Қызылорда қаласының іргесінен орын тепкен Бесарық – жұрты жаңалық пен жақсылыққа жұмылған ауыл. Бүгінде Сырдария ауданына қарасты бұл ауылдағы әр шаңырақ мал ұстап, облыс орталығын етпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл тоғысында осы берекелі Бесарықта бөдене фермасы ашылды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауыл тұрғындарын құттықтап, тың кәсіп бастап отырған «Абай-Дәулет» ЖШС басшылығына табыс тіледі.
– Осыдан сәл уақыт бұрын, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсының Гран-при жүлдесін «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табыс еткені өңір жұртшылығының ортақ қуанышына айналды. Бұл жүлде – осы кәсіпорынның ғана емес, Сыр жұртшылығының жеңісі, облыстағы барлық кәсіпкерлерге берілген жоғарғы баға. Аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды жобаны қолға алып, бөдене фермасын салған кәсіпкер, «Абай-Дәулет» ЖШС жетекшісі Мұрат Сәрсенбаевқа Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіріп, алғысымызды айтамыз, – деді облыс әкімі.
Бесарықтың берекесін үстеп отырған «Абай-Дәулет» ЖШС күріш, құс, мал өсірумен, тамақ өндірісі және құрылыс материалдарын шығарумен айналысып, 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Ауылдағы бөдене фермасы жылына 1 500 тонна құс етін өндіреді. Мұндағы 80 мың бас құстың жартысы ет, қалғаны жұмыртқа бағытында бағылады. Кәсіпорын толық қуатқа көшкенде 160 адамды жұмыспен қамтиды.
Жалпы, биыл Қызылорда облысында шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,3 пайызға артып, 70 977-ге жеткен. Кәсіпкерлікті қолдауға әртүрлі көздерден 42 млрл теңге тартылып, 3,5 мыңнан астам жобаға қаражат бөлінді.
Қызылорда