Ала допқа құмар ауыл балаларының қысқы демалыстарын тиімді өткізуіне «Халық» қайырымдылық қоры қол ұшын беріп, демеушілік жасады.
Жаңа жылдың алғашқы аптасында «Ауыл Футбол» жобасы аясында Қарғалы ауылындағы «BAQSY» сауықтыру орталығында 2012 жылы туған балалардан құралған Алматы облысының футбол құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтті.
Құрама мүшелігінде Қарасай ауданына қарасты 9 ауылдың, атап айтқанда Абай, Райымбек, Қырғауылды, Ащыбұлақ, Алмалы, Ақсай, Жамбыл және Жібек жолы ауылы командаларынан іріктелген 15 бала бар.
Табиғат аясындағы жаттығу бағдарламасында күнделікті екі техникалық және тактикалық сабақ, дене шынықтыру, теориялық сабақтар, сонымен қатар бассейнге, кинотеатрға бару және бос уақытта PlayStation ойнау қамтылған. Команданың мүшелері ойын және жаттығу киімдерімен, арнайы спорттық сөмкелермен қамтамасыз етілді. Лагерьде күніне 4 мезгіл ыстық тамақ, 2 мезгіл жеңіл тамақ беріліп, балалардың дұрыс тамақтануына айрықша көңіл бөлінді. Оқу үдерісін кәсіби біліктілігі бар 3 жаттықтырушы жүргізіп, ауыл балаларының футбол ойынын жетік меңгеруіне ықпал етті. Тәулік бойы балалардың қауіпсіздігі қадағаланып, медициналық көмек көрсетуге тиісті жағдай жасалынды.
«Осындай қамқорлыққа ауыл балалары да лайық. Сондықтан біз ең алдымен ауыл балаларын спортпен, оның ішінде футболмен белсенді айналысуға ынталандыруға тырысамыз. Екіншіден, мұндай шаралар ата-аналарды ынталандырады. Қолға алған жұмысымыздың нәтижесін көрген олар балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға белсенді қатысады деп сенеміз. Үшіншіден, талантты, үздік балаларды жігерлендіреді. Бұл команданы ауыл балаларының арасынан іріктеп алдық. Іріктеу ашық әрі әділ өтті. Кәсіби жаттықтырушының пікірін ескердік. Басты қағидамыз да – осы», дейді «Ауыл Футбол» жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.
Оқу-жаттығу жиынына қатысып, тәжірибесі шыңдалған құрама команда алдағы уақытта түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, нәтижелі өнер көрсетеді деген үміт бар. Жалпы, меморандум аясында 2024 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында 2012, 2013 және 2014 жылы туған балалардың қатысуымен 3 оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланып отыр.
Еске салсақ, 2023 жылдың қараша айында «Ауыл Футбол» жобасы мен «Халық» қайырымдылық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған еді. Меморандум аясында республика көлеміндегі ауылдық елді мекендердің 100 балалар футбол командасын қажетті құрал-жабдықтармен қамту, 100 жаттықтырушының UEFA-ның D санаты бойынша біліктілігін көтеру және облыстық турнирлер өткізу жоспарланған.
2020 жылдың басында іске қосылған «Ауыл Футбол» жобасын жүзеге асыру барысында 100-ден аса командаға қолдау көрсетілді, 40-тан аса түрлі деңгейдегі турнирлер, 30-дан аса семинарлар мен тренингтер, жыл сайынғы футбол демалыстары мен фестивальдар өткізіліп келеді. Қатысушы командалар республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын айта кеткен жөн.
Жоба Қазақстан бойынша 50-ден аса команданы және 2 мыңнан аса баланы қамтиды. Сондай-ақ жоба 2024 жылды «Білім жылы» деп жариялады.
Алматы облысы