Бұған дейін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде 2020 жылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын жымқыру фактілері анықталғаны хабарланған еді. Университет өкілдері Алматы прокуратурасы ұсынған ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Университетте 2020 жыл ішінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру аясында бюджет қаражатын жымқыру фактілері жасалған. 2020 жылы Университет пен «Ai-Tall» ЖШС арасында (5,8 млн теңге сомасына «амиак селитрасын» сатып алу бойынша), «КемалханСтройЭлит» ЖШС-мен (15,8 млн теңге сомасына «аммофос» сатып алу және жеткізу бойынша) және «ҚазТрайдСнаб» ЖШС-мен (22 млн теңге сомасына «қант жүгерісі» тұқымын сатып алу және жеткізу бойынша) келісімшарт жасалған. Жоғарыда көрсетілген шарттар бойынша тұқым себу және себу орындарын өңдеуді растау актісін жалған жасау фактілері анықталды», делінген ҚазҰАЗУ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетсек, «ДарМирАудит» ЖШС жүргізген қорытындыға сәйкес университет мемлекетке 43,8 млн теңге көлемінде залал келтірді.
Сонымен қатар университетте табыс табу мақсатында жеке кәсіпкерлерге жалға берілетін бірқатар тұрғын емес коммерциялық үй-жайлар (дүкендер, асханалар және т.б.) бар екені анықталды.
«Мәселен, 2012-2022 жылдар аралығында Дана ЖК коммерциялық үй-жайларды (дүкен үшін) тұрақты түрде жалға алған, бұл ретте ай сайынғы жалдау ақысы университеттің бұрынғы қызметкеріне қолма-қол ақшамен және мобильді аударымдармен беріліп отырған, алайда ол университеттің есеп шотына түспеген. Бұл фактілер ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы және ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша СДТБР-інде тіркелген», делінген ресми хабарламада.
Университеттің жаңа басшылығы 2023 жылдан бастап заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде ЖОО жатақханалары мен оқу аудиторияларын қайтару бойынша барлық қажетті шараларды қабылдағаны туралы қоса айтылды.