Жуырда Алакөл ауданында 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа жылда қуанышқа кенелген ағайынның ортасында біз де болдық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында елімізде 7 жыл ішінде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу керектігін атап өткен еді. Осы мақсатта Үшарал қаласында салынған көпқабатты тұрғын үйдің кілті кезегі келген аудан азаматтарына табыс етілді. Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген баспананы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысы негізінде мердігер «Бағалы – Алакөл» ЖШС салған.
Жалпы, аудан көлемінде тұрғын үй кезегінде 4 санат бойынша 1 646 азамат тіркелген. 5 қабатты зәулім баспанаға ие болғандардың басым бөлігі – әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар. Қоныстойдың салтанатты жиынында тұрғын үй кілттерін табыстап, аудан әкімі Алмас Абдинов құттықтау сөз сөйледі.
«Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды баспанамен қамту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда, жыл басында 40 отбасы баспанамен қамтылса, бүгін міне 60 отбасының қуанышына куә болып отырмыз», деді А.Абдинов.
Оның айтуынша, аудан халқының әлеуметтік ахуалын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында биыл тағы да 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматтарына тұрғын үй кезегіне сәйкес арнайы 39 пәтер беру жоспарланған. Отбасыларды тұрғын үймен қолдаудың кешенді моделі әлі де жалғасатын болады.
Облыстың барлық ауданы мен қаласында «Реновация бағдарламасы» бекітілді. Бүгінде аймақта 1 648 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 38-і апатты жағдайда. Осындай үйлерде тұратын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес Текелі қаласында – 6, Ақсу ауданында 3 апатты тұрғын үй бұзылды. Былтыр осындай үйлердің тұрғындары үшін пәтер сатып алуға бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 129 баспана өз иесін тапты. Өткен жылдың 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста 30 153 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары – 13 179, мемлекеттік сектор қызметкерлері – 8 600, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 3 118, көпбалалы аналар – 5 151, мүгедектер мен соғыс ардагерлері – 5. Ал тұрғын үйі апатты деп танылған адамдар саны – 100. Былтыр барлық бағыт бойынша 3 147 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып, оның 1205-і баспаналы болды.
Облыстық бюджеттен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға 303,0 млн теңге қарастырылған. Өткен жылы 38,3 млн теңгеге 31 тұрғын үй сертификаты берілген. Жалдау төлемдері бойынша субсидия алуға 29 800 адам кезекте, оның ішінде төрт санат бойынша 12 221 азамат үміткер. Табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын ең төменгі табысы бар азаматтар саны 3 562 адамды құрайды.
Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді жүзеге асыруға былтыр жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, шарт кестесіне сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ға 400 млн теңге аударылған. Соған сай 200 азаматқа тұрғын үйді жалға алу шарты жасалды.
Облыс бойынша жастарды қолдау мақсатында өңірлік «Жетісу Жастары 0-5-25» бағдарламасы іске асырылуда. Аталған шараларға жергілікті бюджеттен былтыр 400 млн теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде «Отбасы банк» АҚ-на 180 азаматтың тізімі анықталып, 24 азамат тұрғын үймен қамтылды. Сонымен бірге 2024 жылға аталған бағдарламаға 500 млн теңге қарастырылып, қазіргі кезде «Отбасы банк» АҚ несиелік шарт қаралып жатыр.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің жоспары бойынша 321,9 мың шаршы метр тұрғын үйді қолданысқа беру жоспарланған. Оның ішінде 162,1 мың шаршы метр жалгерлік және несиелік тұрғын үй мен жатақхана бюджет қаражаты есебінен, жеке құрылыс салушылар есебінен 22,6 мың шаршы метр, демеушілер есебінен 15,5 мың шаршы метр, жеке тұрғын үй құрылысы есебінен 121,8 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Осы жоспарды орындау үшін облыс бюджетінен 14,9 млрд теңге бөлініп, желтоқсан айындағы жағдай бойынша 9,7 млрд теңге игерілген. Бюджет қаражаты есебінен 237,9 мың шаршы метр 2 810 пәтерден тұратын 281 тұрғын үй құрылысы салынады. Осы ретте Ақсу, Алакөл, Кербұлақ, Көксу, Ескелді, Қаратал, Панфилов аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларында жалпы алаңы 162,1 мың шаршы метр несиелік және жалға берілетін 1922 пәтерден тұратын 57 үй пайдалануға беріледі.
Жетісу облысы