• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Қаңтар, 2024

Рухани даму борометрі

610 рет
көрсетілді

Президенттің «Egemen Qazaqstan» газетіне берген  сұхбатының «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана  алға қарауымыз керек!» деп  аталуы бізге, ғалымдар  алдына  үлкен мақсат қойып отыр. Бүгінде еліміз ілгері даму үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Осыған сай, қоғамның бет-бұрысы өзгеріске түсіп отыр. Адамдардың санасы жаңарып жатыр, ғылыми көзқарасқа деген серпіліс қалыптасып отыр. Кешенді реформалар санатында ғылым-білімге деген құлшыныстар даму үдерісіне түскен. Кез келген бастама жаңа мүмкіндіктерге шақыратыны рас. Президент өз сұхбатында «еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс екенін»  нақты көрсетіп беруі  ғылыми ортада  қолдау тауып отыр. Президенттің  бұл ауқымды іске үлкен дайындықпен саланы зерттеп, білу арқылы келгені байқалады.

Соның айғағы ретінде «Ғылым және технологиялық саясат» туралы заң жобасына  жеңілдік енгізілуінің өзі бұл істің бұған дейін басталғанын көрсетіп отыр. Бұл орасаң зор әлеует.  Егер заң қабылданса, отандық компаниялар еліміздегі университеттермен немесе ғылыми зерттеу институттарымен серіктестік негізінде  инновациялық өндіріс орнына ғылыми зерттеу мақсатында қаржы құйса, 100 пайыз салықтан босатылады. Бұл шындығына сайсақ, осы салада жұмыс атқарып жатқан өндіріс орталықтарын  жігерлендіреді. Жоғарыдағы заң жобасына «инфрақұрылымдық гранттардың енгізілуі де саланы жандандыра түсетіні анық.

Әрбір заман ұрпақты, ұлтты, мемлекетті, жалпы адамзатты белгілі кезеңде сынап, електен өткізіп отырады. Осы ұлы күресте жеңіп, уақыт сынынан абыроймен өткендер ғана мәңгі жасайды. Дамыған елдер өркендеу жолына білім-ғылым арқылы келгені аян.  Бүгінгі таңда білім динамикасы   идеяларды  зерттейтін Ғылыми-зерттеу институттарына тың бағыттар беріп жатыр.

Ғылыми әлеует   ХХІ ғасырды ғылым ғасыры деп атайды.  Сондықтан ұлт зиялыларының  міндеті – бұқараға  ғылыми жол  көрсетіп, дұрыс бағыттап отырғанда ғана бастаған ісіміз ілгері жылжиды. Ұлттың рухын жаңғырту жолында  жүрген ұрпақты, азаматтарды қолдау  түбінде қазақтың ренессанс дәуіріне, яғни түбегейлі өзгерістер заманына әкеледі. Оны біз сұхбат ауанының рухани даму келбетінде көрініс тапқанынан көріп отырмыз.

Ел экономикасын дамыту нүктелеріне ғалымдардың барынша атсалысу керектігі сұралып отыр. Қазақстандағы саяси жүйені реформалау қоғамды топтастыруға және елді ішкі және сыртқы қауіптерден қорғауға мүмкіндік берді және болашақтағы әлеуметтік-экономикалық қайта құруларға негіз жасады. Мемлекет басшысы еліміздің басты басылымына берген сұхбатында 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге арттыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айрықша атап өтті. Бұл мақсатта инвестицияның ықпалын күрт арттыру және экономиканы «жеделдету» үшін перспективалы жаңа өсу нүктелерін дұрыс анықтау аса маңызды. Бұл үкімет пен ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру, шешім қабылдау процесіне ғылыми сараптаманы енгізу арқылы ғана мүмкін болмақ. Ел экономикасының өсімі елдің бүкіл халқының табысы мен әл-ауқатының артуына әсер етуі үшін ғалымдар инвестициялық ахуалды жақсарту және жоғары экономикалық даму мақсатында құрылған Инвестициялық ортаның жұмысына белсенді қатысуы қажет. Ғалымдардың оған қатысуы инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыруға ықпалын тигізетіні анық. Дамыған елдерде ол ұйымдастырылған жұмыс.

Ғылым, білім Жаңа Қазақстанның бесігі. Ал бәсекелестік дегеніміз – ғалымдардың тың дүние ойлап табуы.

Өткен жылы біздің институт ғалымдары Балқаштағы селен өнімін алуды өндіріске қосты. Еліміздегі кен байыту кәсіпорындары, осы уақытқа дейін шикізат философиясымен өмір сүріп келді.  Институт ғалымдары осы философияға тың өзгеріс енгізіп, ғылымды өндіріске қоса отырып, өндіріс ошағының табысын арттыруға болатынын ойлап тапты. Біз алдағы уақытта қол жеткен табыстарымызды одан әрі дамытатынымызға сенемін.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың прагматизм және өмірге шынайы көзқарас қағидаттарына негізделген еңбек пен өнімді, білім мен шығармашылық ойлаудың күші туралы культін насихаттау керектігі туралы айтқан ойы бүкіл қоғам үшін аса маңызды. Ғалымдар жастарға жаңа тұрпатты  білім беруге, қажетті дағдыларды меңгеруге және озық технологияларды дамытуға ықпал етуі керек. Онсыз ғылыми орта кенжелеп қалады.

Мемлекет басшысы  ғылым өркениетін дамытудың жарқын мысалы ретінде  биыл көрнекті ғалым және қазақ ғылымының белсенді ұйымдастырушысы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевқа 125 толатынын атап өтуінің өзі  бостан-бос емес.   Қаныш Сәтбаев зерттеулері ғылыми салада терең із қалдырып қана қойған жоқ, сонымен қатар ел экономикасының тұтас секторының дамуына өзіндік үлес қосты. Соның арқасында бүгінде Сәтбаев атындағы Ғылыми-зерттеу техникалық университеті  Металлургия және кен байыту институты   қол жеткен  жетістіктерге тоқмейілсімей, ғылыми жұмыстарын одан әрі жетілдіре беретін болады.  Ол  үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер жасалып жатыр.

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ғылыми саладағы заңнаманы жетілдіру, оның ішінде жетекші ғалымдардың тұрақты және лайықты еңбекақысын қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру бойынша бірқатар міндеттер шешімін тауып отыр. Демек, Қазақстан ғалымдары ғылымды қолдауға мемлекеттік шығындардың ұлғаюын барынша қайтарым әкелетін инвестиция ретінде қабылдауы тиіс.

Ғаламдық бәсеке жағдайында біз заманауи технологиялары өркендеген, жасанды интеллект  енгізілген озық елдер мен дамыған  қоғамға қарап бой көрсетуіміз керек.  Осы мақсатта еңбекқорлық, білім-ғылымға құлаш сермеу, прагматизм, кәсіпқойлық, іскерлік, бастамашылық сияқты құндылықтарды тұрақты ұстанған мемлекетке айналуға тиіспіз. Соңғы уақытта гендік инженерия  мен биотехнологиялық жетістіктер нәтижесінде  текке әсер ету арқылы адамның табиғи мазмұны  орасаң зор жетіліп, ойлау қабілеті қазіргіден күшейе түскенін көрсетіп отыр. Осыған сай адамдар енді жасанды интеллектімен бәсекеге түспек. Мұның өзі адам мен қатар ғылымды жетілдіруге алып келетіні айқын. Демек, ХХІ ғасыр адам интеллектісінің даму ғасыры болатынын көрсетіп отыр.

Бағдәулет  КЕНЖАЛИЕВ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,техника ғылымының докторы, профессор. Қаныш Сәтбаев атындағы Ғылыми-зерттеу университеті, Металлургия және кен байыту институтының  Бас директоры.