әнін көп сұрап, көп үйреніп жүреді. Оларға мен сондай ықы­ласыммен үйретемін. Өйткені қазақ әні халыққа жету керек. Кейінгі ұрпаққа қалу керек. Өйткені ән қазынамыз баршамызға ортақ. Оның үстіне сонау ұлағатты жан­дардан алған үлгі-өнегені соң­ғы ұрпаққа жеткізсем, менің аза­маттық, әншілік парызымның өтелгені», депті әнші.

1930 жылдан Алматы музы­калық драма театрында актрисалық мектептің шыңдалуынан өткен актриса 1933 жылы Семейдің об­лыстық театрына ауысыпты. Онда композитор И.Коциктің, қа­зақ­тың тағы бір дарынды сахна режиссері Орынбек Бековтің (кейін халық жауы ретінде ре­прессияға ұшыраған, Рабиға апа­мыздың алғашқы шаңырақ құрған жары) қойған опералары мен спектакльдерінде «Айман-Шолпан» операсында Айманның, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің, Бейімбет Майлин шығармасы негізінде қойылған «Жалбыр» операсынан Хадишаның, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» Баянның рөлдерін орындауда, сахналық түрлі образдарды сомдауда зор жетістікке жетіп, оларды қайталанбас өнердің биік шыңына шығарыпты. Семейде екі-үш жыл қызмет істеген соң Алматыға шақырылған Рабиға Есімжанова республикалық опера және балет театрына жұмысқа орналасып, осы ұжыммен Мәс­кеу, сол кездегі Ленинград қала­ларында, көптеген концерттік са­парда болады. 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің он­күндіктерінде ән құдіретін әлем жұртшылығына мойындатқан Қазақстанның Халық әртісі Рабиға Есімжанова есімі елімен бірге жасай береді.