• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 04 Қаңтар, 2024

Проблемаларды тұрғындармен бірге талқылады

77 рет
көрсетілді

Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен сенатор Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысына сапары аясында Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында бірқатар кездесу өткізді.

Депутаттар қияр өсіруге мамандан­ған жаңа жылыжай кешенінде болды. Аймақ тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған бұл кәсіп­орын облыс халқының қиярға деген сұранысының шамамен 30%-ын қанағаттандыра алады. Сенаторлар сонымен қатар Қызылжар ауданында аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен және аудан активімен кездесті. Кез­десуге қатысушылар Мемлекет бас­шы­сының «Egemen Qazaqstan» газе­тіне берген сұхбатында еліміздің өңірлерін әлеуметтік-экономикалық одан әрі дамытуға бағытталған негізгі тұжырымдарын талқыға салды. Кездесу барысында аудан орталығында заманауи түрдегі жаңа емхана салу туралы мәселе көтерілді. Депутаттар бұл мәселені жедел шешудің маңыздылығын атап өтіп, оны бақылауға алатынын жеткізді. 

Сенаторлар сонымен қатар Қызыл­жар ауданындағы №3 Бешкөл орта мекте­бінде болды. Депутаттар оқу үде­рісінің ерекшелігімен таныс­ты және  мұ­ғалімдер қауымымен жүз­десті. Сон­дай-ақ Сенат қызметінің негіз­гі қоры­тындылары, елімізде жүзеге асып жатқан саяси және әлеуметтік-эконо­микалық реформалар туралы әңгімеледі.

Депутаттар облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­хам­бетовпен кездесті. Облыс басшысы сенаторларды жыл қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы хабардар етіп, парламентшілерді жылыту маусымы және көктемгі су тасқынына дайындық жағдайымен таныстырды. Сенаторлар өз кезегінде тұрғындар жолдаған хаттарда айтылған бірқатар проблемалық мәселеге тоқ­талды және азаматтарды қолдау, кә­сіп­­керлікті дамыту жөніндегі Сенат қабыл­даған заңдар туралы мәлім етті.